Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапты қалай оқу керек?

Кітапты қалай оқу керек?

1940 жылы Мортимер Адлер "Кітапты қалай оқу керек" атты еңбек жазды. Кітап 75 жыл бұрын жазылса да, маңызы мен құндылығын еш жоғалтпаған. Назарларыңызға кітаптағы нұсқаулықтардың ықшамдалған мәтінін ұсынамыз.
Кітап оқудың негізгі 4 әдісі бар екен:
1) Бастауыш
Бұл әдіс аты айтып тұрғандай, бастауышсыныпта үйрететін оқу түріне сай келеді. Яғни, сөздердің мағынасын бірінің артынан бірін жалғап оқу және сюжеттік желіге ілесіп отыру. Одан артық ештеңе жоқ. 2) Инспекциялық
Бұл әдіс бойынша оқитын адам тиіп-қашып оқитындай көрінер, бірақ инспекциялық әдіс уақыт тығыз болғанда, көлемді кітаптарды игеру керек болғанда өе тиімді. Әдістің негізгі техникасы былай құрылған: алғашқы беттің басын шолып шығу, кейін соңғы жағына көз жүгірту, беттің ортасындағы сюжеттің құбылмалы тұстарын түйінді сөздер арқылы табу.
3) Аналитикалық
Аналитикалық әдіс бойынша оқырман кітап мәтініне толығымен еніп кетеді, ақырын оқып, өзіне қойып, білмеген сөздерін іздеп, зерттеп отырады. Негізгі мақсат – автор идеясын мейлінше жан-жақты игеру. Бұл әдіс ғылыми еңбектерді, күрделі шығармаларды оқу кезінде пайдаланылады.
4) Зерттеу
Зерттей отырып оқу үшін бір емес, бірнеше кітапті қатар оқу керек. Мұнда акцент автордың бір ойы емес, оқырманның тақырыбына шоғырланған бірнеше авторлардың үзік ойларына қойылады. Аталған әдістердің ішінде кітап оқу үшін аса пайдалы түрлері инспекциялық және аналитикалық оқу әдістері саналады. Осы екеуіне тереңірек тоқталайық. Инспекциялық оқу әдісі Инспекциялық оқу әдісі дүкенде кітап таңдап тұрғанда қажет болады. Керекті кітапты жылдам анықтау үшін немесе өзіңізге қызықты тақырып бар-жоғын тез білу үшін инспекциялық шолу жасалу керек. Бірінші кітап атын оқып, оның мұқабасын шолып өту қажет. Көп адам бірінші кезекте кітап артындағы мазмұнын оқуға кіріседі. Бұл керек те шығар, бірақ кітаптың негізгі идеясын жазушы тақырыпқа сыйдырады. Ал мұқабадағы соған ой тастайтын иллюстрация мен суреттің маңызы зор. Егер жазушының айтпағын осы арқылы түсіне алсаңыз, онда кітаптың айтпағы алғашқы беттерге дейін-ақ түсінікті болады. Егер бұл мүмкін болмаған жағдайда мазмұнын, алғашқы екі бетті, бөлімдердің атын түйсініп көру керек. Ғылыми кітаптарды осы әдіс арқылы меңгеріп алу оңай. Себебі кітаптарда негізгі түйіндер мен қорытынды ойлар көрсетіледі.
Инспекциялық әдістің озық үлгісін қазақтың біртуар қаламгері Асқар Сүлейменов меңгерген. Оның шәкірті Таласбек Әсемқұлов "Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр" эссесіндегі мына үзіндіні қосқанды жөн санап отырмыз: "...Барлығымыз қосылып, «Асқар аға!» деп айқайладық. Біраздан соң Асекең келді. Біз проблеманы айтып, қанша оқысақ та түсіне алмаған бірнеше әңгімені алдына қойдық. Асекең қолына ілінген әңгімені ала салды. Бұл Акутагаваның әйгілі «Батат езбесі» («Бататовая каша») атты шығармасы еді. Асекең әңгімені оқыған жоқ. Тек бірінші бетті қарады, қалғанын немқұрайды парақтап өтті де, соңғы бетке бірнеше секунд қана көз тоқтатты. Болды.
– Бұл жапон миниатюризмінің өлімі жайлы әңгіме, – деді содан соң сәл күрсініп, орындықтың арқалығына шалқайып.
– Түсінбедім, – деді Бренер таңқалып, – Сіз, әңгімені тіпті оқыған да жоқсыз ғой. Таратып айтыңызшы.
– Әңгіменің басында бір самурайдың батат ботқаны жақсы көретіндігі, сүйіп жейтіндігі айтылады ғой, солай ма? – деді Асекең.
– Иә, солай, – дедік барлығымыз қосылып.
– Ал әңгіменің аяғында басқа самурай, оны қонаққа шақырып, алдына бірнеше жүз адам жейтіндей қылып, батат ботқасын тау қылып үйіп қояды. Осыдан кейін бас кейіпкер сол тамақты жек көріп кетеді. Яғни, бұл жапон мінезіндегі не нәрсенің шағын, аз болғанын қалайтын миниатюризмге айтылған мадақ жыр.
Бәрі орын орнына келді. Ештеңе дей алмадық. Асекең екінші әңгімені қолына алды. Бұл жолы алғашқы екі бетке сәл шұқшиды да, содан кейін соңғы бетке бір қарады. Болды. Әңгіменің ұзын-ырғасы. Бір жапондық өнертапқыш сиқырлы деуге болатын электрондық лампа ойлап шығарады. Лампаның өтіне тұрған адамның экрандағы бейнесі мүлдем басқа болып шығады. Мысалы, бір адам кактус, бір адам – қоян болып, ал енді біреуі – акула болып көрінеді. Өнертапқыш, өзінің таңғажайып туындысын алып, циркке барады. Цирктің бастығы көріп, ертең хабарласам дейді. Ертеңіне өнертапқышқа «Надандықты қорғау жөніндегі бүкіләлемдік комитеттің» (осындай да комитет болады екен-ау) президентінің өзі хабарласады. Кеңсесіне шақырады. Сол президент өнертапқыштың лампасын бүкіл патентімен 200 млн. долларға сатып алады. Бұл ақшаны әйеліңіз бен балаларыңыз ала алатындай етіп банкке салыңыз дейді президент. Ойында ештеңе жоқ өнертапқыш ақшаны екіге бөліп әйелі мен балаларының атына салады. Ал енді мына контрактың құрметіне шампан ішейік дейді президент. Әңгіменің аяғында өнертапқыш у қосылған шампаннан өледі. Бәріміз аңтарылып Асекеңе қарап отырмыз. Асекең жымиып күлді. Кейін тағы бір кездескенімізде жылдам оқу техникасы жайында әңгіме болды.
– Осылайша оқуға қалай жеттіңіз? – деп сұраған едім.
– Көп адам сөйлем қуалап оқиды, – деді Асекең.
– Ең өнімсіз тәсіл. Ол бұрынғы әдебиетке жарасатын. Ал қазіргі әлем әдебиетінің структурасы мүлдем басқа, тиісінше ондай әдебиет басқаша оқуды талап етеді. Қысқаша айтқанда, қазіргі текстер сөйлемнен емес – блоктардан тұрады. Орыстар оны «смысловые блоки», «смысловые куски» дейді. Бізше «мағыналық блоктар». Бетіме күмәндана қарап аз-маз отырды.
– Теңеуім сәтсіз шығар, бірақ сәтсіз болса да айтайын, – деді, содан соң, – Мысалы, көп қабатты үйлерді дайын блоктардан құрап шығады емес пе, қазір. Қазіргі әдебиет те солай. Қазіргі романдар жазылмайды – дайындалады. Яғни, қазіргі әдебиетті оқығанда, сол мағыналық блоктарда ненің әңгіме етілетінін қарап қана шығасың. Болды". Аналитикалық оқу әдісі. Кез келген кітап аналитикалық оқуға икемді бола бермейді. Себебі кей кітаптар бір бастаудан таралады, ал кейбірі бірнеше бастауды бірге алып жүріп, бір арнаға тоғыстырады. Екінші түрі дәл осы аналитикалық әдіске сай келеді. Аналитикалық оқуға кіріспес бұрын әуелі инспекциялық әдіспен кітапты бір шолып өтіңіз. Себебі кітаптың қаншалықты көлемді, жан-жақты екенін біліп отыру оны толық меңгеру үшін аса маңызды. Күрделі кітаптың күрделі сәттері жиі кездеседі. Соларға қайта-қайта оралып отыру қажет. Адлер бұл әдістің негізгі қағидасы кітапты үзіп алмай оқу керек дейді. Яғни, түсінбеген сөзді, түсінбеген жерді басқа жақтан іздеп алаңдамау керек. Оған негізгі ойды оқып біткеннен кейін кірісу керек. Аналиткалық оқудың үзілмес бөлшегі – конспект жазып отыру. Өйткені қомақты ақпаратты есте сақтап отыру қиынның қиыны. Күрделі көркем шығарманы оқу кезінде абзацтық жүйемен оқыған жөн. Яғни, бір абзацты оқып болғаннан кейін оның мазмұнын ойша қайталап шығу керек. Қалай болғанда да "кітапқа дейінгі сіз" бен "кітаптан кейінгі сіздің" айырмасы болмаса, ешқандай әдіс керекке жарамайды. Бастысы ой әр кітап адамның ой өрісінің бөлшегіне айнала алса болғаны.
Massaget.kz
30 шілде 2018 ж. 3 357 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930