Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС қызметіне жарна қалай төленеді?

МӘМС қызметіне жарна қалай төленеді?

Биыл елімізде денсаулық сақтау саласының жаңа жүйесі іске қосылды. Осыған орай, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды. Келешекте соның есебінен қазақстандық азаматтардың барлық медициналық шығындары төленуі тиіс. Бұл жөнінде толығырақ білу үшін Қазалы теміржол емханасының меңгерушісі Сейілхан Артықбаевпен жүздескен едік.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімінің
2020 жылдың 1 қаңтарына шегерілуіне байланысты жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібі өзгере ме?
– Жұмыс берушілер үшін мемлекеттік сақтандыру қорына аударатын аударымдар мөлшері өзгермейді: 2018-2019 жылдары 1,5 пайыз, 2020 жылдан бастап – 2 пайыз.
Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері жарнаны осы тәртіп бойынша төлейді.
Жеке тұлғалар – жарна төлеуден 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін босатылады.
Азаматтық-құқықтық келісім шарт негізінде табыс табатын тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендетілді. Олар 2020 жылдан бастап табыстың 1 пайызы, 2021 жылдан бастап 2 пайызы көлемінде жарна береді. 2018-2019 жылдары олардың табысынан жарна ұсталмайды.
Жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өзіне жарна аудармайды. Бірақ қарамағындағы қызметкерлеріне жұмыс беруші ретінде жарна аударуды тоқтатпайды. Атап кетсек, 2018-2019 жылдары 1,5 пайыз, 2020 жылдан бастап – 2 пайыз.
Жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2020 жылы 1 пайыз, 2021 жылдан бастап 2 пайыз ұстап, қор есебіне аударуды қамтамасыз етеді.
Мемлекет жекелеген санаттағы азаматтар үшін жарнаны 2020 жылдан бастап алатын болады. «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» заңның 26 бабы 2,3 тармақтарына сай аударылатын жарна мөлшері оған дейінгі екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4 пайызын құрамақ.
Жоғарыда көрсетілген санаттарға жатпайтын тұлғалар біржолғы ең төменгі жалақының 5 пайызын төлеп, сақтандыру жүйесіне қосыла алады.
– 2017 жылы жеке кәсіпкерлер жарнаны қалай төлейді?
– Жалпы тәртіптегі жеке кәсіпкер – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 30-бабы 6-тармағы бойынша жеке кәсіпкерлер 2017 жылдың шілде-желтоқсан айларына жарна аударады. Жарна келесі айдың 25-інен кешіктірілмей төлеуге міндетті. Яғни, 2017 жылдың желтоқсаны үшін жарнаны 2018 жылдың қаңтарында төлеуге болады. Олар 2018-2019 жылдары жарна төлеуден босатылған.
Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін пайдаланатын жеке кәсіпкерлер де 2017 жылдың шілде-желтоқсан айлары үшін төлем жүргізеді. Жеңілдетілген декларация ҚР салық органдарына салықтық есеп беретін кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен, ал, салықтар есеп беретін кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей өткізіледі. Сондықтан соңғы төлем 2018 жылдың 25 ақпанынан кешіктірмей төленуі тиіс. Себебі, 2018-2019 жылдары жарна төлеуден босатылған.
Сұхбаттасқан,
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.

23 желтоқсан 2017 ж. 2 898 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 42

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930