Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Елу жастан кейін бала сүю мүмкін бе?

Елу жастан кейін бала сүю мүмкін бе?

Соңғы жылдарда жасы қырық, тіптен елуден асқан әйелдердің бала көтеріп, отбасын қуанышқа кенелтіп жатқаны жайында жиі еститін болдық. Оның салдарын кеш бала көтеру, кеш тұрмысқа шығу сияқты себептерімен де байланыстыруға болады. Осы тұрғыда туындаған сұрақтарымызға Алматы қаласы Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) бөлімінің меңгерушісі, гинеколог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Нұржан АЙСАБАЕВА жауап берген еді.
– Нұржан Қырғызбайқызы, соңғы жылдарда елімізде елу жастан кейін бала сүю деректері жиі кездесуде. Бұған белгілі бір жағдайлар себеп болуда ма, әлде мұны әйелдердің батыл қадамы деген дұрыс па?
– Бүгінгі таңда жасы елуден асқан әйелдердің бала сүюі таңғаларлық жағдай емес. Оның нақты себеп-салдары да жоқ. Себебі, біздің қоғамдағы әйелдер іскер, ерікті және білімді деуге негіз көп. Сонау 90-шы жылдарда әйелдердің көп уақыты әлеуметтік жағдайға байланысты табыс табуға кетті. Ал бүгінде елуден асқан әйелдер сол кешегі 90-шы жылдардың ауыртпалығын көргендер. Олар қазіргі заманда қаржылық тұрғыдан тәуелсіз, басым көпшілігі шағын кәсіпкерлікпен, бизнеспен айналысады. Өздерінің денсаулығына, дене күтіміне жағдай жасауына толық мүмкіншіліктері бар. Әрине жағдайын жасап алғаннан кейін бала сүюді армандайды ғой.
– Әйелдердің бала көтеру жасында белгілі бір шектеулер бар ма? Сонымен қатар денеден тыс ұрықтандыру үшін әйелдің жасы қаншада болуы шарт?
– Қазір біз ақпараттар тасқынында өмір сүреміз. Әлемде 50, 60, тіпті 70 жасқа келіп бала сүйіп жатқандар туралы жиі естиміз. Ондай деректер бізде де кездеседі. Медицинамыз қарыштап дамыған сайын репродуктивті технологиялар қатары да көбейіп келеді. Сондықтан да әйелдің бала туу жасына шек қойылмайды. Денсаулығы жақсы болып, жасанды түрде бала көтеруге дайын болса болғаны. Бірақ баланы туғаннан кейін қалай өсіреді? Міне, осы мәселеге баса назар аударған жөн. Егер ананың жасы елуден асқанда да денсаулығы мықты болса нұр үстіне нұр.
– Шетелдік ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша жасанды жолмен бала көтергендер қатерлі ісік ауруына жиі шалдығады деген деректер кездеседі. Бұл қаншалықты негізді?
– Репродукция саласындағы жиырма жылдан астам жұмыс тәжірибемде мұндай жағдайлар тіркелген жоқ. Елу жастағы әйелдер донор жасушалары арқылы жасанды жолмен ұрықтандыру қызметіне жүгінуде. Әрине елу жасқа келген әйелдің бала көтеру қабілеті төмендеп, аналық безінің жұмысы бәсеңдеуі табиғи заңдылық. Алайда ДТҰ барысында гормондарды белсендіретін дәрі-дәрмектер беріледі. Алайда мұндай жағдайлардың салдарынан қатерлі ісікке шалдығады деу негізсіз. Әрі гормондар да белгілі бір мерзімге дейін тағайындалады.
– Елу жастан кейінгі жүктілікте баланың денсаулығында, туғаннан кейінгі кезеңде қандай да бір қиындықтар кездесе ме?
– Жасанды ұрықтандыру барысында дені сау баланың өмірге келу көрсеткіші жоғары. Себебі, біз донордың аналық безін аламыз. Егер жасы 45-50-ден асқан әйел өзінің аналық ұрығын пайдаланғысы келсе, онда жатырға салардан бұрын генетикалық зерттеу жасалады. Көп жағдайда генетикалық зерттеулерден өткен донорлармен ғана жұмыс істейміз.
– Денеден тыс ұрықтандыру барысында қайғылы жағдайлар орын алуы мүмкін бе?
– Қазақстанда ондай деректер тіркелген жоқ. Жасанды жолмен бала көтергісі келетіндер аса дайындықпен келеді әрі мамандардың айтқанын бұлжытпай орындайды. Дәрілерін уақытында ішеді. Жасанды ұрықтандыру кезеңінде әйелдердің жүктілігі әртүрлі болып келеді. Олар мамандар тарапынан арнайы бақылауға алынады.
– Бедеулік ұзақ уақыт емделеді және оны емдеу үшін білікті мамандар қажет. Сондықтан да денсаулық сақтау мекемелері бедеулікті ұзақ уақыт емдегеннен гөрі бірден ДТҰ жібергенді тиімді санайтын тәрізді. Сонымен қатар қомақты қаржыны талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда көпшілік жасанды жолмен бала көтеру мәселесіне табыс көзі ретінде қарайтын сияқты...
– Табыс түсетін саланың барлығы бизнес деп аталатын шығар. Алайда бедеуліктің көптеген түрлері емделеді. Бедеуліктің түрлері әртүрлі болады. Осы тұста ДТҰ қалай пайда болды деген заңды сауал туындайды. Мысалы, бала сүйе алмайтын отбасында әйел адамның жатыр түтікшесі бітелген немесе мүлде болмауы мүмкін. Бұл нағыз бедеулік. Яғни, әйел адамның басқа жолмен бала сүйе алмайтыны анық. Міне, осы себептерге байланысты ДТҰ тәжірибеге енді. Бірте-бірте оның қызметіне жүгінушілер көбейе бастады. Осы тұста ерлердің де белсіздігін айтпай кетуге болмайды. Бедеулікті емдеу барысында мамандар бірден денеден тыс ұрықтандыруға жүгінбейді. Өйткені, бұл үдеріс жүз пайыз жүктілікке апармайды. Сондықтан да әйелді жан-жақты емдеу керек. Бізде алғашқы баласын ДТҰ арқылы, кейінгі балаларын өздігінен көтерген әйелдер көп. Кей жағдайда ДТҰ нәтижесіз болады да, күшті дәрі-дәрмектермен ем алғаннан кейін өзі бала көтеретін жағдайлар да кездеседі.
– ДТҰ барысында биоматериалдарды шатастырып алу жағдайлары кездесуі мүмкін бе?
– Жоқ. Ондай жағдай кездеспейді деп сеніммен айта аламын. Өйткені, әрбір биоматериал маркіленіп, қол қойылып, қажетті құжаттармен нақтыланады. Балалар немесе ата-аналар кез келген уақытта өзінің әкелігін, анасы екендігін растау үшін өтініш жасауы мүмкін. Сондықтан да оған жол берілмейді.
– Бүгінде ДТҰ мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлініп келеді. Осыған тоқталып өтсеңіз.
– Мемлекеттік тұрғыдан денеден тыс ұрықтандыру мәселесі жолға қойылған. 2010 жылдан бастап бала сүйгісі келетін отбасыларға арнайы квота бөлініп келеді. Бастапқыда ол жүз, кейіннен үш жүз, былтырғы және биылғы жылдары мемлекет тарапынан ДТҰ бағдарламасына 900 квота бөлінді. Квота еліміз аймақтарына жергілікті денсаулық сақтау басқармаларының сұранысы бойынша бөлінеді. ДТҰ жоғары технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, арнайы дәрі-дәрмектер арқылы бедеулікті емдеудің бір жолы. Мысалы, денсаулықты сақтаудың басқа салаларында, мысалы, дәрігерлер донорлық ағзалар, күрделі операциялар арқылы адамзат өмірін сақтап қалуда. ДТҰ мәселесіне діни тұрғыдан қарайтын болсақ, бұған да адам денсаулығын жақсартудың бір саласы, перзентсіз жүрген отбасыларға қуаныш сыйлаудың жолы ретінде көңіл бөлген жөн.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
02 шілде 2018 ж. 1 406 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930