Қытайдан жеткізілген қауіпті ойыншықтар анықталды
Шығыс Қазақстан облысында Қытайда шығарылған өте қауіпті балалар ойыншықтары табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті таратқан мәліметке сәйкес, ойыншықтардың құрамынан нормадан екі есе көп ацетон мен изобутил спирті табылған.
Нарыққа балалардың денсаулығына қауіпті әрі сапасыз балалар ойыншықтардың түсу себебі жеткізушілердің өз міндеттемелерін орындамауы болып отыр.
«Қытайда шығарылған ойыншықтарда қажетті сертификат құжаттар мен рұқсаттары, сәйкесінше таңбалауы бола бермейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті ата-аналардан ойыншық сатып алу барысында таңбалануына, шығарушы туралы ақпаратқа, тауардың тұтынушылық сипаттамасына, өнім шығарылған материал құрамына және аталған ойыншықтың қандай жастағы балаларға арналғанына назар аударуды сұрайды»,- делінген комитет ақпаратында.
Сонымен қатар, ойыншықтарды сатып алу барысында, иісіне, өңделмеген өткір қырларының болуына және өзге де кемшіліктеріне назар аударған жөн. Ал жұмсақ ойыншықтардың тігінділері мен ұсақ-түйек беріктігін тексеру қажет.
Жалпы, кез келген тұтынушы сатушыдан кез келген тауар түрінің қауіпсіздігін дәлелдейтін сертификатын сұрауға құқылы.