Мұқағали мәңгілік жүректерде...
Жан жарасын талайлардың емдеген.
Мөрі болған жиырмасыншы ғасырдың
Мұқағали сынды ақындар кемде-кем.
Кеше 9 ақпан – ақиық ақын Мұғағали Мақатаевтың туған күні. Ақын егер көзі тірі болғанда 93 жасқа толар еді. Алайда ақын ғұмыры қысқа болды. Небәрі 45 жас жасаған ақын артына баға жетпес мұра қалдырды. Бүгінде Мұқағалидың даңқы қазақ аспанынан асып, әлемді шарлады. Оның өлеңдерін жатқа білмейтін қазақ жоқ. Ал өлеңдеріне ән жазбаған композитор кемде-кем. Мұқағали бүкіл жүректе ән болып қалықтап, жыр болып төгілді.
М.Мақатаевтың замандас-достары ақынның поэзиясын жоғары бағалаған. Солардың бірі – лирик ақын Тұманбай Молдағалиев: «Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздарының арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың – ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз», – дейді ақын жайлы өз естелігінде. Осындай поэзия патшалығындағы ең сәулелі жұлдыз саналған һәм алты Алаштың баласы ардақ тұтқан мұзбалақ ақынға арналған сазды кеш ауданымыздағы іргелі оқу ордасының бірі – Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде болып өтті.
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде кітапханашысының ұйымдастыруымен ақиық ақынның туған күніне орай «Мен, сірә, өлмейтін шығармын» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Шараға 1-3 курс студенттері қатысып, ақын рухына тағзым етті. Мадияр Жаңаберген, Насихат Сырлыбаева, Әділет Жаңаберген, Назерке Серікхан, Ислам Есқара, Нұрай Бекбергенқызы сынды 1-курс студенттері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Жұмабекова Аяулым өзінің әсем дауысымен ақынның «Бақыт деген», «Есіңе мені алғайсың» әндерін әуелете шырқады. 22-2 топ студенті Ақниет Кеңесбай ақиық ақынға арнаған төл туындысын көрерменге тарту етті. Домбыраны жанына серік еткен 23-1 топ студенттері Рауан Менлаев пен Ерімбет Теңізбай «Тойбастар», «Ақсақ киік» күйлерін шебер орындады. Мың бұрала билеген биші қыздарымыз да қазақ биімен кештің көркін келтірді.
Әдеби-сазды кешімізге құрметті қонақ ретінде шақырылған №16 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, М.Мақатаев мұрасының жанашыры, білікті ұстаз Гүлбарам Жауғашарова сахна төріне шығып, ақынның өлеңдерінен үзінді оқыды. Сондай-ақ қонақкәде ретінде №16 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Ақдидар Өмірбек әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шараны қорытындылаған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Баекеева Шәрбану Толыбайқызы Мұқағалидың өлеңін оқып, ақынның шығармашылығының мәнді де мазмұнды екендігін тілге тиек етті. Аталған шараға қатысып, өз өнерлерін көрсеткен барша студенттерге колледж директоры А.Мусаевтың Алғыс хатын табыс етті. Кешіміздің соңы Бердібай Назарбектің «Қазақ жастары» әнімен қорытындыланды.
Өлең барда шырқатып мен жазамын,
Ұрпағымын мен мына кең даламның.
Мұқағали секілді бәйтеректі
Алып кеткен ажалға таң қаламын- деген өлең жолдары арқылы ақын өлеңі мәңгілік жүректерде сақталатыны анық. Себебі, Мұқағали – мәңгілік өмір, мәңгілік сағыныш.
Алтынгүл САНСЫЗБАЙ,
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің кітапханашысы