Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Семіздік дерт пе?

Семіздік дерт пе?



ФОТО
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті ХХІ ғасырдың инфекциялық емес эпидемиясы деп санауда. Соңғы жылдары әлемнің 1,7 миллиард халқы артық салмақтан зардап шегіп отырғанын жариялаған. Бұған қоса 250 миллион адам семіздік салдарынан пайда болатын түрлі ауруға шалдыққаны туралы мәлімет таратқан.

Денсаулық тұрғысынан алғанда бізде де хәл мүшкіл. Қазақстан бариатрикалық және метаболикалық хирургтар қоғамының президенті, жоғары санатты хирург-дәрігер Орал Оспановтың айтуынша, Қазақстан халқының жартысынан көбі артық салмақ пен семіздіктен зардап шегуде. Аурудың осы түрі індетке айналып барады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті аурулардың халықаралық жіктемесінде жеке шифрмен белгіледі. Адам денсаулығына кері әсер ететін ауру деп көрсеткен. Біздің елде жыл сайын шамамен 4 мың бариатриялық операция жүзеге асырылады. Ал Швеция халқының саны бізден 2 есе аз болса да, онда жылына 8 мың бариатриалық операция жасалады. Шындығында Қазақстанда семіздік ауруына тиісінше назар аударылып отырған жоқ. Бұлай жалғаса беретін болса, түбі жақсылыққа апармайтынын алға тартады мамандар.
Жаңа бағыт – асқазанға құрсау кигізу
Бүгінде жасың да, жасамысың да артық салмақ мәселесімен бетпе-бет келуде. Ресми дереккөз бойынша халықтың төрттен бірінде семіздік белгісі бар. Тағы төрттен бір бөлігі артық салмақ қосып алған. Салдарынан ел азаматтарының бойында жүрек, буын, бедеулік, екінші типтегі қант диабеті және бауыр ауруы асқынып кеткен.
Денедегі майдан құтылуға көмектесетін "сиқырлы" дәрі мен тиімді диета әлі табылған жоқ. Мұндай ойымен Испанияның семіздік және метаболикалық ауытқулар хирургиясы (SECO) қоғамының негізін қалаушы Жоан Пужоль Рафолс бөліскен болатын. Адамдардың артық салмақ жинауының ортақ себебі жоқ. Бірақ маман майдың негізінен, көп қимылдамау, спортпен шұғылданбау және дұрыс тамақтанбау кесірінен жиналатынын айтады. Оған генетикалық бейімділігі де әсер етеді. "Кейбір адамдар өзгелерге қарағанда, артық салмақ жинауға бейім болады. Мәселен, азиялықтармен салыстырғанда еуропалықтардың салмағы көп. Біз денедегі майдан оп-оңай құтылудың жолы жоқ екенін ескеруіміз керек. Ондай дәрі шыққан жоқ. Әлі ұзақ жылдар бойы шықпайды деп ойлаймын. Қазіргі кезде артық салмақтан құтылудың ең тиімді жолы – хирургиялық тәсіл", – дейді маман.
Тәжірибеде бұл кей кезде психологиялық, дәрілік және диетологиялық емдеумен шешілмейді. Өкініштісі, қарапайым адамдармен қатар кейбір дәрігер семіздіктің ушыққан түрін фитнес те шешпейтінін түсінбейді деген тұжырымын келтіреді хирург-дәрігер Орал Оспанов.
Метаболиялық синдромды, семіздіктің асқынған түрін бариатриалық операция арқылы ғана жеңуге болады. Әсілінде бариатриялық хирургия немесе бариатрия хирургияның семіздікті емдейтін саласы. Мәселен, арықтау үшін қолданылатын түрлі әдіс: диета және медикаментті емдеу түрлері, липосакция – денедегі артық майды сылу, абдоминопластика – денедегі артық терілерді алу бариатриялық хирургияға жатпайды.
Артық салмақ пен семіздіктен арылуды хирургиялық жолмен емдеу халықаралық бариатриялық хирургтар мен эндокринологтардың нұсқаулығы бойынша орындалады. Бариатриялық операция асқазанға құрсау кигізу, асқазанды, өт және ұйқы бездерін тұйықтау арқылы жүзеге асырылады.
Баритария отандық медицинадағы жаңа бағыт саналады. Нақтылағанда, бариатрия – патологиялық семіздікті және екінші типті қант диабетін, сондай-ақ артық салмаққа байланысты туындаған проблемаларды хирургиялық жолмен емдеу болып табылады.
– Бариатриялық операция кезінде асқазанның көлемі кішірейтіледі. Операция тесу тәсілі арқылы жасалады және ағзаның бірде-бір мүшесі кесілмейді. Бұл операция адам бойында тамаққа тез тою сезімін қалыптастырады. Ота жасалған күні науқас аяғына тұрады. Су іше алады. Үйіне 4 күннен кейін барады, – дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Орал Оспанов.
Оның мәлімдеуінше, артық салмақ пен семіздіктен зардап шегіп жүрген науқастарға жасы ұлғайған сайын мүгедектікке ұшырау қаупі төнеді. Сондықтан семіздіктен құтылудың ең тиімді жолы – бариатриялық хирургия. Операцияның бұл түрі семіздіктен құтқарып қана қоймай, артық салмақтың кесірінен адам бойында пайда болатын ілеспе ауруларды тоқтатады. Ең бастысы, бариатриялық операцияның әсері ешқашан жойылып кетпейді. Бұған қоса операцияның осы түрінен кейін ас ішуде қатаң режим сақтаудың қажеті жоқ.
Арықтауға арналған ас
Қазір мобильділік басым уақытта заман ағымына байланысты туындаған мамандықтар саны артуда. Соның қатарына диетолог-нутрициологтар қосылды. Осы күні олар жаппай етек алып бара жатқан салмақтылар санын азайтуға септігін тигізбек. Медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Абдулдаева дұрыс тамақтану тәртібін терең зерделеп жүрген мамандар қатарында.
– Осы күні балалардың басым көпшілігі фастфуд тағамдарына әуес және газды тәтті сусындарды күнделікті қолданады. Бұл жас ағзаға кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан түрлі ауруға шалдыққан жасөспірімдер қатары көбеюде. Бұның барлығы дұрыс тамақтанбаудың кесірі. Сөйте келе "Артық салмақты қалай жинадым?" деген ойға түседі. Сондықтан бала ертеңін ойлаған әр ата-ана балаларын дұрыс тамақтандыруға күш салуы керек. Ол үшін тамақ рационын, тамақтану тәртібі мен ережесін сақтау қажет. Адамның денсаулығы салауатты тамақтануға көп байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, шамамен сырқаттың 80 проценттен астамы дұрыс тамақтанбаудан болады, – дейді Айгүл Абдулдаева.
Маманның кеңесінше, адамның күнделікті тұтынатын асында белок, май, көмірсу сынды қоректік заттар, микроэлементтер мен дәрумендер жеткілікті мөлшерде болуы қажет. Мүмкіндік болса, тағамды белгілі бір уақытта қабылдау керек. Бұл астың сіңірілуін жақсартып, адам денсаулығына игі әсер етеді. Ал ретсіз, кеш және шамадан тыс көп ішілген тағам асқазан-ішек жолдарына салмақ түсіріп, тамаққа тәуелді сырқаттардың асқынуына әкеліп соғады.
Артық салмақ, артық жүк
Медицина саласының майталмандары семіз­дікке шалдыққан адамдардың тыныс алу жолдары тез зақымданады дегенді ескеруде. Салдарынан адамдардың бойында "Пиквик синдромы" пайда болады. Осының кесірінен науқас сәл қозғалса демігетін болады. Мұндай адамдардың өмірін сақтап қалу үшін оларға шұғыл түрде бариатриялық операция жасау керек. Бұрын адамдар салмақтың жеткіліксіздігінен зардап шексе, қазір артық салмақ пен семіздік басты мәселеге айналды.
– Дүниежүзі бойынша семіздік өлім-жітімге апаратын түрлі себептің бестігіне еніп тұр. Жыл сайын аурудың осы түрінен 2,8 миллион ересек адам көз жұмады. Адамдар артық салмақпен және семіздікпен қазірден бастап күреспейтін болса, 2035 жылға қарай осының салдарынан болатын ісік ауруларының көрсеткіші 45%- ке көбеюі ықтимал, – дейді еуропалық хирург, медицина ғылымының докторы Алмантас Малецкас.
Ол Швеция, Франция, Испания, БАӘ елдерінде бариатриялық операция жасап жүрген өз ісінің майталманы. Тәжірибелі дәрігердің айтуынша, қоғам тез дайындалатын тағамнан бас тартпайынша семіздіктен құтылмайды. Сондықтан адамдар тамақтану мәдениетін ретке келтіруі тиіс. Фастфудқа бой үйреткендер не артық салмақ жинайды, не семіздікке ұрынады екен.
Ал бұл күні ешқандай ота үстеліне жатпай, тек ағзаға зиянсыз, қайта қалыпқа келтіретін биологиялық белсенді қоспаларды пайдалану арқылы 30-60 келі аралықтағы үлкен салмақты тастағандар қатары аз емес. Соның бірі – Қайсар Жанперде (аты-жөні өзгертілген) 4 айда 60 келіден арылған.
– Басында салмағым 130 келі болды. Жиырма жылдыққа дайындалып жүрдік. Ұйымдастырушылар арасында белсенділердің бірі болдым. Қаншама жылдан соң жан-жақтан келген қатарластарыммен кездескенде бұлай жүргенім болмас деп шештім. Бірден салмақ тастаймын деп алдыма мақсат қойдым. Содан құрамында 20 түрлі дәрумені бар протеинді коктейль мен асқазан, ішек жолдарын тазартатын әрі күш беретін сусынын қоса іштім. Әуелгіде қиынға соқты. Себебі тамақ жеуді мүлдем қойдым. Бірақ фирмалық өнімді уақытылы қолданғанның арқасында қарным ашпады, әлсіреп, шаршамадым да. Қайта салмақ тастаған сайын өзімді жеңіл сезіндім. Қосымша үйде жаз бойы ремонт жасап, көп қозғалып, қимылдаудың да көмегі тиді. Бір таңқалғаным, менің сан алуан ауруым бар еді. Сол семіздіктің әсері ғой. Қан қысымым көтерілетін, асқазан ауыратын, 7 жыл бойы зобпен емделетінмін. Салмақтан арылған соң құлан таза айықтым, – дейді нәпсісін тыя білген жігіт.
Қайсар салмақтан арыла алмай жүргендерге хирургиялық жолды таңдамауға кеңес берді. Оның пайымынша, қай кезде де тамаққа тежеу қоюға болады. Ал асқазанды тарылтып, кейін ауқат мүлдем өңештен өтпей қалса қайтеді деген уәжін жеткізді. Сондай-ақ түрлі арықтататын дәрілерге жоламауды әдетке айналдыру тиістігін білдірді.
Бұдан түйер ой – саламатты өмір салтынан қол үзбей, дене қимылын көбейту қажет. Сонымен бірге құнарлы ас қабылдап, өз мөлшерін ұстанған абзал.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
10 ақпан 2024 ж. 462 0

Мен өмірді қалаймын

12 қараша 2024 ж. 68

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930