Берекелі шаңырақ
Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Оның басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Қазір қарап отырсаңыз, көп жағдайда отбасы құндылықтарын насихаттап, ата-ана мен бала арасында ізгі қарым-қатынастың орнауына ықпал ету кеміп бара жатқандай.
«Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Ата-ананың бір біріне қарым қатынасы, жүріс тұрысы, сөйлеу мәдениеті барлық іс-қимылдары баланың бойына тәрбие болып қалыптасады. «Күн сайын ертеден кешке дейін, отбасында ата-ана, ағайындары тарапынан бала алдында мінез-құлықтың сан алуан үлгілері өтіп жатады. Осының барлығын жас бала бойына сіңіріп өседі. Ал баланың қоғамға, айналасындағыларға қарым-қатынасының қалыптасуы, туған-туыстарына деген қатынасынан байқалады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ата-бабамыздан қалған асыл сөз текке айтылмаған. Бала тәрбиесі-ортақ іс.– Баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын деген мақсатта балаларды ата-дәстүр салтымен, рухы асқақ азамат, ибалы да инбатты қыз етіп тәрбиелеуге мән береміз. Жалпы біздің елде жанұяға маңызды орын берілген. Себебі адамзат пен мәдени құндылықтардың бұлжымас ұясы отбасы саналады. Отан – ортақ үйіміз. Ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп, береке-бірлігін ұйыта ұстау – басты міндетіміз. Отбасымызда ұлдарымыз ержетіп, қалаған мамандықтары бойынша білім алды. Аллаға шүкір, балаларымнан тараған немерелерім мен шөберелерім баршылық. Оларды жастайынан еңбекке баулудамыз. Бәрі де әркез үй мен аула шаруасында қолғабыс беруден аянып қалмайды. Мектеп қабырғасында сабақ үлгерімдері де өте жақсы барлық іс-шаралардан қалыс қалмай, бізді қуантып келеді, – деді ағынан жарылған Шынар Қожақова.
Бекарыстанбилік Шынар Мұғырқызы ерекше жан. Құдай қосқан жары Төребай ағамен бірге 9 баланы тәрбиелеп өсірген. Бүгінде Болат, Қуат, Талғат, Айнұр, Айша, Гүлнар, Самал, Даража мен Лағыл есімді ұл-қыздарын ақжарқын көңілмен демеп отырады. Шынар апа өмірдің қиындығына төзіп, көпті көңіліне түйген ана. Ауылдастарының арасында сыйлы. Саусағынан өнері тамған шебер жанның мінезі де жайлы. Күйбең тірліктегі барлық ауыртпалықты еңбекпен әрі ақылмен еңсереді. Содан да болар шаңырақта бір емес, екі келін ұстап отыр.
– Қолымдағы Болатымның 5 баласы бар. Келінім Айзада жанымда үй шаруасына көмектеседі. Біз отағасы Төребай екеуміз 20 жылдай ауыл шаруашылығына араласып, егін ектік. Бақшалықпен айналыстық. Бірге иық тірісе, үкіметтің бар жұмысын істедік. Жасымда екі ененің тәрбиесін көрдім. Ақыл-кеңесін санаға сіңірдім. Жас болған соң қателік жасаған тұстарым да болған шығар. Қазір соларды ой елегінен өткізіп, шаңырақтағы екі келініме дарытып отырмын. Жуырда немере келінді болдым. Ауламызда 20 сотық жеріміз бар. Көктем басталғаннан сонда қияр, картоп пен жеміс-жидектер егеміз. Оны жаз бойы баптап қараймыз. Піскен уақытында базарға апарып, саудалаймыз. Көшеттер мен тұқымдарды да сатуға шығарамын. Қалайда ұл-қыздарым мен немерелеріме қолдауды беріп тұруымды үзбеймін, – дейді кейуана.
Бәйтеректей тамыры тереңге жайылған өнегелі отбасын басқарып отырған анадан осыншама әулеттің басын біріктіріп отырудың сырын сұрағанымызда:
– Қай келініме де табалдырық аттап келгенінде өзге жерден келген жас ретінде қараймын. Оның да білмейтін тұстары болады. Оған көз жұма қараймын. Өз ыңғайыма қарай тәрбиелей бастаймын. Бірақ бәрін еңбекке баулимын. Шаруамен алаңдаған адамның ұрысқа да, әңгімеге де шамасы болмайды. Қариямыз демей, біз де балалармен бірге бау-бақшаға білек сыбана кірісеміз. Күзде жемісін көреміз. Азын-аулақ қаражат болады. Ұлым Болаттың өз шаруа қожалығы бар. Жылқы өсіреді. Өзіміз де аулада түйеден басқасын ұстаймыз. Сондықтан дастарханнан табиғи таза өнімдер үзілмейді, – дейді Шынар Қожақова.
Көпбалалы кейуананың шеберлігі де бөлек әңгіме. Оның айтуынша, бала кезінде анасынан ерте айрылғандықтан әжесі Айшаның тәрбиесін алған. Соның жанында жүріп, қолөнерге бет бұрған. Көп біліп, үйренуді қалаған. Соның нәтижесінде алаша тоқу, киіз басу, жүн түтіп, иіруді меңгерген. Жүннен тоқыма бұйымдарын тоқу келеді. Тігіншілікті де бір кісідей үйренген. Барлық қыздарының жасауын өзі әзірлеген. Қолы қалт еткенде құрақ көрпелер мен киім пішіп тігуді үрдіске айналдырып келеді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА