Есірткіден алыс отбасы
Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Отбасы бала үшін ыстық ұя, арқа сүйейтін тірегі дер едім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, балалардың өсіп-жетілуіне отбасының ықпалы өте зор.
Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:
Отбасы – шағын мемлекет,
Мен – президент, сен-премьер…
Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет іспеттес. Әр мемлекеттің өзіндік басқару тәртібі, міндеттік бөліністері, қалыптасқан қағидалары болады. Біздің отбасымызда да бұлжытпай орындалатын белгілі қағидалар бар. Оны кішкентайынан балаларымыздың құлағына құйып отырамыз. Бұлар- дастарқан басына әкесінен бұрын отырып, тамақ бастамау, қандай да бір жұмыс тапсырылса, аяғына дейін бітіру, үлкендердің сөзіне араласпау, бір-біріне қамқор болу, жаман әдеттерден (темекі тарту, ішімдік ішу, сияқты) аулақ болу т.б. Егер балалар бір жерге баратын болса, міндетті түрде әкесінің рұқсатын алуы керек. Отбасымызда орнаған береке мен бірліктің,сыйластықтың түп негізі осы тәрбиеде жатыр деп ойлаймын.
Біз Алмағанбетовтар отбасы осы сайысқа қатысудағы негізгі мақсатымыз – «Берік отбасы – есірткіден алыс!» деген ұранды нық ұстанып, ержетіп келе жатқан ұлдарымызға үлгі-өнеге көрсету.
Есірткіге тәуелділік отбасы құндылығын бұзып, қаншама жанұяның шаңырағын ойрандап жатқанын айналамыздан естіп, көріп жүрміз. Оның зиянын біле тұрып, өз нәпсісін тыюға дәрмені жетпейтін жастар жыл санап көбеюде. Бастапқыда қызық көріп, бір-біріне еліктеп, дәмін татып, бірте-бірте есірткінің құлына айналғанын білмей қалатын дәрежеге жетеді.Содан кейін ыстық лебімен өзіне тартып, жалмап алатын «аждаһадан» құтылу мүмкін емес. Бұған кінәлі кім? Ата-ана ма, заман ба, әлде қоғам ба?.. Әрине, қай ата-ана балам жаман болсын дейді? Дегенмен, осындай сансыз сұрақтардың шешімін іздегенде, тағы да отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі. «Ел болам десең,бесігіңді түзе» деген бабаларымыздың керемет сөзі - тәрбие бастауы сонау бесікте жатқаннан басталатынының дәлелі. Ендеше, ұрпағымызды азғындататын осындай жаман әдеттерден қашық болуы үшін ел болып күресуіміз орынды деп ойлаймын. Осы орайда жыл сайын полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген түрлі іс-шаралардың ықпалы ерекше екенін атап өткім келеді. Салауатты өмір салтын ұстанатын үлгілі отбасыларды дәріптеп, көпшілікке өнеге ретінде жариялап отырса, отбасылар әлеуетін арттырары сөзсіз.
Ойымды қорытындылай келе , еліміздің ертеңі нұрлы болсын десек, ел болып болашағымызды, ұлттық қасиетімізді, ең бастысы отбасымызды жоғалтып алмас үшін есірткі , ішімдік секілді жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстауға шақырамын. Есірткісіз болашағымыздың жарқын болатынын ұрпағымыздың санасына сіңіре білейік!
Алмағанбетовтар отбасы, Қазалы ауданы.
#ҚЗОПДЕҚҚІҚБ байқауына