Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы – қоғамның діңгегі

Отбасы – қоғамның діңгегі

Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күннің талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Қуатты мемлекет құру ықылымнан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол жолда ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмаймыз. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге, жерге, тілге, дінге деген құрмет жатыр. Оны бала бойына қалай дарытамыз?

Амангелді ДІНАХМЕТОВ, ардагер:
– Тұлға отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді. Басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады. Өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Сондықтан отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Оның адамзатқа деген ықпалын өмірдегі басқа нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.
Қазір әлемдік жаһандану үдерісі мәдениетке, дәстүрлі ұлттық құндылықтарға тигізетін кері ықпалы күшейді. Қоғамда осындай үдерістердің үдеуі салдарынан жастар жат елдің мәдениетіне еліктеуде. Сан ғасырлық ата дәстүр, ұлттық құндылықтар ұмытылып барады. Осыған орай жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды бағалауға, оларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі.

Айгүл ЖҰБАНАЗАРОВА, педагог психолог:
– «Жақсылық жақсы атаның баласынан тарайды» дейді. Отбасы тәрбиесінің мәселелерi көптеген педагогикалық зерттеулерде қарастырылған.
«Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Халық даналығына сүйенсек, отбасының екі тірегі – әке мен ана. Адамды әлеуметтендіру, яғни оның қоғамға енуі, өзгелермен қарым-қатынасы үйдегі тәрбиеден бастау алады. Үлкенді құрметтеп, қадір тұтуды, сыйласа білуді қазақтар берік ұстанған. Мұны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан нақыл сөздердің өзінен-ақ байқауға болады.
Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі, оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. Сол себепті де өз заманының ойшылы әл-Фараби «Тәрбиесіз берген білім қауіпті» деген.
Халқымыздың ұлы ақыны хакім Абай баланың өмірді танып-білуіне, оның бойында қалыптасар барлық қасиеттеріне жауапты ата-ана екендігін айтып кеткен. «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Балаға үш алуан адамнан мінез жұғады. Ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Солардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. Осы үшеуінен жас өскіннің болашағы шешілетінін ескерткен.
Бала өз өмірінің жалғасы болғандықтан, халқымыз оның тәрбиесіне баса назар аударып, өзінде бар барлық асыл сөз, даналық ойларын балаға арнап, ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесімен ізгі қасиеттерін, балаларының бойына сіңіруге тырысқан. Сондай-ақ «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» – деп Мұхтар Әуезов атамыздың айтқаны бар. Күнделікті өмірден өзіміз көріп, біліп жүргеніміздей, баланың тәлім-тәрбиесі көп жағдайларда отбасының тәлім-тәрбиесімен тікелей байланысты болатындығын баршамыз жақсы білеміз. Сонымен қатар қазақ ұлтының ұрпақ тәрбиелеуде өзге ұлттардан айрықша, өзіндік ұстаным қағидалары болған.

Эльмира ШӘМЕТ, кітапханашы:
– Имандылық – бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Сондықтан да тәрбиені діннен бөлік алып қарауға әсте болмайды. Бақыт та, байлық та, береке де, бірлік те иманда. Имандылық әрдайым адамгершілікке жетелейді. Қазақта «Бала қымбат болса, оның тәрбиесі онан да қымбат» деген нақыл сөз бар. Бала тәрбиелеуде өзіндік тәжірибесі бар, жат әрекеттерден әрдайым аулақ жүретін ата-аналардың отбасында тәрбиеленген балалар көркем мінезді, иманды, ибалы, инабатты, өз қатарластарына үлгі-өнеге боларлықтай болатындығын бүгінгі өмір дәлелдеп отыр.
Сондай-ақ бала тәрбиесінде «Бабалар сөзінің» алар орны өте ерекше. Бабалар сөзі кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра болып қалған ұлы тәрбие құралы. Ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие берерліктей өсиет сөздер бар. Осындай салмақты ойларды халқымыз өткен ғасырлардан бүгінге дейін жеткізіп, оларды әрдайым ұрпақ санасына сіңіріп келген. Жастайынан осындай ұлағатты сөздерге қанық әрі оны зердесіне сіңіріп өскен баланың тәлім-тәрбиесі де, ой өресінің ұшқырлығы да, тіпті сөйлеген сөзінің мәнері де, қатарластарына қарағанда әлдеқайда артық болатындығы аңғарылып тұрады десек қателеспейміз. Сондықтан да осындай қанатты сөздердің мәні мен мағынасын балаға түсіндіріп, әрдайым оның санасына құйып отыруды ұмытпаған жөн.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
01 қараша 2022 ж. 676 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031