Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Техникалық байқау талапқа сай ма

Техникалық байқау талапқа сай ма

Көлікті техникалық байқаудан өткізу – әуелі жүргізушінің өз қауіпсіздігі үшін керек дүние. Әйтсе де сақтыққа салғырт қарайтындар қатары жиілеп барады. Тіпті өміріне келетін қауіпті елеместен көлікті тексеруден өткізуден қашатындар да көбейген. Көне көліктен кемістік табылады деп қорқатындардың арасында айласын асырып, заңды айналып өтіп жатқандары да бар. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерден соң, көпшіліктің көкейінде түрлі күдіктің ұялауы да заңдылық. Тіпті «Техникалық байқау талапқа бағынбай ма?» деген ойлар да санада қылаң береді екен.

Арамза жүйе алдағыш келеді
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәлімдемесіне мән берсек, былтырғы жылдың 10 айында ғана 3 мыңнан астам диагностикалық картаның күші жойылыпты. Өйткені көлік иелері техникалық байқау қағидаларын бұзған. Үкіметтің заңды белден басқан автокөлік иелеріне айыппұл салғанынан да пайда болмай тұрғанға ұқсайды. Себебі салада ешқандай заңға бағынбайтын схема бар. Бұл схема көлігі әбден ескірген жүргізушілердің арасында орын алып жатыр. Олар шаруаның шешімін арнайы орындардан емес, басқа жақтан іздейді. Жалпақ тілмен айтқанда көзбояушылыққа барып, көлденең жұмыс жүргізетін орталықтарға жүгінеді. Шыны керек, мұндай орталықтарды табу қазір тіпті оңай. Әлеуметтік желіні бір шолып шықсаңыз жарап жатыр. Қызығы, мұндай орталықтарға көлігіңізді апарып әуре болмайсыз. Тек көліктің фотосуреті мен маман сұратқан мәліметтерді жолдасаңыз болғаны. Одан арғысы сіз жүгінген маманның еншісіндегі жұмыс. Ол «Техбайқау» бірыңғай ақпараттық жүйесіне көліктің мәліметтерін оңай енгізіп, диагностикалық картасын қолыңызға табыстайды.
Дәл осындай жолмен айласын асырғандар қазір қала көшелерінде толып жүр. Солардың кесірінен жол-оқиғалары да тіркеліп, жүргізушілер мен жүргіншілердің өміріне қауіп төнуде.Тіпті айтуға ауыз бармайтын жол апаттары да орын алып жатыр. Үкімет осының алдын алу үшін техбайқауға тексеріс жүргізсе де, арамза жүйе алдаудан танбай тұр. Өйткені қолданыстағы заңнама құзырлы органдарға тісін батыруға қауқарсыз. Жүйе жұмсақ болған соң, жүйені алдамай қайтсін. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, техбайқауды фиктивті немесе бұзушылықтармен өткен көлік иелері тексерістен қайта өтуге тиіс делінеді. Яғни, «Электронды Үкіметтің» жолдаған хабарламасы негізінде техникалық байқаудан қайта өту керектігі ескертіледі. Бірақ мұны елеп жатқан ешкім жоқ.
Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, жалпы техбайқауға қатысты бұзушылықтардың жиі орын алуы бұл салаға тұрақты түрде тексеріс жүргізілмеуінен туындап отыр. Әйтсе де олардың жұмысын толыққанды жоққа шығаруға болмайды. Өйткені өткен жылдың шілде айында осы саладағы былықты анықтау үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Аталған комиссия диагностикалық карталардың ашықтан ашық сатылатыны туралы келіп түскен азаматтардың ақпараты негізінде мониторинг жұмыстарын жүргізіп, 3 324 бірліктен олқылықтарды тапты. Үкіметтің үкілі үміті құрылған комиссия екенін аңғардық. Бірақ бұл құрам үдеден шыға алар ма екен? Бұл да уақыт таразысындағы мәселе.

Өзгерістер өзгеріс әкеле ме?
Көлік құралын міндетті техникалық байқаудан өткізу қағидаларына қатысты қолданыстағы заңнамаға біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін білеміз. Өзгерістер негізінде бұдан былай диагностикалық картасында кемшіліктер байқалса, оның күші жойылады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин: «Жалған техбайқау нәтижелері жоққа шығарылғаннан кейін көліктің диагностикалық картасының egov mobile мобильді қосымшасында көрсетілуі доғарылады. Осы шаралардан кейін азаматтарымыз техбайқауды «сатып алудан» аяқ тартады, адал өтуге ден қояды деп үміттенеміз. Өйткені жолдарда адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі – бірінші кезекте жүргізушілердің мойнында» дейді ол.
Үкіметтің көлденең табыс табатын орталықтарға қатысты жаза қарастырғандығы қуантады. Бұл заңды белден басып, диагностикалық карталарды оңды-солды сатқандардың жолын жабуға септесері анық. Айыппұл көлемі артқан соң, мұндай орталықтар аяғын аңдап басары анық.
Сандық мәліметтерге сенсек, былтырғы 2023 жылдың басынан бері 131 айыппұл салыныпты. Сонымен қатар адал емес 350 техбайқау операторының қызметі тоқтатылған. Мына көрсеткіштен соң, айламен ақшаға кенелемін деушілердің араны ашылмасы анық. Өйткені Мәжіліске Ұлттық экономика министрлігі енгізетін заңнамалық түзетулер қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 616-бабын толықтырады.
Оған сәйкес, құқықбұзушылықтардың үш түрі үшін айыппұл сомасын ұлғайту ұсынылған. Біріншісі – механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiнiң техникалық жай-күйiне сәйкес келмейтiн параметрлерді көрсете отырып, техникалық байқаудың диагностикалық картасын беру. Екіншісі – техбайқау операторының мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өткізбей, диагностикалық картаны беруі. Үшіншісі – міндетті техникалық байқауды бақылау-диагностикалық жабдықтарды пайдаланбай немесе ақау және тексеруден өтпеген жабдықты пайдалана отырып өткізу.
Осы үшеуі бойынша енді шағын кәсіпкерлерге – 50 АЕК немесе биыл 184 600 теңге (қолданыстағы заңда – 10 АЕК), орта кәсіпкерлік нысандарына – 70 АЕК немесе 258 440 теңге (қолданыстағы редакцияда – 20 АЕК), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК немесе 369 200 теңге (қазір – 30 АЕК) айыппұл салынбақ.
Айыппұл арқалаған соң бір жыл ішінде техникалық тексеріс операторы заң бұзуға қайта барса, онда айыппұл көлемі еселеп өседі. Жаңа заң жобасында лауазымды адамдарды, шағын кәсіпкерлікті – 100 АЕК (қолданыстағы редакцияда – 30 АЕК), орта кәсіпкерлікті – 120 (40), ірі кәсіпкерлік субъектілерін – 150 (50) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлмен жазалау және автокөліктерді міндетті техбайқаудан өткізу рұқсатынан 3 жылға айыру ұсынылған.
Заң қабылданса, онда рұқсатынан айырылған техбайқау операторының қожайыны, акционерлері, оған қатысушы тұлғалар 3 жыл бойы жаңа операторды құра алмайды, өзге оператордың құрамына енуге де құқығы болмайды.
Қазір Қазақстанда арнайы тізілімде 2 352 техникалық байқау операторы тіркелген. Оның ішінде 745-і қызмет етіп, еліміз бойынша жалпы саны 1 420 техникалық байқау стансасын құрған.

Өзге елдердің тәжірибесін ескерсек
Бәрімізге белгілі, қазіргі таңда елімізде автомобильдердің техбайқаудан өтуі WhatsApp мессенджері арқылы жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментінің сарапшысы Ғалия Омарова да бұл жағдайдың жиі көрініс тауып жатқанын алға тартты. Сарапшының сөзінше, бүгінде қолданылып жүрген 10 АЕК (36 920 теңге) айыппұл – тиімсіз, сондай-ақ адам өліміне соқтыратын жол апаттары сияқты жалған техбайқаудан туындайтын салдарларға тіпті де сайма-сай емес. Сайма-сай шара – қауіпті көліктердің техникалық тексерістен өте алмауы, тиісінше, жолға шығуына тыйым салынуы болмақ. Алайда диагностикалық карта ақыға үлестіріліп жатса, бұған қол жеткізу қиын. Басқаша айтқанда, заңсыз онлайн тексеру жолға қойылған. Анықталғандай, техникалық байқау орталықтарының жалпы санының шамамен 60%-ы көліктерді атүсті, формальды тексереді. Яғни, техбайқау автомобильдің келуінсіз немесе оны мұқият диагностикалаусыз өткізіледі. Ал дамыған елдерде бұл саладағы талап қатал. Мысалы, Ұлыбританияда 1967 жылдан бері техникалық байқауды Көлік министрлігінің өзі жүргізеді. Соның қатаң тексерісінен өткенін көрсететін тиісті белгісі жоқ автомобильді пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салынады, – дейді ол.
– Жуырда көлік сатып алғанмын. Техбайқау уақытының жарамдылық мерзімі аяқталып, тексерістен өтуге тура келді. Көлігім біршама ескі болатын. Диагностикадан өтпей қалса, біраз әбігерге түсемін-ау деген үрей болды. Жақыным техбайқаудан өткізіп беретін танысым бар деді. Біраз ойланып қалдым. Бірақ келіспедім. Өйткені басыма бәле болып жабысар деп қорықтым. Сөйтіп тәуекел деп көлігімді техбайқаудан өткізетін орталыққа бардым. Қуанышыма қарай, көлігімнен еш ақау табылмады. Жалпы мұндай жағдайларда жұрттың дегеніне ілесіп, бәрі солай жасап жатыр ғой деп заңнан аттаған дұрыс емес. Өйткені техбайқау алдымен өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін. Көлігіңде қандай ақау боларын білмесең, алдыңнан апат тосып тұрғандығын да болжау қиын, – дейді кент тұрғыны Дидар Тынысбек.

Сандық дерек сөйлегенде
Бүгінде елімізде техбайқаудан өткен 2,5 миллионнан астам машинаның 98 пайызы барлық талапқа сай деген сарындағы хабарламалар желіде жарып жүр. Жоғарыда келтірілген дәйектерге сенсек, бұл ақпарат жалған дегенге саяды. Бұған ақымақ адамды ғана сендірмесе, мұндай көрсеткіштердің рас екендігіне ешкім сене қоймас.
Ұлттық статистика бюросының жариялаған дерекке зер салсақ, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны 5 миллион 260,6 мыңға жеткен. Ал республика жолдарында жүйткіген көліктердің жетпіс пайыздан астамы – көнерген көліктер.
Білуімізше, еліміздегі қолданыстағы көліктердің 51 пайызының жасы жиырма жылдан асып кеткен. Ал 21 пайызының қолданылғанына 10-20 жыл өткен. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 7-10 жыл шамасындағы машиналардың үлесі – 14 пайызды құрайды. 3-тен 7 жыл аралығындағысы – небары 6%. Зауыттан шыққанына 3 жылдан аспаған жаңа көліктер 8 пайыз ғана. Елімізде конвейерден түскеніне 7 жыл толмаған көліктер ғана техбайқаудан өтуден босатылады.
Ресми дерек бойынша, 2023 жылдың 11 айында 13 207 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Одан 18 510 адам зардап шеккен. Сұмдық статистика ескі көліктердің елдің есін шығарып жатқандығын оңай аңғартады. Өйткені сандық көрсеткіштер тексерілетін көліктердің 98 пайызының бүкіл талапқа сәйкестігі туралы жоғарыдағы мәліметті ап-анық жоққа шығарып тұр.

Арайлым ЖҮСІПОВА
03 ақпан 2024 ж. 129 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 37

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 86

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 93

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 62

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 97

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031