Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аяқ киімге акция немесе жанбағу үшін жанталас

Аяқ киімге акция немесе жанбағу үшін жанталас


Біз осы кімнен кембіз? Біреуден-біреу кем болып па? Ал бүгінгі кемдігімізге не түрткі? Себеп қайсы? Бізде анау жоқ, мынау жоқ! Бізге үнемі жетпейді. Бізге бəрі керек! Керек емес дүние бар ма? Жоқ. Әнеугүні Қызылордада «Қорқыт» сауда үйіндегі аяқ киім дүкенінің иесі кез келген кроссовканы мың теңгеге сатып алуға болатын жеңілдік жариялаған еді. Нәтижесінде сауда орнына жиналған халық терезелерді сындырып, аяқ киімге таласып, соңы үлкен мәселеге айналды.
«Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы» деген тәмсілдің мәнін ұғындық па? Қазір дәуір жаңарып, қарыштап дамудың үстіндеміз. Құжаттар кетті, цифрлық сауаттылық артты. Бұрынғыдай тасада қалып, ештеңеден хабарсыз отыру жоқ. Үйімізде де, қолымызда да жаңалықтың төресі тұр. Шертесің де жұмысыңды жүйелейсің. Бізде тек бір нәрсе ғана ескірді. Бір нәрсе ғана өзгеріссіз. Ол – әлденеден қалып қойғандай жеңіл дүниеге құмартып, көзіміздің байланатыны. Бұл – шашылудың заманы, бір-бірінен тірлігін асырудың заманы. Мүмкін айтарсыз, жоқшылықтан жұрт сол қадамға барды деп. Қарны тоқ та, уайымы көп те көлеңкесін зорайтып көрсетуге ынтық. Құдды бір жарыс дерсің. Мәресі жоқ сол жарыста сыйақы берілмейтінін ескерген кім бар? Жә, көкейде жатып маздаған сауалдың жауабын іздеп таппаспыз. Жеңілдік үшін таптап кететіндей не күн туды дерсіз?
Акцияға келгендердің қатарында қарттар, ересектер, жасөспірімдер мен балалар да бар. Дүкен иесі Instagram парақшасына оқырман тарту мақсатында жеңілдік жариялаған. Алайда ол соңында мұндай жағдайға тап болатынын ойламаған. Осылайша ол акцияны шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған.
– Барлықтарыңыздан кешірім сұраймын. Халық өте көп жиналып, ажиотаж болды. Көптеген қателіктер орын алды. Есік, терезе сынып, бәрі шашылып қалды. Адамдар қысылып үлгере алмай қалды. «Қорқыт» сауда орталығының басшылығы дүкенді 10.30-ға дейін жабу туралы шешім қабылдады. Біз шын ниетпен ең төменгі бағада бергіміз келген. Сіздерге алғысым шексіз бізді түсініп қолдау білдіріп жатқандарыңызға, – деді дүкен иесі.
Атышулы акциядан соң түрлі бейнежазбалар әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Билік те үнсіз қалмады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен шұғыл жиналыста 25 қаңтар күні Қызылорда қаласындағы «ВіАі Кызылорда» аяқ киім дүкенінде болған жағдайға баға беріліп, жауапты тұлғаларға шара көрді. Жиынға қала, аудан әкімдері, жауапты мекеме басшылары қатысты.
– Өте ұят жағдай, бұл аймақтың ақпараттық кеңістіктегі оң имиджіне кері әсерін тигізді. Біз өз тарапымыздан мұндай шаралардың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп келеміз. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Қызылорда қаласында «40 қазан палау» акциясы ұйымдастырылып, ол туралы жарияланған ақпараттар біразға дейін талқыланды. Бұрын да қатаң ескерткенмін, мұндай акцияларды ұйымдастыруға ниет білдірген кәсіпкерлерге қала, аудан әкімдігіне алдын-ала хабарлау қажет. Құзырлы органдарда көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі бар, сондықтан жаппай төбелеске жол бергеннен гөрі, адресті түрде көмек көрсеткен дұрыс. Егер өрт немесе басқа төтенше жағдай бола қалса, адамдар бір-бірін таптап, сауда үйінен сыртқа шыға алмай қалуы мүмкін еді. Алдағы уақытта осы жағдай барлығына сабақ болып, алдын алу шараларын үнемі назарда ұстауы тиіс. Бұл жерде қала әкімшілігі тарапынан тиісті бақылау болмаған, – деді аймақ басшысы.
Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязовтың баяндауынша, дүкен иесі жаңадан кәсіп бастағандықтан, науқан жариялаған, сол жерде жаппай тәртіпсіздік орын алған. Құқық қорғау және прокуратура органдары көпшілік іс-шараларды өткізу тәртібін бұзған кәсіпкерді заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартады.
Жауаптылар шарасыз қалмады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары мен қала әкіміне жұмысқа жақында тағайындалғандықтан, ауызша қатаң ескерту жасалды. Қала әкімінің салаға жетекшілік жасайтын орынбасарына қатаң сөгіс түрінде жаза қолданылды. Осындай жағдайға жол берген қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының қызметіне сәйкестігі қаралмақ. Бақылаудың жоқтығынан болған кемшілік үшін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы сөгіс алды.
Жалпы жеңілдік дегеннің түптамыры қайдан шықты? АҚШ-та пайда болған Black Friday немесе «Қара жұма» деп аталатын заттарды жеңілдікпен жаппай сату күні өтетінін бұрыннан білеміз. Қазақстан да бұл шарадан тыс қалмады. Әр жылдары сауда үйлері мен онлайн-дүкендер 90 пайызға дейінгі жеңілдіктер ұсынады. Бертін келе банк тарапынан болатын жұмадағы жомарттық бар. Бөліп төлейміз деп, қазір өліп төлеп жүрген жайлар аз емес. Киімдерде де солай, көпшілікті қызықтыру үшін өте арзан бағаны қойып, жаппай сатылымға шығарады. Әлгіндегі аз соманы көрген көзіміз ештеңені елемейді. Ол не үшін арзан бағада сатылып жатқаны бізді қызықтырмайды. Сапасы да маңызды емес. Әйтеуір бірдеңеден қалғандай, бір мүйішіміз кемитіндей сондай акцияларға келіп ұрынамыз.
Аудандық, қалалық кәсіпкерлік бөлімдері белгілеген талаптарды сақтап, тәртіпке бағынғаны жөн. Иә, қазір кәсіпкерліктің кең қанат жаюы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Сауданың өтуі, табыстың келуі кәсіп иесінің талапшылдығында болуы керек. Ал арзан дүниемен айлакерлік жасап, дүйім жұртты жарылқағанына жол болсын. Соған ессіз сенген ересектерге не дейміз?
Айнұр ӘЛИ

30 қаңтар 2024 ж. 176 0

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 21

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 50

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 62

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031