Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер сілкінді, ел дүрлікті

Жер сілкінді, ел дүрлікті

Ұшпа таудың етегінен бой түзеген, көкпен астасқан жүздеген ғимараттары бар алып мегаполисте теңіз бетіндегі қайықтай қалқып, қалың ұйқыда жатқан жұртты таулы табиғаттың ашуы оятып жіберді. Жер тербеліп, тұрғындардың зәре-құтын қашырды. 5 балдық дүпмуден үй шайқалып, ыдыс-аяқ сылдырлап, жиһаз қозғалып, аспалы шамдар теңселгенін көрген жұрт далаға қаша жөнелді. Бұл – жақын арада, Алматыда орын алған оқиға.


Алматы алаңдатты...
Түн жарымда қалада дүрбелең орын алып, көпқабатты тұрғындардың көпшілігі бас сауғалап, алғашқы минутта-ақ түгелдей далаға шығып алды. Үрейге бой алдырған үш адам 2-ші және 3-ші қабаттан секіріп кеткен. Аязды күні тысқа сырт киімсіз, тіпті жалаңаш шығып алғандар да болды. Кейбірі жалаңаяқ жүрді. Ал мүмкіндігі болғандар қала сыртына, ауылдарға ағылды. Көшелерде үлкен кептеліс пайда болды. Полицияның мәліметінше, сол түні 19 мың көлік Алматыдан шығып кеткен. Себебі, тағы да күшті дүмпу болуы мүмкін деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті.
Қалың жұрттың бұлай еш дайындықсыз, қапы қалуына атқарушы биліктің, төтенше жағдайлармен айналысатын құзыретті органның жұртпен бірге абдырап қалғаны сеп болып отыр. Тіпті, пана іздеген жандар мектеп, балабақшаларда орны барын кеш білген. десе де, ештен кеш жақсыны ұққан 11 мың адам 384 орталықта түнеп шыққан.
Оқиға орнынан жеткен мәліметке сенсек, жер сілкінісінен кейін 70-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 10-ы бала. Қазір үш ересек тұрғын мен төрт бала ауруханада жатыр. Қалғаны ем қабылдаған соң үйлеріне жіберілген. Дәрігерлер мына ғимараттың үшінші қабатынан секіріп кеткен бір науқастың жағдайы әлі ауыр дейді.
Мегаполистегі қуаты 5 балдық соңғы жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында тіркелді. Дүмпу Алматыдан бөлек Астана қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында сезілген.

Ашкөздер жол ақысын аспандатты
Кешегі дүрбелеңде халықты әбігерге салған жалғыз табиғи апат болмады, мұндағы такси қызметі де тұрғындардың титығына тиді. Яғни, сол бір қиын сәтте өз пайдасын ойлап, халықтың қалтасын қаққандар аз болмады. Бұл туралы сол бір түнді басынан өткірген әрбір алматылық әлеужеліде айтып, базынасын жеткізді.
– Сөйлесең сөзің өзіңе тиеді. Қазір қайран қазағым "Ақыр заман келсе, жайнамазды қымбаттатып жібередінің" кері болып тұр. Мұны кешегі Алматыдағы оқиғаның кезінде көрдік. Қала жанындағы ауылдарға қатынайтын такси қызметтері бағаны бірден аспандатып жіберді. 2-3 мыңнан шығып жүрген көліктер жан басына шаққанда 30-40 мыңнан алды. Әттең...
Бірақ аузындасы Алласы бар азаматтар да жоқ болмады. Оны да айта кеткен жөн. Кейбірі такси шақыратын бағдарламаларға тегін таситындығын да айтып, жақсылық, нағыз азаматтық танытып жатты. Елім деп еміренген, осындай жандар көп болғай, – дейді Алматы қаласында жоғары оқу орнында оқып жатқан қазалылық Балжан Әскербекқызы.


Қоқыстағы айфон
Алматыда жер сілкінісінен бірнеше уақыт бұрын Android құрылғысын қолданатын тұрғындардың ұялы телефонына Google ескерту жасаған. Алайда Apple қолданушыларына ешқандай хабарлама келмеген. Бұдан кейін Apple қолданушылары арасында қалтафонын қоқысқа тастаған бейнежазба трендке де айналды. Не себепті кейбір телефон түріне ғана мұндай ескертпе келетінін анықтап көрдік.
Желі қолданушылары Apple-да мұның қолжетімсіз екеніне шағымданды. Олардың айтуынша, Iрhone қолданушыларының Android телефоны барларға қарағанда тірі қалу мүмкіндігі аз екенін айтты.
– Жалпы Iрhone-ға бренд ретінде қарамасаңыз, негізі мүмкіндігі Android-қа қарағанда тым аз, шектеулі. Мұнда AppStore-дан тыс бағдарламалар орнату, тіпті Google-дің қосымша бағдарламасын да орнату мүмкіндігі жоқ. Былайша айтқанда, бұл смартфон қазақстандықтарға арналмаған деп ойлаймын. Өйткенді Iрhone қолданушыларының басым бөлігі АҚШ азаматтары болған соң, барлығы сол ел тұрғындарының ыңғайына жасалған, – дейді Iрhone қолданушысы Азамат Әбілда.
Iрhone-ның ресми сайтында зілзала туралы ескертуді жіберу тек бірнеше елде қолжетімді екен. Өкінішітісі сол, Қазақстан ескертпесі қолжетімді елдердің қатарына кірмейді.
– Егер сіз Калифорния, Орегон немесе Жапонияда тұрсаңыз, жер сілкінісі туралы ескертулерді қосу мүмкіндігіңіз бар. Жер асты дүмпулері жақындаған кезде сізге хабарлама келеді. Алайда осы аймақтардың бірінде тұрмасаңыз, MyShake тегін қосымшаны жүктеп алып, сол арқылы біле аласыз, – дейді мамандар.


Тарихқа көз жүгіртсек...
Тарихқа шегініс жасасақ, Алматызілзаладан екі рет қирап, қайта тұрғызылды. 1887 және 1911 жылдары екі жойқын жер сілкінісі тіркелді. 9 балдық дүмпудің алғашқысында қираған ғимараттарда есеп болмады. Табиғаттың адамда кегі бардай 390 адамды қара жерге жастандырды. Жер қабатының үздіксіз тербелуінің әсерінен көп қабатты ғимараттардың да тербелуіне 9-10 баллдық соққы күші әсер етті. Сол тұста ағаштан соғылған Алматы тұрғындарының баспанасы ортасына түсіп, күлі көкке көтерілді. Қара жер қақ айырылып, тілімдері батыстан шығысқа қарай 200 шақырымға дейін созылды. Тілімделген шұңқырдың ені 1 метрге дейін жетсе, тереңдігі 5 метр болды. Бұл дүмпудің жаңғырығы қаладан 1000 шақырым қашықтықтағы Омск, Томск, Көкшетау қалаларында сезіліпті. Дүмпуден кейін қала құрылысы тек ағаштан салына бастады. Бүгінде Алматыда заман талабына, осындай табиғи апаттардың алдын алу мақсатында әрбір салынған құрылысқа баса мән беріле отырып салынған. Соның арқасында көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігі дүпмуден абырой болғанда жеңіл-желпі құтылған.
Алматы облысы – еліміздегі ең қауіпті сейсмикалық аймақ. Алматы қаласы маңайының өзінде ірі жер сілкінісін тудыратын негізгі ірі 3 ошақ бар. Оның бірі – 1887 жылы сілкінген Верненск аймағы болса, екіншісі Кемін апаты болған аумақ. Ал үшіншісі, қаладан бірнеше шақырым қашықтықтағы Шелек ауданының аймағы. Енді мұның қатарына кешегі орын алған оқиға да қосылды. Осы саладағы ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, магнитудасы 7-ден жоғары күшпен жер сілкінген аймақта алдағы 80-200 жылдың ішінде бұл апат тағы қайталанады екен.
Бірі білмес, бірі білмес ертеректе Қазалы ауданында да жер сілкінісі орын алған. Бірақ қуанышқа орай, ең кіші 2 балдық сілкіну. Мұны көнекөз қариялардың аузынан талай естігенбіз. Ол кезде ең әлсіз, жобамен екі балдық сілкініс байқалған. Үй ішіндегі шам, үстелдер аздап қозғалды.
– Ол кезде жас едік. Әке-шешем, бауырларыммен үйде отырғанбыз. Табан астынан кішкене жер дірілі сезілді. Әкемнің жұмыс үстелі қозғалып, алғашқыда тылсымға балағанбыз. Сөйтек, көрші-көлемде де осы жағдай қайталаныпты. Қазіргідей әлеужелі, ғаламтор деген атымен жоқ. Жаздыгүні жайлауын, қыстыгүні қыстауының қамын ойлаған біз ненің, не екенін де білмейміз. Кейін үлкендерден естіп білдік, – дейді Төлеген ақсақал.

Серік АҚМЫРЗА
30 қаңтар 2024 ж. 331 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930