Көпбалалы ана: Қолдау және қамқорлық
Жыл артқан сайын елде демографиялық көрсеткіш деңгейі өсуде. Нәтижесінде Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетті. Бұған көпбалалы отбасылардың айтарлықтай үлесі бар.«Көпбалалыларға көрсетілер көмек көп. Жеңілдіктер де жеткілікті» деген тіркестерді жиі естейтініміз рас. Алайда Үкімет тарапынан нақты қандай қолдаулар көрсетілетіндігін біле бермейтін жандар да бар. Осы ретте мемлекет беріп отырған мүмкіндіктерге тоқталуды жөн көрдік.
Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасылар бірден көпбалалылар санатына жатқызылады. Сондай-ақ күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері барлар да көпбалалылар қатарына қосылады. Бұл ретте баласы кәмелет жасына толғаннан 23 жасқа дейін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алуы тиіс екенін ескерген жөн. Алты бала туған аналарға «Күміс алқа», жеті не одан көп бала туған аналарға «Алтын алқа» беріледі. Бір айта кетерлік жайт аталған алқа игері атану үшін кенже балаңыздың бір жасқа толуы шарт.
Жәрдемақы жете ме?
Соңғы бес жылда көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Биыл айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3692 теңгеге дейін ұлғайтылған соң жәрдемақы мөлшері де көтерілді. 2024 жылы жәрдемақы мөлшері төмендегідей болды:
Төрт балаға – 59 183 тг; Бес балаға – 73 988 тг; Алты балаға – 88 793 тг; Жеті балаға – 103 598 тг; Сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға – ай сайын әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде жәрдемақы беріледі.
Жоғарыдағы санаттардан басқа «Алтын алқа», «Күміс алқамен» және басқа да ордендермен марапатталған көпбалалы аналарға бөлек жәрдемақы тағайындалады. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақыны алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ-ға өтініш жазып, жеке басты куәландыратын құжатты, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр анна», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғанын растайтын құжатты ұсыну қажет.
Баспана беріледі
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқалары иелері, бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар тұрғын үй кезегіне тұрып, баспана ала алады. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін kezekte.kz порталына ЭЦҚ арқылы тіркеліп, санаулы минуттарда өтінім беруге болады.
Қазір Қазақстан бойынша 646 082 адам кезекте тұр. Олардың 116 244-і немесе 18%-ы көпбалалы аналар. Жалпы баспана кезегінде тұрғандардың 39,5%-ы - халықтың осал топтарына жататындар, 32,3%-ы мемлекеттік қызметшілер, 9,7%-ы жетім балалар екенін айта кеткен жөн.
Бұдан бөлек көпбалалы аналар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жылдық 2%-дан және 5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін тиісті конкурстың басталғанын күтіп, otbasybank.kz сайты арқылы өтінім беру керек.
Сонымен қоса табысы төмен отбасылар үшін әкімдіктер тұрғын үй сатып алу үшін тұрғын үй сертификатын ұсынады. Сертификат ҚР Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алынған жағдайда беріледі. Тұрғын үй сертификаты ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін беріледі. Былтыр оның мөлшері 1,5 млн теңге шамасында болды.
Кезекте тұрған көпбалалы отбасылар пәтердің жалдау ақысын субсидиялай алады. Бұл ретте отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Аталған көмекке қол жеткізу үшін тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке қойылғанын растауы қажет. Көпбалалы отбасылар жалға берілетін тұрғын үйді өздері іздейді. Оның құнын есептеу кезінде бірнеше факторды ескеру қажет. Мәселен отбасында 4-5 адам болса, жалдайтын баспана ауданы 60 шаршы метрден аспауы тиіс. Өтінімді otbasybank.kz порталы арқылы беруге болады.
Бірқатар салық төлемінен босатылады
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар бірқатар салық төлемінен босатылған. "Батыр ана", "Алтын алқа" не "Күмiс алқамен" наградталған көпбалалы аналар бір көліктің салығын төлеуден босатылады. "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" алған көпбалалы аналар тұрғын үй қоры иеленген жер учаскелеріне салынатын салықты төлемеуге құқылы. Үй жанындағы жер учаскелеріне салынатын салықтан босатылады. "Батыр ана" атағын алып, "Алтын алқамен" наградталған аналар 1000-еселік мөлшердегі АЕК шегінде жеке тұлғалардың мүлкі бойынша салықтан босатылады. Нотариалдық қызметтерге жүгінгенде мемлекеттік баж салығын төлемейді.
Зейнетке 53 жасынан шығады
Қазіргі заңнамаға сәйкес ерлер үшін зейнетке шығу жасы - 63 жаста, әйелдер үшін - 60 жаста деп белгіленген. «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында әйелдердің зейнетке шығу жасын кезең-кезеңімен 2018 жылдан бастап 2027 жылға дейін яғни 10 жыл ішінде, жыл сайын 6 айға ұлғайту көзделген. Осылайша 2027 жылға қарай әйелдердің зейнетке шығу жасы, ерлер үшін зейнеткерлік жас - 63 жасқа жетуі тиіс.
Ал көпбалалы аналар 53 жасқа толғанда зейнетке шыға алады. 5 және одан да көп бала туған немесе асырап алған, әрі оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. 4 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар бұл санатқа жатпайды.
Қайтарымсыз грант беріледі
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант беріледі.
Гранттарды еңбек мобильділігі орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.
Оқушыларға қандай жеңілдік ұсынылады?
Көпбалалы отбасыдан шыққан балалар жаздық лагерьлерде тегін демалады. Мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтылады. Түрлі үйірмелерге тегін қатыса алады. Балабақшада бірінші кезекте орын беріледі. Ол үшін indigo24.kz сайтына баланы тіркеу қажет. Сонымен қатар былтырдан бастап мемлекеттік балабақшаға тегін барады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА