Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Халың қалай, батыр ана?

Халың қалай, батыр ана?

Өмірге бала әкеліп, оны тәрбиелеп-өсіру ата-ананың міндеті. Бұл ретте әсіресе ананың мойнына жүктелген жүк ауыр. Көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Қазақ баланың санын айтпаған десе де, көп балалы ана мәртебесін алу үшін ұл-қызының санын нақты көрсету міндеттеледі. Шүкір, Әйтеке би кентінде алтын мен күмістен алқа таққан аналар саны жыл санап артып келеді. Қазір 437 «Алтын алқалы», 676 «Күміс алқалы» ана бар. Көп балалы ана мәртебесін алғандарға мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіледі? Бұл статустағы аналардың халі қалай?

Алқа ала алатын аналар
Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңқалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде «оның бәрін қалай асырайды» деген сауал туындайды. Алайда «Әр баланың өз несібесі бар» ғой деп алаң көңілді жұбатамыз. Десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен баспана әперу секілді түйіткілді мәселелер туындары сөзсіз. Көбіне қазақстандықтар көп балалы ана мәртебесін көп балалы отбасы жәрдемақысымен шатастырып жатады. Алайда мәртебе мен көп балалы отбасы куәлігін алу, сол арқылы жәрдемақыға ие болудың ажыратылатынын атап өткен жөн. Көп балалы ана мәртебесі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары арқылы анықталады.
«Алтын алқа» жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеп отырған аналарға берілсе, «Күмiс алқаны» алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алады. Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақы дегеніміз «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған не бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы. Бұл жәрдемақы кез келген ана өтініш берген күннен бастап, тағайындалады. Бірақ, көп балалы ана «Алтын алқа» алқасын алу үшін оның жетінші баласы бiр жасқа жеткен және өзге балалары тiрi болуы тиіс. Ал «Күмiс алқа» алқасымен алты бала туған және алтыншы баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған аналар наградталады.
Айта кетер жайт, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқасын алу кезінде төмендегі категорияларға сәйкес баласы барлар да ескеріледі. Заңға сүйене отырып бала асырап алса, көз жұмған немесе хабарсыз кеткен, азаматтық борышын атқару кезінде қаза тапқан, жараланған, ауруға шалдығып өлген балалар да саналады.

Жәрдемақы жоқты жамай ма?
«Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» наградасына ұсыну үшін азаматша тұрғылықты мекен-жайы бойынша аудандық әлеуметтік әл-ауқат бөліміне көп балалы ана жеке куәлігі және оның көшірмесі, неке қию туралы куәліктің көшірмесі, отбасындағы балалардың туу туралы куәлігі мен жеке куәлігінің көшірмесі, ата-анасының жұмыс орнынан және баланың оқу орнынан анықтама, тегін өзгерткен жағдайда, оны растайтын құжатты тапсыруы тиіс.
Көп балалы аналарға арналған жәрдемақыны алу үшін Мемлекеттік корпорацияның Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керек. Ол үшін Мемлекеттік корпорациядан өтініш пен құжаттар көшімесін алу қажет. Ал тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына баруы тиіс.
Оған төмендегі құжаттар керек. Жеке куәлік немесе төлқұжат, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталғаннын көрсететін құжат. Бұрын «Батыр ана» атағын алған болса, I, II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғанын растайтын құжат. Банк шотының нөмірі жайлы деректер. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқалармен бірінші рет марапатталған аналар өтініш білдірмей-ақ, Мобильді азаматтар базасында SMS-хабарламаны растап, қызмет ала алады. Көп балалы отбасыға төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы барлар кіреді. Айта кету керек, көп балалы отбасыға жату үшін 23 жасқа дейінгі ЖОО-да немесе колледжде оқитын жасөсіпірмдер жанұя құрамында болуы тиіс. Көп балалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы барлық қажетті құжаттар болған кезде беріледі. Ол үшін жеке басты куәландыратын құжат, Оралман мәртебесі бар адамдар оралман куәлігін ұсынуы тиіс. Балалардың туу туралы куәліктері керек. Өтініш беруші мен баланың құжатындағы мәліметтер сәйкес келмеген жағдайда, азаматша неке қию, некені бұзу туралы куәлікті ұсынуы тиіс. Бала қамқоршылыққа алынған немесе баланы асырап алған жағдайда осыны растайтын құжаттар талап етіледі. Отбасы құрамындағы бала 18-23 жас аралығында ЖОО-да күндізгі нысанда білім алса, оқу орнынан анықтама қажет.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 6,4 АЕК немесе 2022 жылы 19 603 теңгеге тең болады. Ал кәмелетке толмаған 4 және одан көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ол отбасының кірісіне қарамастан, барлық көпбалалы жанұяға бала санына қарай төленеді. 2022 жылы оның мөлшері мынадай болып бекітілген. 4 балаға – 49 100, 5 балаға – 61 382, 6 балаға – 73 665, 7 балаға – 85 948, 8 және одан көп баласы бар отбасыларға 98 200 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК мөлшерде жәрдемақы беріледі.
Жәрдемақы асып-тасып тұрмаса да, жоқты жамауға жетеді дейді бірнеше баланы дүниеге әкеліп, өсіріп отырған ана Айнагүл.
– Қазір балаға қажетті дүниелер мен киім-кешектері қымбат. Азық-түлікті айтпағанның өзінде тартынып жұмсауға тура келеді. Тек балалардың жәрдемақысына күнелтіп отырған отбасылар бар. Тіпті бала-шағасының несібесін аузынан жырып, қажетсіз дүниеге шашып жүргендері қаншама? Өзі болар-болмас қаржыны орнымен жұмсаса, жұғымы болады. Жоқ, жетпейді дей берген сайын ырысың кемейді – деген ойын ортаға салды ол.

Көп балалы ана неге құқылы?
Қазіргі уақытта көп балалы отбасы куәліктерін Мемлекеттік корпорация филиалдары береді. Ол үшін көп балалы отбасыға берілетін жәрдемақы алушы аталған мекемеге жүгінуі тиіс. Сондай-ақ, құжаттарды тапсырған кезде, www.egov.kz порталына Халыққа қызмет көрсету орталығына кезекке тапсырыс беру қажет болады.
Көп балалы отбасы куәлігінің басты маңызы мемлекеттен әртүрлі қолдау іс-шараларын алу үшін қажеттілігінде жатыр. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан алуға немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйді алуға бірінші кезекте құқылы.
Сонымен қатар көлік және жер салығынан босатылған. Әйел бес және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасына дейін бақса, 53 жаста зейнетке шығуға құқығы бар. Көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар тегін ыстық тамақпен, көлікте жеңілдікпен жол жүрумен, мектеп формасы және керек-жарақтарымен қамтылады. Сонымен қатар олар жазғы балалар лагерлерінде тегін демала алады.
– Аудан бойынша аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын және көп балалы отбасынан шыққан оқушылардың 3243-і ыстық тамақ ішеді. Былтыр елдегі ахуалға байланысты «Шағала» лагерінде 325 оқушы демалды. Кенттегі №249 мектеп-лицей мен №170 мектеп оқушылары арнайы көлікпен тасмалданады. Ж.Жабаев атындағы №234 мектепте білім алатын ерекше балалар көлікпен жүреді. Интернаты бар №70, ауылдық жерлердегі №134, 100 мектеп оқушылары арнайы көлікпен қатынайды, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Қуаныш Ерімбетов.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
05 ақпан 2022 ж. 1 494 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930