Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқыныш құшағында

Қорқыныш құшағында


ЖАЙНА ҮШІН КҮН ӘДЕТТЕГІШЕ ӨТТІ. ОҚУ БІТІРГЕНІ КЕШЕ ҒАНА. ҚАЛАДАҒЫ МЕЙРАМХАНАЛАРДЫҢ БІРІНДЕ ДАЯШЫ. АНАСЫНАН АЙЫРЫЛҒАЛЫ ӨМІРІ ӨЗГЕРГЕН. ЖАҚСЫ ҚЫЗМЕТТЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ӘКЕСІМЕН ДЕ АРАСЫ СУЫП, ҚҰРБЫСЫМЕН ҚАЛАДА ҚАЛЫП, ПӘТЕР ЖАЛДАП ТҰРЫП КЕЛЕДІ.
Түн бата үйге асыққан Жайна күндегідей метроға отырды. Қалың ой құрсауынан шыға алар емес. Ауық-ауық өткенге көз тастап қояды. Ол кездері анасымен киноға барып, бос уақыттың барлығын қызықты өткізуші еді. Ал қазір тіпті жалғыз қалғандай. Ананың мейіріміне зәру. Әкесі болса жұмыстанақ босамайды. Сол да көңіліне қаяу түсіріп, әкесі шалған қоңырауға жауап бермегелі көп болды. Арпалысқан жан дертіне төтеп бере алмай көзінен жасы еріксіз ытқып ақты. Қанша рет жыласын, айқайласын, естір кім бар дейсің…
…Жүйткіген метро діттеген жерге тоқтады. Аялдамасына келген Жайна метродан түсіп бара жатып көк сөмкеге көзі түсті. Иесі ұмытып кетсе керек. Аяғын алшаң басып, қолын соза сөмкені өзімен ала түсті. Үйге келгенде құрбысы Дана екеуі сөмкені аша жөнелді. Қалташасында сөмке иесінің визиткасы тұр екен. Сол адрес бойынша сөмкені иесіне қайтармақ болған Жайна ертеңі автобусқа отырып, үйіне келеді. Есікті аққұба келген, сәнді киінген, жас шамасы орта буын әйел ашты. Жайнаны күлімдеп қарсы алған ол сөмкесін көріп қатты қуанады.
– Алғысым ретінде бір шыныаяқ кофе ішіңіз, – деген келіншек есігін айқара ашып, басымен үй ішіне меңзейді.
– Әрине, – деген келісімнен соң үйге кірген Жайна айналаның әдемілігіне көз тастайды. Қабырғаларда ескі суреттер ілулі тұр. Ескі фортепиано. Ескі үстел мен ескі граммафон. Жұмсақ орындыққа жайғаса кете «Суреттегі күйеуіңіз бе?» деп сұрайды әлгі әйелден.
– Иә. Осыдан 2 жыл бұрын қайтыс болды. Ал ана суреттегі қызым. Шетелде оқуда. Тек телефон арқылы байланысамыз. Қысқасы, жалғызбын, – деп терең күрсінді ол.
– Айтпақшы, есімім Жайна. Сөмкені тапқан бойда өзіңізге табыстауға асықтым, – деп сәл жымиған бойжеткенге әйел:
– Мен Маргарита боламын. Өзіме әкеліп бергеніңе үлкен рақмет. Өзің жайында айта отыр, – деді ол ыстық кофесінен бір ұрттап.
– Құрбыммен пәтер жалдап тұрамыз. Даяшы болып жұмыс істеймін. Анам жоқ, әкем алыста, – деп қысқа қайырды Жайна.
– Білесің бе? Балаға ана керек…
Үнсіздік. Кенет қабырғадан тарсылдаған дауыс естіле бастады. «Көршілер ғой, жөндеу жұмыстарыменақ шаршатты» деп күлді Маргарита. Қайтар уақыт таяғанда әйел Жайнаны кешкі асқа қонақ болуға ұсыныс жасайды. Кең көңілді келіншекке жоқ деп айта алмаған бойжеткен келісе кетті. Ал үйге келгенде құрбысына барлығын айтты. Ол болса бұл ісінің біртүрлі екенін алға тартты. Дегенмен кешкі асқа баруға бекінген бойжеткен Данаға құлақ аспастан кете барды. Кеш енді батты. Дәмді асын әзірлеген Маргарита дастарқанды жайнатып жайып жатыр. Әңгімелесе жүріп торт әзірлеп, тіскебасар дайындап, арасында күліп-ойнап қояды екеуі.
– Бұл күн де өтер. Сен де өмірімнен ғайып боласың. Тағы да жалғыз қаламын, – деп терең күрсінді әйел.
– Ол не дегеніңіз, анам қайтқалы езуіме күлкі үйірілмеген еді. Сізбен жолыққалы мен де жалғызсырамайтын болдым, – деді Жайна жымия.
– Арғы бөлмедегі тартпада қасықтар бар, алып дастарқанға орналастыршы, – деген Маргаритаға басын изеген Жайна шкаф алдына келді. Бірінші есігін ашқаны сол еді, денесіне біреу суық су құйғандай күй кешті. Шкаф ішінде қазқатар тізілген көк сөмке. Жалма-жан ішін аша бастады. Иә, өзі тапқанындай сөмке ішінде Маргаританың визалары. Сөмке сыртында кім тауып әкелді, соның аты-жөндері жазылыпты. Тәлтіректей есігін жауып, үйден шығуға асықты. «Қайда?» деген әйелдің таңданысына құлақ аспай «кетуім керекке» басып үйіне асықты. Жүгіріп келеді. Құрбысының күдігі расталғандай. Келе сала барлығын Данаға айтып, қорқатынын жеткізді. Ал сол түні Маргаритадан келген хаттар мен үздіксіз қоңыраулар толассыз еді. Уайымдайтынын айтып, сағынғанын жеткізіп әлек. Ертеңі Жайна әдеттегіше жұмыста еді. Кенет терезеден Маргаританың қарап тұрғанын көрді. Мән бермей жұмысын қайта жалғастырады. Түн бата терезеге қараса, әлгі әлі тұр. Шошына артқы есікпен шығып, таксимен үйіне қайтады. Ал лифттен түсе бергенде қақ алдында Маргарита тұрады. Әбден есі кеткен қыз «саған не керек?» деп айқайға басты. «Түсіндіргім келіп ед, құлақ аспадың. Енді өзіңнен көр» деген әйел бұрылып кетіп қалды.
– Мынауың таза ауру ғой, – деп ашуланған Дананың да уайымы өрши түсті.
Құрбысының қорқыныш үстінде жүргенін көріп жаны езіліп сала берді.
– Жайна, сен әлгі әйелмен сөйлес. Басқа қалаға барып, ойымды жинақтап келемін де. Сосын кешірім сұра. Қысқасы актёрлық шеберлігіңді көрсет, – дейді құрбысы.
Өзі қаламаса да, иланғандай болған Жайна сол күнді ұйқысыз өткерді. Өйткені интернеттен Маргаританың қызын іздемекші болады. Алайда оның осыдан 4 жыл бұрын өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болғанын оқиды. Кішкентайында психикалық соққы алған деген ақпараты тағы бар. Оқиға енді ғана шиеленіскендей еді. Таң ата Маргаритаға келіп, кешірім сұраған Жайна көзіне жас та алды. Анасындай болып кеткенін жеткізіп, бірнеше күннен соң оралатынын айтады. Маргарита да өкпесі жоғын айтып, қызды құшақтай қоштасады. Әлгінің үйінен қуана шыққан Жайна керемет күймен әкесіне хабарласып, ауылға баратынын айтты…
…Киімдерін жинамақ болған Жайна әдеттегіше алдымен үстел үстіндегі демделген кофені жылытады. Бір ұрттаған соң басының айналып бара жатқанын сезді. Әлсірей құлап бара жатып келесі бөлмеге қараса, Маргарита күлімдеп тұр екен. Қалың ұйқыдан оянған бойжеткенге ауа жетпей жатыр. Айнала тас қараңғы. Шағын қорап ішінде жатқандай. Қолымен ұрғылап жан дауысымен айқайлауда. Кенет есігін ашқан Маргарита оған күлімдей қарап «қызымды осы сандықта жатқызатынмын. Енді сен менің қызымсың» дейді. Қызды босатпайтынын айтып, фортепиано артына жасырылған бөлмеге қамап қояды. Әбден жылай әлсіреген қыздың әлі жоқ. Ал сол сәтте Маргарита Жайнаның телефонын алып әкесіне хат жазады. Құрбысымен демалып жүргенін жеткізеді. Ал құрбысына әкесімен ауылда екенін айтып, уайымдамауын сұрайды. Арада бірнеше күн өткенде Жайнаның әкесі Дананың үйіне қызын көруге келеді. Сонда ғана екеуі Жайнаның жоғалып кеткенін, бопсалап жүрген әлгі әйелдің ісі екенін түйсінеді. Солай полицияға барып, детективтер ізге түседі. Алайда барлығы нәтижесіз еді…
…Жүйткіген метро. Сары шашты, сұңғақ бойлы ару орындықтан иесі ұмытқан көк сөмкені тауып алды. Қолына қыса ұстап, сөмкедегі визитка арқылы діттеген адреске келеді. Есікті ашқан Маргарита қызды күлімдей қарсы алып, кофе ішуге ішке кіргізеді. Кенет фортепиано артынан дүрсілдің дауысы естіледі. «Көршілер ғой, мән берме» деген әйел кофені ортаға қойып, қабырғаға жақындайды. «Ремонтты күнде жасамасаңдар болмай ма? Тыныш!» деп айқайлаған бойы қайта жадырай орындыққа жайғасты. Сары шашты қыздың кім екенін сұрап отырғанда кенет көзі бұлдырай, сылқ ете жерге құлайды.
– Осы қарғыс атқыр сөмкені метродан іздеп, күткеніме көп болды. Маған керегі сен емес, құрбым! – деген өткір дауыс анық шықты.
Бұл – Жайнаның құрбысы Дана еді. Сырттағы дауысты естіген Жайна қабырғаны қатты ұрғылай берді. Дүрсіл дауысын іздеген Дана фортепианоны жылжытып, жасырын есікті ашса, Жайна байлаулы күйде жерде отыр екен. Құрбысын құшақтай сыртқа шыққан Данаға Жайна «мен қанша күн осында болдым?» деп сұрады. Сонда құрбысы «бірнеше айлар…» дегеннен өзге сөз айтпады. Жарық күнге қолын соза әрең қараған Жайна өтірік құшағындағы құрықтан бостандыққа ентелей шықты. Ауа, күн, табиғат. Санасында сайраған сауалдар бір сәтке ғайып болып, тек қана бостандықтың иісімен ләззат алып жатты…

Айнұр ӘЛИ
20 қаңтар 2024 ж. 147 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 78

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930