Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үрейлендірген “үй иесі”

Үрейлендірген “үй иесі”

Оқиға қала орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінде болды. Жаңа үйге жас отбасы көшіп келді. Үй иесі мен әйелі – мемлекеттік қызметте. Олар бұған дейін жеке пәтерде тұрды. Енді жылдар бойы көрген қиындық артта қалды. Үй іздеп, есік жағаламайды. Жұлдыз ақшаға келгенде пысық. Күйеуінің табысын жылдар бойы ұқыптап жинады. Ақыры аңсаған мақсатымен жаңа үйге қол жеткізді.

Пәтердің жарығы мол, бөлмелері кең. Әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ. Шағын бөлме еншілеріне тиіп, мәз-мейрам. Көп уақыт өтпей, жас отбасы қоныстойын тойлады. Ағайын-туыс олардан сый-сияпатын аямады. Үй іші жиһазға толды. Соңғы үлгідегі үй жабдықтары пәтерде жарқырап тұрды. Жұлдыз бен Жомарттың көңілі бірленді. Күншығыс беттегі үй жас отбасыны жайлылығымен баурағандай еді. Алайда арада бірнеше ай өткенде бас­панадан береке кетті. Үй ішінде адам сұлбасындағы елес шықты. Буалдыр тұман бейнедегі әйел күні-түні пәтерде жүреді. Оны Жұлдыз да, Жомарт та көрді. Ал балаларында тіптен маза жоқ. Барлығы бір бөлмеде түні бойы үрейленіп шығады. Олар елестен құтылудың амалын жасады. Құран оқытты. Үйді аластатты. Бірақ беймәлім елес кетпей қойды. Әсіресе Жұлдызға өшігіп алды. Ұйықтап жатса, түртіп оятады. Ыдыс жуса, стол үстінен қағып жібереді. Апасы әкелген фарфор ыдыстың біразы сынды. Талай қиындыққа көз жұма қараған келіншекті елестің қиямпұрыстығы шаршатты. Жүйкесін жұқартып, төзімін тауысты. Арада бірнеше ай өткенде отбасы саяжайға көшті. Олар жаңа пәтерді сатуға бел буды.

Пәтер сатылады деген жарнама газетте жарияланды. Теледидарда көрсетілді. Хабарласушылардың қарасы көбейді. Күні бойы Жұлдыздың телефонына тыным бермейді. Кешке келіп пәтерді көрушілер де көп. Алайда тағы бір жайсыздық орын алды. Сатып алушымен келісілген уақытта телефон қоңырауы кілт тыйылады. Күні бойы пәтердің бағасын, үйдің жай-күйін сұрағандар хабарсыз кетеді. Жарнама бергеннен бері арада екі-үш ай өтті. Енді аламын деп келушілердің қатары азайды. Ара-тұра сирек төбе көрсетеді.

Жұлдыз бен Жомарт жаңа пәтердің жайсыз болғанына қынжылады. Көңілдері сенбейді. Жылдар бойы тапқанын тірнектеп жинап, қатты қиналды. Азық-түліктен, киім-кешектен тарықты. Енді үйге қолымыз жетті дегенде бәрі түбегейлі өзгерді. Сырты көрікті пәтер жастарға жайсыз болып шықты. Елестің мінезін адам түсініп болмайды. Кейде бала сияқты былдырлап сөйлейді. Бірде сықылықтап күледі. Ашуланса үйді төңкеріп тастаудан тайынбайды. Бірде елестен мезі болған Жұлдыз айғайлап жіберді.

– Сен кімсің өзі? Неге мазамызды аласың? Бұл үйді адал ақшамызға сатып алдық. Өз үйімізге өзіміз қожайынбыз! – деп еді. Соңында жүрген елес оқыс үн шығарды. Сөйтті де ас бөлмесіндегі кранның суын сар еткізіп ағызды. Газ плитасы үстінде тұрған кастрөлді жерге бір-ақ атып ұрды. Елес демесең, кәдімгі адам. Қарсылық танытсаң болды, көкеңді танытады. «Осы бәледен құтылайық» деп келіншек пен күйеуінің қыруар қаржысы желге ұшты. Тәуіп, балгерлердің «Енді елес шықпайды. Үйге иелік еткісі келген ғой. Оны үй иесі дейді. Қорқудың, үрейленудің негізі жоқ. Тазартылған соң мазаларыңды алмайды»,–деген болжамы келген жоқ. Қайта өршіп кеткен секілді. Жұлдыз былай тұрсын, Жомарттың өзі аяқ тартатын болды. Үй иесі болады дегенді естігені болмаса көрмепті. Жаңа үйде осындай құбылыс болады деп кім ойлаған? Үй иесі елеспен тұруға адамның дәті жете ме?!

Жұлдыздың үй өтсе деген тілегі орындалмайтын сияқты. Жаңа үйге біреуі қызықпайды. Хабарласамын, келемін деген адамдар келіншекті айналып өтеді. Елес туралы естіп қойды ма, кім білсін. Адам сенбейтін бір құбылыс... Міне тағы да телефонға біреу хабарласты. Кешке келіп көретін болды. Келіншек қала шетіндегі саяжайдан үйіне келді. Есіктен енгенде қалта телефоны шыр ете қалды. Тұтқаны көтергенде жас әйелдің үні естілді.

– Сәлеметсіз бе, Сізге хабарласқан мен едім. Үйде көруге келе жатырмын, – деді. Бұл жолы өтіп кетер деп Жұлдыз үміттенді. Жаңа үйге кірген ол бөлмелерді көзбен шолып өтті. Іштей ауыр күрсінді. Кенет есік қоңырауы шылдырлады. Жұлдыз есікті ашық қалдырған еді. «Кіріңіз»! – деді. Келген адам есікті серпе тартты. Есік іштен құлыптанып қалыпты. Асығыс жеткен ол кілтті әрі-бері бұрады. Аша алмай әуреге түсті. Сыртта тұрған пәтер көруші көмектеспек болып, ақылын айтып жатыр.

– Кілті майысқан шығар. Тісі кертілсе, ашылмай қояды. Қайта салып көріңізші! Жұлдыздың қиналғаны сонша, терлеп кетті. Ақыры төзімін тауысып барып, ашылды-ау! Ішке кірген әйел Жұлдызбен жылы амандас­ты. Ескі таныстай хал-жағдайын сұрады. Сосын асықпай, үй иесімен пәтерді аралады. Су жаңа баспанадан бір мін байқалмайды. Бәрі тап-тұйнақтай таза. Күрделі жөндеудің мұрты да бұзылмаған. Алған адам ұтылмайды. Дайын үйге ие болып шығады. Тек үй иесі елес болмаса. Жұлдыз өз ойынан өзі тіксініп қалды. Манадан сөйлеп тұрған пәтер іздеуші үнсіз қалған келіншектің бетіне сынай қарады.

– Үй жаңа. Кемшілігі жоқ па? – деп сұрады.
Жұлдыздың елесті айтуға жүрегі дауаламады. Бәрі жақсы деумен шектелді. Әрі сатып алушыны қорқытқысы келмеді. Кім біледі, жаңа үй иесі елестің көзін жоя­тын шығар. Пәтер іздеуші келіншекпен сыпайы қоштасты. Ал Жұлдыз түні бойы кірпік қақпады. Ұйқысы келмей, төсегінде дөңбекшіп шықты. Арада үш-төрт күн өтті. Алушыдан хабар болмады. Алайда жарнамамен қоңырау соғатындар аз емес. Пәтерді көруге келгендер де бар. Ақыры жас отбасының үйі иесіз қалды. Баспана сатылмай қойды.
Құттыбике САБЫРБАЙҚЫЗЫ
25 шілде 2019 ж. 1 475 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 68

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 63

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930