Майды күнге қыздырып, бауырсақ пісірді (видео)
Қазанды жерге қойып, бауырсақ пісірген әйелдің видеосы желіде жылдам тарап жатыр.
Ролик авторының айтуынша, бұл видео 60 градус аптап ыстық болып тұрған Қызылордада түсіріліпті.
"Күнге піскен бауырсақтың" видеосы желі қолданушыларының көңілін көтерді. Бірақ биыл жазда Қызылорда облысының ауа температурасы қырық үш градустан көтерілмеген еді, содан-ақ роликтің жалған екенін білуге болады. Оның үстіне саусағынан бал тамған аспаз келіншектердің өзі бауырсақты отқа пісірмесе болмайды дейді.
"Өмірде болмайтын дүниені неге түсіреді?" – деп жазады әлеуметтік желі қолданушысы Aigul Kustabaeva.
"Жұмыртқа қуырса бір сәрі, майды қайнатқаны тіпті артық", - деп жазады exstrima атты қолданушы.
Sputnik Қазақстан тілшісі бауырсақты дәмді пісіретін аспаз, көпбалалы зейнеткер, Қызылорда тұрғыны Бекзада Әлжановаға хабарласып, бауырсақты күнге қыздырылған майға қуыруға бола ма деп сұрады.
"Өмір бойы жеті ұлым мен немерелеріме тонналап бауырсақ пісірген шығармын, - дейді қарт кісі. – Бұл жерде майды жай ғана қыздырып қоймай, түтіндетіп, қайнату қажет. Бауырсақты жақсы пісіретін келіншектер отта тұрған қазандағы майдың қызғанын білу үшін, ішіне сіріңке тастайды. Сіріңке тұтанса, демек, бауырсақты қуыра беруге болады, май қайнады деген сөз. Бауырсақты пісіру үшін от жағу керек!".
Ал "күнге пісірілген бауырсақтың" видеосын көрген Бекзада әжей еріксіз езу тартты.
"Күлкілі екен!" – дейді ол кісі. – Мұны көрген талай келіншек қамыр илеп, отбасына бауырсақ пісіріп бергісі келген шығар. Жақсы емес пе, бәріміз білетіндей, нан пісірілетін үйде береке-бірлік болады, бауырсақ та нан ғой".