Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолда жүру қауіпсіздігі қадағалана ма?

Жолда жүру қауіпсіздігі қадағалана ма?


Жолда жүру қауіпсіздігіне ауа райының климаттық жағдайы айтарлықтай әсер етеді. Әсіресе қыс мезгілінде жолдың беткі қабаты мұздақтанып, автокөліктің қозғалуын қиындатады. Бұл төтенше жағдай туындауының ықтималдығын арттырады. Ауа температурасының төмендеуі автокөліктің қозғалтқыш бөлігінің, агрегаттарының жұмысына кедергі болады. Аккумулятор батареяларының жұмысқа қабілеттілігі мен дөңгелектердің төзімділігі төмендейді. Салдарынан көлік иелері төтенше оқиғаларға ұшырап жатады. Ал оның алдын алу бағытында тиісті жұмыстар талапқа сай уақытылы орындалғаны абзал.
Қазіргі күн райына сенім жоқ, аяқасты өзгере салады. Қыс айы басталмай жатып, алғашқы күндері күн күрт суытып, қытымыр аяз бірнеше күнге созылды. Осы кездері қандай ауа райы болса да, қызмет бабында жүргендер таңның атысы жұмысына баруы, кештің батысы үйіне қайтуы заңдылық. Біздегі мәселе көліктің кедергісіз жүруі. Ол үшін көше жолдары уақытылы қардан тазаланып, мұз қатқан жағдайда тұз не, құм себілуі тиіс. Сейсенбі күні қар қылаулап бастаған күйі екі күн тоқтамай жауды. Ертеңіне аяздың табымен мұз тайғаққа ұласты. Мұндайда жол қауіпсіздігінің алдын алатын мекемелер уақытылы қимылдауы міндетті. Дегенмен көше тазалығын қадағалайтын жұмысшылар құмды күрекпен тауыққа жем шашқандай төсегеніне таңданыстық. Олай да көзбоуяшлық жасауға болады екен-ау. Қайта аяздың беті қайтып, қар мен мұз еріді. Артынша күн де жайнап кетті. Бірақ қыс айы басталмай жатып, демде біте қоймас. Алда небір аязды күндер болатыны кәміл. Ал Әйтеке би кентінің көшелері қыс сынағына дайын ба? Аудан үздіктер қатарынан көрініп, ассенизатор, жолды тазалайтын щеткасы бар екі трактор және қоқыс тиейтін көлікке қол жеткізді дегенге саяды Әйтеке би кенті әкімшілігі. Ендеше жұмыстың жүйелі жүргізілгенін уақытында көре жатармыз.
Электрлі самокаттар көбейді
Бізде Әйтеке би кенті бойынша 300-ге жуық көше бар. Барлығы болмаса да, бірқатарының келбеті жақсарылып, автожолдары жаңартылуда. Алайда мұнда да олқылықтар көп. Мәселен, жолдың асфальті төселгенде міндетті түрде жаяу жүргіншілердің тротуары да салынуы тиіс. Мұнымен қоса арнайы жол белгілері ережеге сай орнатылғаны жөн. Бұның бәрі орайлы ойластырылып, кешенді атқарылуы абзал. Десек те бірі істелсе, келесісі орындалмай кейінге қалдыра беретін әдеттен арыла алмай жүрміз.
Соңғы уақыттары мектеп жасындағы жасөспірімдер электрлі мопедтерді жаппай иемденуде. Олар ек аяқты мопедті оңды-солды қызықтап айдағанымен оған қатысты заң қабылданғанынан бейхабар.
Ендеше еске сала кетейік, биыл елде электрлі самокаттарға қатысты жаңа заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес электрлі самокат веложолда, веложолақтарда, 25 км/сағат жылдамдықпен жолдың оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда жүре алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі керек.
Сонымен қатар электрлі самокат көлікке арналған жолмен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек. Мопед, электрлі самокат және велосипед жүргізушілері жолдың жүріс бөлігінде шлем киюі керек. Электрлі самокаттар ішкі істер органдарында тіркелмейді. Электрлі самокаттардың максималды жылдамдығы 25 км/сағаттан артық болса, ол "мопед" ұғымына түседі.
Мопедтердің, электрлі самокаттардың және велосипедтердің жүргізушілеріне басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуге арналған жарық шағылыстыратын затсыз жүруге тыйым салынады. Бұл талапқа сәйкес сізде кез келген жарық қайтарғыш элементі бар зат болуы керек. Ол кез келген киім болуы мүмкін: күртеше, қалпақ, жилет, аяқ киім, рюкзак, сөмке және арнайы жарық қайтарғыш ленталар.
Жүргізушіге жан-жағынан көрінуі үшін оларды киімдердің үстіне кию керек. Жастар осы талаптарды ұстанып жүр ме? Сонымен бірге электрлі самокат иелері арнайы жолмен жүре ме, жалпы мұндай жағдай жасалған ба? Автожолдарда жол белгілері неге сирек?
– Зерделеу жұмысын көктем мен күзгі мезгілде жүргіземіз. Құжаттама әзірлеп, тозығы жеткен белгілерді ауыстыру мен жаңадан қосымша жол белгілерін орнату жөнінде Қазалы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиісті нұсқамалары беріліп, бюджеттен қаржы қаралған жағдайда орнатылады. Ал одан арғы оларды күтіп-ұстау бойынша Әйтеке би кенті әкімшілігі қарайды, – дейді Қазалы АПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің жол және техникалық инспекция тобының мемлекеттік автоинспекторы, полиция капитаны А.Тен.
Неге аялдама маңы көлікке толы?
Бізде заң жоқ па, әлде тәртіпке келтіретін орган жоқ па? Әсілінде екеуі де бар. Бірақ жөнді орындалу жоқ дейді Н есімді тұрғын (автор атын жасыруды сұраған). Оның айтуынша, бүгінгі құқық қорғау қызметкерлері өз құзырын толыққанды атқармауда. Тұрғынның наразылығы мынада – заң бойынша аялдама маңында такси не жеңіл көлік тұрмақ түгілі тоқтауға тыйым салынған. Талапқа сай 50 метр қашықтықта тұруына да, тоқтауына да болады. Олай болмаған жағдайда айыппұл салынуы тиіс.
– Енді базар маңын қараңызшы. Аялдама маңы, базар жаны толған таксисттердің көлігі. Базар өзі айналымға келмейтін Әйтеке би көшесінің бойында тұр. Қоғамдық көлік пен жеңіл көліктердің тоқтаусыз өтетін көшеге бойлай таксистер тұрып алады. Заң жүзінде және жол ережесі бойынша бұл көліктер артқа жүрмеуі тиіс. Ал олар керісінше, артқа жүріп, авариялық жағдай туғызады. Осыны неге реттемеске? Базар мен барлық аялдама маңында ешқандай көлік тұрмауы қажет. Бұған қауқары жетпесе, несіне аудандағы полиция қызметкерлеріне көлік берілді? Қызу жұмыс істесін. Бәрін тәртіпке шақырсын. Сол үшін де олар құқық қорғау қызметкерлері емес пе? Неліктен өз құзырлық міндеттерін ретімен жүзеге асырмасқа? – дейді Әйтеке би кенті тұрғыны.
Жалпы кез келген халық көп шоғырланған жерде таксистерге арналған арнайы автотұрақ болуы тиіс. Ал Әйтеке би кентінде мұндай орын қарастырылмаған. Сондықтан тиісті мамандар тарапынан автотұрақ орны бөлінуі керек.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА


23 желтоқсан 2023 ж. 524 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930