Қалың қардан қауіп көп
Қыста қар түссе қауіптің күшейетіні анық. Әсіресе ұзақ жолға шығатын көлік жүргізушілері қиындықпен бетпе-бет келеді. Жаңа жыл басталғалы елімізде қар аралас жаңбыр жауып, соңы боранға ұласып жатыр. Бұл жолда жоғары жылдамдықпен жүргендерді ажалмен беттестіріп, көп көліктің қарлы боран астында қалуына себеп болып отыр. Қазірдің өзінде елімізде ауа райының байланысты 72 жол учаскесі жабылды. Оның 40-ы республикалық, 32-сі облыстық маңызы бар жолдар. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда жолдардағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық штаб құрылды. Мұндай штабтар облыстарда да жұмыс істейді. Соңғы деректерге сүйенсек, бақылау бекеттерінде 1000-нан астам көлік жиналып қалған. Өткен тәулік ішінде құтқару бөлімшелері 691 адамды эвакуациялап үлгерді. Оның ішінде 137 бала бар, 145 техника қар құрсауынан шығарылды. Осы тұста көлік жүргізушілері қыста жолға шығар алдында жауапкершілікті ұмытпауы тиіс. Бұл үшін қарапайым қағидаларды назарға саламыз.
Қазіргі күні мал шаруашылығымен айналысып отырған қазалылықтар жүздеп саналады. Сондай-ақ ауданға келетін, кететін көліктердің, жолаушы тасымалымен айналысатындардың қарасы қалың. Сондықтан жолға шығар алдында мұқият ауа райы болжамын зерделеу керек. Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтау маңызды. Бұдан кейін төтенше жағдай бола қалған жағдайда «темір тұлпардың» уақытша панаға жарауын қаперде ұстау керек. Алдымен көлікке қосымша отын қорына арналған канистр мен құйғысын түгендеген жөн. Сондай-ақ, автомобильге арналған тент, яғни көлікқапты ұмытпаңыз. Оның көмегімен автомобильді қардан бүркемелеп, өзіңіздің жаныңызға кішкене кеңістік жасауға болады.
Қыс мезгілінде кез келген уақытта жолды қар жауып тастайтынына көз жетті. Осындай ауа-райында күрек, балта, пышақ, көлік сүйрейтін арқан, ыстық шай құйылған термос пен азық-түлік қоры, газ жанғышы мен дәнеркерлеу лампасы, қолшам, мүмкіндік болса GPS-навигатор сатып алу да артық болмайды. Ал жылы киімдер мен картон қағаздары, құм немесе қиыршық тас қап, сырғанамайтын шынжырды әдетте тәжірибелі жүргізушілер естен шығармайды. Бұдан бөлек, міндетті түрде көліктің қосалқы дөңгелегі, домкрат, дөңгелекке арналған кілт, жөндеу жиынтығы, сорғы, аккумулятор қуаттайтын сым, авариялық тоқтау белгісі, өртсөндіргіш пен дәрі қобдишасы болуы тиіс.
Көптеген көлік жүргізушілері жолда келе жатқанда боран басталған жағдайда не істеу керегін нақты білмейді. Мұндайда тұманға қарсы шамдарды, сондай-ақ авариялық белгіні қосу керек. Алдында немесе бүйір жағында кедергі болғанда қауіпсіз тоқтау үшін жылдамдықты біртіндеп азайтқан жөн. Бұл кезде өзге көліктерді басып озуға болмайды. Ара қашықтықты сақтаған дұрыс. Қазіргі күні көптеген жол көлік оқиғасы қарапайым талаптарды сақтамағаннан орын алып жатырғанын айта кету керек.
Елді мекеннен алыс жерлерде бұрқасын, боран кезінде немесе көру қашықтығы нашарлаған кезде қар астында қалып қоюыңыз мүмкін болғандықтан кез келген автожолда қозғалысты жалғастыру өте қауіпті. Мүмкіндігінше жанармай бекеттері, жол бойындағы дәмхана, дөңгелек жөндеу пункті, кемпинг, жүк көліктерінің тұрағы, парковка және т.б. болуы мүмкін жақын маңдағы қауіпсіз орынға жетіп алған дұрыс. Тік жолдың бойына тоқтамаған жөн.
Егер қозғалу мүмкін болмаған жағдайда және көмексіз шыға алмайтын болсаңыз, үрейге бой бермей «112», «101», «102» шұғыл қызметтерінің телефон нөмірлеріне қоңырау шалыңыз. Өзіңіздің координаттарыңызды, отын қоры және көбірек қауіптенетін жайттан ақпар беру керек. Жорытқанда жол болсын!
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ