Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» Қауіпсіздік – басты назарда

Қауіпсіздік – басты назарда

Жол-көлік оқиғасына түрлі факторлардың әсер ететіні белгілі. Мұндай келеңсіздіктер табиғи жағдай мен жол сапасына тікелей байланысты. Десек те, көп жағдайда адами фактор әсер етеді. Көлік жүргізушілері жол үстінде қателікке ұрынып, ажал құшып жатады. Осының бәрі біздің елде көлік жүргізу мәдениетінің тым төмен екенін көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, елдегі мұндай келеңсіздіктердің 30 проценті жылдамдықты арттырудың салдарынан орын алады екен. Осы тұста, Қазалы аудандық полиция бөлімі тиісті шара мен мониторинг жұмыстарын көптеп жүргізуде. Алайда жасалып жатқан үгіт-нәсихат жұмыстарын ой-електен өткізіп, олардан нәтиже шығару әрбір азаматтың өз қолында.

Нағашыбай НАРЫМБЕТ, аудандық Полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Жол заңы дұрыс жүріп, абай болуды талап етеді. Жолдың қалыпты қозғалысы көбінесе тұрғындардың жол бойында қалай болса, солай жүріп, велосипедпен, жүріп бара жатқан көлікті көлденеңнен кесіп өтуінен орын алып жатады. Ондай жағдайда көбі ауыр жарақат алып, сал күйге түсіп арбаға танылса, тіпті кейбірі қаза тауып, қайғыға душар етеді. Сондықтан әрбір жан жолда жүру ережесі мұқият ұстануы қажет.
Ал жол қауіпсіздігінің Қазалы ауданындағы ахуалына тоқталар болсақ. Барлығы жоғары дәрежелі сақтықта деп айта аламын. Себебі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол қауіпсіздігі мен адам өмірін сақтауда көптеген жұмыс жасап жатыр. Атап айтар болсақ, бақылау камераларын құрып, сол арқылы тәртіп бұзушыларды анықтап, оларға бақылау жүргізуде. Одан бөлек, көліктердің көше бойында дұрыс қойылуын да қаперге алуда.
Сонымен қатар олар көптеген іс-шаралар да өткізіп жатыр. Мәселен тұрғындар арасында жол ережесін сақтау, қоғамдық орынды ластамау, бұзақылықтарға бармау және көлік тізгіндеген жанға ішімдік ішуге болмайтындығы сынды түрлі шаралар мен мониторингтік жұмыстар жүргізіп жатқанын күнделікті өмірде де, әлеуметтік желіде де көріп жүрміз.
Құрметті аудан тұрғындары сіздерді жол ережесі мен тәртіпті бұзбауға шақырамын. Қазақта жақсы тәмсіл бар «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген. Тиісті органның атқарып жатқан жұмысы мен әрбір іс-шаралары ең бірінші – сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін екенін естен шығармайық.

Кемал КӨПЖАСАР, кент тұрғыны:
– Қазіргі таңда ауданда көлік саны жылдан-жылға артып келеді. Тиісінше жаяу жүргіншілер саны да аз емес. Сол себепті жол-көлік оқиғаларының қаупі арта түсуде. Сондықтан да көлік пен мен жаяу жүргіншілердің көше мен жолдарда ережені сақтап, мұқият болуы қажет.
Дүние жүзі бойынша, күн сайын жолда немесе оның бойында, орта есеппен алғанда 18 жас шамасында – 500 адам қаза болып жатады екен. Жол апаттары қаза болудың негіз болып табылады. Жол-көлік апаттары дүние жүзінің әр аймағында жиі тіркеледі. Олардың құрбандары жоғарыда айтқандай көбіне жас­тар.
Кіші және орта жастағы балалардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғала кетсе, жол қауіпсіздігі жоғары өмірлік маңызға ие. Оларға қауіпсіздіктің негізгі ережелерін үйрету ешқашан ерте де, кеш те емес.
Осы орайда, Қазалы ауданы бойынша жол мәдениетін қалыптастыру бағытында жергілікті жердің полиция бөлімі ауқымды жұмыстар атқаруда. Әрине, ондағы бас­ты мақсат – азаматтарға жол қателікті кешірмейтінін түсіндіру.
Ауданда жол пайдаланушылардың қырағылығын арттыратын көп деңгейлі өткелдер мен және қозғалысы қауіпсіздігінің сапалы элементтерімен қамтамасыз ету жұмыстары күшейіп келеді. Сондай-ақ халық арасында автомобиль жолдарынан өту ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары да кем қалған емес. Алайда, ең алдымен өз өмірімізге – өзіміз жауаптымыз. Осыны әр азаматтың санасына құйсақ.
Кент тұрғындарының тек қана жолда жүру қауіпсіздігін ғана емес, түн тыныштығын күзетіп жүрген қырағы күзет қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.

Ғалымжан АМАНОВ,аудандық полиция бөлімінің, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры:
– Қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселелердің бірі – жол көлік оқиғалары. Бүгінде оның саны өсім алып отыр. Адам өліміне әкеліп соқтыратын жол көлік оқиғаларының 6-уы М-32 Шымкент-Самара тас жолы бойында орын алған.
Дегенмен, жол көлік оқиғаларының алдын алуда Қазалы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлерімен атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар да аз емес.
2022 жылдың 7 айында жергілікті полиция құрылымдармен жол қозғалыс ережелерін бұзудың барлығы – 1455 құқық бұзушылық анықталған. Әрине, оның барлығы тиісті бабы және жолдары бойынша жазаланды.
Жыл басынан бері аудан көлемінде бірнеше рет «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқық тәртібі», «Мас жүргізуші» және «Жаяу жүргінші» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Жүргізушілерге салынған айыппұлдарды өндіру мақсатында бөлімнің ӘПб-нің әкімшілік практика тобының қызметкерлерімен бірлесіп өткізілген «Борышкер» іс-шараларында және Қазалы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп, автокөлік салығын және құжатсыз жолаушылар тасымалдаумен айналысатын жандарды анықтап, шара көруде бірқатар рейдтік жұмыстар үнемі жүргізілуде.
Сонымен қатар аудан көлемінде өткізіліп жатқан көптеген бұқаралық мәдени-көпшілік іс-шараларда қоғамдық тәртіппен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары атқарылды.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сабақ уақытында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы мектептерге бекітілген учаскелік полиция инспекторлары күнделікті мектеп қызметкерлерімен бірлесіп оқушылардың сабаққа келуі мен қайту аралығында мектеп алдындағы авто­көлік жолдарында жол қауіпсіздігін қадағалауда. Мектеп инспекторлары өздеріне бекітілген білім беру ұйымдарында ай сайын оқушыларға жолда жүру ережелерінің қауіпсіздік шараларын сақтау туралы лекциялар мен дәрістер оқуда. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылынан бастап қайта жалғасын табады.
Жалпы, жол көлік оқиғаларының алдын-алуға қоғам болып жұмылатын болсақ, аймақта ахуалды тұрақты ұстауға септігін тигізетін болады.
Полиция қызметінің негізгі жұмыс критерийі – ол бізге деген сенім.
Сол себепті, жергілікті тұрғындар қауіпсіздігі үшін аянбай қызмет атқаратын боламыз.


---
27 тамыз 2022 ж. 349 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930