Жолшылар су тасқынына қарсы шараларды қолға алуда
Елдің оңтүстігінде күтілетін күрт жылынуға байланысты Көлік министрлігіне қарасты Автожолдар комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және «Қажсервис» ЖШС Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан, сондай-ақ Жетісу облыстары бойынша филиалдары басшыларының қатысуымен автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша кеңес өткізді.
Жолшылар жауын-шашынның көп түсуіне және ауа температурасының жоғарылауына байланысты орын алуы мүмкін су тасқынының алдын алу бойынша шараларды талқылады.
Өңірлер жолдардағы жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап берді. Сөз кезегінде Ғ.Өтенбаев су тасқыны қаупі бар учаскелерде көпірлерге, мал айдындарына, құбырларға және жасанды құрылыстарға мониторинг жүргізуді, сонымен бірге су айдындарындағы судың деңгейін тексеруді тапсырды.
Метеорологтардың болжамы бойынша, Түркістан облысында 25 желтоқсаннан кейін температура 11 градусқа дейін, Таразда +13℃ дейін, Қызылорда облысында +11℃ градусқа дейін, Шымкентте +14℃ дейін, Алматыда +11℃ дейін көтеріледі деп күтілуде. Жылы ауа-райы 1 қаңтарға дейін жалғасады деп күтілуде.