Тұңғыш бала кімдікі?

Айдостың әсем қала Алматыға келгеніне алты айдан асты. Осындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде студент. Сабағы да, курстас достары да жақсы. Қарбалас тірлікке толы қала өміріне де үйреніп қалды. Алайда, көңілі алабұртып ауылды аңсайды. Бірақ, ол жақта да бұны бұрынғыдай асыға күтіп отырған ешкім жоқ.
Айдос мектептің 10 сыныбын тәмамдаған жылы әкесінен қапыда айырылып қалып, қабырғасы қайысты. Бұл қайғыны көтере алмаған апасы Злиха да жиі ауыратынды шығарды. Бір күні сабақтан келген Айдосты «Құлыным, саған айтуға тиіс әңгімем бар» деп жанына шақырды. Ұзақ әңгімеден кейін Алматыдағы үлкен ағасы Асқар мен жеңгесі Сабираның туған әке-шешесі екендігін білді. Көңілі құлазып, жүрегін біртүрлі сезім биледі. Бұл шындыққа Айдос қуана қоймады. Өзін не анда, не мында жоқ дүбәра адамдай сезінді.
Уақыт жылжи берді. Әкесі Жетестің жүз күндік садақасы өткен соң, апасы Злиха да өмірден озды. Осы күнді күткендей-ақ жеңгесінің де қайнысына деген көзқарасы мүлдем өзгеріп кетті. Бұрындары «кенже бала» деп құрақ ұшып тұратын жеңгесінің жүзі суық. Айдосты бұл отбасында артық санап, жақтырмайтынын ашып айтпаса да іс-қимылымен аңғартатын. Ағасымен де жиі сөзге келіп қалатынды шығарды.
Бір жолы қорадағы малды жайлап болып, үйге енген Айдос ағасының телефонмен сөйлесіп жатқанын естіп қалды. Әншейінде үйге кіре беретін ол өзінің аты аталғасын еріксіз есік сыртынан тыңдады. «Айдос қашанғы ауылда жүреді. Қолдарыңа алғандарың дұрыс. Біздің де бала-шағамыз өсіп келеді» деп жатыр. Бұл әңгімеден кейін-ақ ағасының кіммен сөйлескенін бірден аңғарды. Телефондағы әңгіме «Иә, жарайдымен» тәмамдалды.
Осы күннен бастап, жеңгесінің де жаны жадырап сала берді. Екі ай өткенде Айдос мектепті бітірді. Алматыдағы үлкен ағасы, яғни туған әкесі келіп, оны үйіне алып кетті. Бұнда ағасы Асқар, жеңгесі Сабира мен екі бауыры тұрады. Айдос отбасына бесінші болып қосылды. Сабира ауылдағы жеңгесіндей емес мейірлене қарайды. Іш-же деп алдына барын тосып, киімдерін де жаңалады. Асқар да «айналайын, Айдосжан» деп жақын тартады. Алайда, он алты жыл жырақта өскен оған туған әке-шешеге сіңісіп кету оңайға соқпады. Бұны Асқар мен Сабира да сезеді. Кезінде «жұмыс-жұмыс» деп тұңғышын бір жасқа толар толмастан туған жердегі ата-ене қолына аманаттап, арман қала Алматыға аттанып кете барған асығыс қадамдары еске түсіп, өкінді. Екеуінің де ата-әже тәрбиесіне айтар назы жоқ. Бір әттеген-айы, туған баласын құшағына қысып, маңдайынан мейірлене сүймегеннің кесірі тиерін кеш білгендіктері ғана болып тұр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА