Мейірімі мол Жамила ана
Қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келіп, ізгі істерімен ел сеніміне ие болған, артына өшпестей із қалдырған аналарымыз өте көп. Соның ішінде Бегім ананың ізін басып, Роза Бағланова мен Көлжан Оразалиеваның жолын жалғап келе жатқан қыз-келіншектерін мақтанышпен айтуға болады.
Кешегі Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылда жанқиярлықпен еңбек етіп, жетім балаларын өсіріп, қарашаңырақты сақтап қалған аналар нағыз батырлар емес пе?! «Соғыс аналарын» және бейбіт заманда да солардың ісін қайталап, көпке үлгі бола білген қыз-келіншектерді дәріптеу біздің адамгершілік борышымыз. Бүгінгі әңгімеміз анасы о дүниелік болып, 17 жасынан бір үйге иелік етіп, алты бауырын асырап, адам қылған һәм қарашаңырағын сақтап қалған Жамила Құттымұратқызы Әжібаева туралы болмақ.
Әкесі мен анасы қатар шақырса бірінші анаға бару пайғамбарымыздан қалған сүннет. Мұны айтуға себеп болған «Мерей күріш зауытының» менеджері Бауыржан Аралбекұлының бір ай көлемінде үш бірдей шаруасының қатар келгені. Жамила анасы 60 жасқа толса, әкесі Аралбектің о дүниелік болғанына 10 жыл толып және өзі 30 жасқа жетіпті. Бауыржан баламыз Пайғамбарымыздың сүннетін орындап, әуелі аяулы анасының 60 жылдығын жасады. Сондай-ақ әкесіз өткізген он жылдық парызын өтеп, анасына қуаныш сыйламақшы.
Мерей жасын тойлап жатқан Жамила ана 1962 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген. Әкесі ел аузына жақсы атымен іліккен шебер ұста, құрметті құрылысшы. Төртқара Матай Үмбет бидің ұрпағы Құттымұрат Әжібайұлы мен анасы батыр Қарасақал, майталман теміржолшы Жұмабайдың қызы Аманкүлден өрбіген үш қыз, бес ұлдың екіншісі.
Жәмила ана Кеңес дәуіріндегі барлық балалардай октябрят, комсомол атанып, қызыл галстук тағып, солардың ішінде белсендісі болып, Қазалы қаласындағы қазіргі Ғани Мұратбаев атындағы мектепті 1979 жылы жақсы оқып бітіреді. Жастайынан пысық болған Жәмила, ата-анаға көмек, бауырларына қамқоршылық жасады. Мектепте белсенді, үйдің ұйытқысы болды. Білім ошағын бітірген бойда шешесі Аманкүл о дүниеге аттанғанда, Жәмила өрімдей он жетіде болатын.
Анасынан қалғаннан кейін нағашы ағасы Мұхарап Алматыға оқуға апарғанмен, Жәмила денсаулығына байланысты оқуға түсе алмайды. Келесі жылы бауырларын күтіп отырған әпкесі Гүлжамила күйеуге шығып, бауырларына қарау үшін үйде болуы керектігінен тағы да оқудың реті келмейді. Бірақ кейіннен Шымкент қаласында «бухгалтерлік курсын» бітіріп, сол мамандығы бойынша аудандық «Казсельхозтехника» мекемесінде кассир, секретарь, бухгалтер болып жемісті еңбек етеді. Белсенділік көрсетіп, Комсомол бастауыш ұйымын басқарады. Коммунистік партия қатарына өтіп, партия бағдарламасын іске асыруға атсалысады. Бірнеше мәрте социалистік жарыстың жеңімпазы атанады. Суреті «Құрмет» тақтасынан орын табады. Кейіннен он бес жыл үздіксіз медицина саласында оның ішінде тубдиспансерде еңбек еткен науқастарға аянбай қызмет көрсетіп, олардан қаншама риясыз алғыс алады.
Айтып кеткендей, 17 жастағы Жамиланың басына бір үйдің барлық тіршілік тауқыметі түседі. Қартайған әжесі, әкесі және өзінен кіші алты бауыры Жамиланың қолына қарап қалады. Үлкен інісі Мұратбай 14-те болса, ал ең кішісі Бағиласы екіден жаңа асқан еді. Бір жылдан кейін әжесі, бес жылдан кейін әкесі келмеске аттанады. Ал қолғанат боп жүрген Мұратбай інісі Жамбыл қаласына оқуға кетеді. Қалған бес баланы бағып-қағу, оқыту, тәрбиелеу, асырау осы Жамиланың мойнына түседі.
Осылай жүріп курс бітіріп, жұмыстан да қол үзбейді. Бауырлары біртіндеп өмірден өз орнын таба бастайды. Әпкесі Гүлжамила жақайым Еркінмен отау құрып, бес бала тәрбиелеп, өсіріп, туған Қазалы қаласында тұрады. Мұратбай, Асылбек, Жаңаберген мен Бағиласы Алматыда, Мұратбегі Қарағандыда, ал Құдайберген інісі Шымкентте жоғарғы оқу орындарын бітіріп, үйлі-баранды болып өмір сүруде.
Нағашысы Мұқарап бірде отырып: «Менің жиендерім келешекте әрқайсысы бір-бір қаланы басқарып отырады», – депті. Сол айтқаны келіп, оқу бітіргеннен кейін, бір-бір қаланы басқармаса да, Мұратбай мен Асылгүлі Ақтөбеде, Мұратбек пен Гүлмариясы Таразда, Асылбек пен Зоясы Алматыда, Құдайберген мен Күнсұлуы Шымкентте, Жаңаберген мен Ақтотысы Оралда, ал Бағиласы қырғыз Анарбекпен Алматыда – бірі кәсіпкер, бірі өз мамандығына сәйкес жұмыс істеп, ойдағыдай тұрып жатыр.
«Бәрінің де жоғарғы білім алуына, жақсы адам боп кетуіне Алланың қалауы мен талаптылығынан басқа, сол кездегі мемлекеттің жетімдерге деген үлкен қолдауы себеп болды», – дейді Жамила ана. Бауырларын бағып-қағуға, оқуына, жүріп-тұруына қамқоршы Жамилаға да үкімет жетерліктей қаражат бөліп тұрған. Осының арқасында бәрін де адам етіп, аяғына тұрғызған.
Оқуын бауырлары үшін құрбан етіп, ата-анасын жоқтатпай, бағып-қағып төккен тері бос кеткен жоқ. Бұны халық көріп, Жамилаға батасын берсе, ал ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Елеу Көшербаев Жамилаға өз қолымен «Мейірімді жан – 1989» дипломын тапсырып, еткен елеулі еңбегін жұртқа паш етті. Өз сөзінде: «Бай болсын, жарлы болсын, әкім болсын, шаруа болсын, қария болсын, жас болсын, бәріне де бұл өмірде ең керегі ол мейірімділік», – деді. Халықты Жамила жасаған мейірімділікке шақырды. Бұл оның еңбегіне берілген үлкен баға болатын.
Біздің Жамила адуынды, сөзге шебер, әнші, биші, қатар-құрбыларының басын қосып, отырған жерін көңілді, думандатып жүретін жан. Достарының көбі ер балалар. Мұхан Түрекешов жары Жақсыбике, Түркменбай Таубаев жары Базаркүл Аманова, Байқоңырдан кәсіпкер Темірбек Бекниязовтармен жиі араласады. Жақсылығына қуанып, қиналғанда жанынан табылатын достарын мақтанып айтады.
Бауырлары да өз аяғына тұрғаннан кейін Гүлжамила мен Жамила әпкелеріне, бір-біріне қолдан келген көмектерін аяған емес. Әсіресе інісі, қазіргі кезде Ақтөбеде тұратын, белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері, бабасы туралы «Матай Үмбет би» кітабын шығарған Мұратбай Әжібаев үш баласымен жесір қалған Жамила әпкесін қолдап, үй салуына көмектесіп, әрдайым көмегін аямай, жалғыз ұлы Бауыржанының адам болып, атқа мініп кетуіне Мұхарап нағашысы екеуі атсалысып келеді.
Жамила 1990 жылы Көзгене төртқара Аралбекке күйеуге шығады. Аралбектің әке-шешесі Аралда тұрып, өзі Майдакөл ауылындағы ата-әжесінің қолында тәрбиеленеді. Туған анасы Айтжамал бүгінде Арал қаласында тұрады. Алты ұл, үш қыздың ең үлкені.
Аралбек автожүргізуші һәм қолы алтын, шебер автожөндеуші болған. Жамиламен 22 жыл отасып, 2012 жылы елу жасында ерте дүниеден озды. Екеуі қос қыз, бір ұлды болды. Үлкен қызы Фарида Алматыда медицина саласында еңбек етеді. Ал күйеуі Найман Жарқын инженер, төрт балалы. Кенже қызы Гүлайым Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Өзі инженер, ал күйеуі – математик. Бір баласы бар. Ұлы Бауыржан, жары Айгүлмен қарашаңырақта, анасы Жамиланың қолында. 2015 жылы Алматы Еуразия техникалық университетін тәмамдаған. Қазіргі кезде Есқожаевтар құрған іргелі «Мерей» күріш зауытының менеджері.
«Отызда онша желің басылмайды, дегенмен балалықтан барам шығып», – деп Сыр сүлейі Тұрмағамбет жырлағандай, Бауыржанымыз балалықтан шыққан, сөзі орнықты, әңгімелері адам тыңдарлықтай екен. Бағила әпкемнің қолында болуым, кәсіпкерлікті меңгеруге септігін тигізді дейді. Ұраны «Нәтижелі еңбек, еңбек бәрін де жеңбек». Бастығы Медеу де еңбекқорлығына оң баға береді.
Айгүл келін Оралда универиститет бітіріп, Мәскеуде ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі атанған білікті маман. Бүгінде Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде ұстаздық етеді. Дарья мен Елмұра атты бөбектерінің анасы.
Жамила өз сөзінде: «Мен бақытты анамын, себебі, бауырым бүтін, басым аман. Ұлым Бауыржан әкесінің шаңырағын түтетіп отыр. Ұл-қыздарым адал, ұрпақтарым өсіп келеді. Мен бауырларым, балаларым, немерелеріммен қуанамын. Өзім жоғарғы білім алмасам да, жоғарғы білімді алты бауырым, балаларым мен келін-күйеулерімнің деканымын. Бәрі де айтқанымды екі етпейді. Баста баспана, бәрінің де жұмысы бар. Дос-туыс, ағайын-жекжатқа, құда-құдағайларға, Қазалы қаласында беделдімін. Бақыт деген осы емес пе?!», – деп ағынан жарылды. Шындығында бәріміздің де іздеп жүрген бақытымыз осы шығар.
Өз өмірбаянына тоқтала келіп: «Осы өмірде көрген қиыншылықтарға төзе білуге, оны жеңе білуді нағашым Мұхарап үйретті. Қайғыммен қуанышымда нағашым қасымда болды. Әлі күнге дейін менің қамқоршым болып келеді. Жастай ата-анамнан, жолдасымнан айырылып көптеген қиындықтарды көрдім. Әрқашанда нағашым жанымнан табылып, төрімде отырады, оған мың да бір алғыс айтамын. Нағашыммен мақтанамын», – деп нағашысына деген шынайы алғысын жеткізді.
Хакім Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың» – депті. Ата дәстүрін бойына сақтаған Жамила ана, қара басының қамы үшін емес, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылып, бүгінде ақылы толыққан алпыстың асуынан бақытты болып асып отыр. Көпке үлгі болып, мейрімділіктің не екенін жұртқа паш етіп, құрметті де ардақты ана атанып, арамызда жайраңдап, саламатты ұзақ жасауды Жаратқан Иең Өзіңе нәсіп етсін!
Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі