Айықтыру орны аса қажет
Өткен жолы бір оқиғаның куәсі болдым. Төле би көшесінде тұратын нағашыларымның үйіне қонаққа барғам. Сол сәтте көрші үйге келін түсіп, дүбірлі той болып жатты. Бірер уақыттан соң кері қайтатын болып сыртқа шыққанымда есік алдындағы айқайлаған дауысты естіп, солай қарай жақындадым. Сөйтсем ішімдікті шамадан тыс ішкен бір азамат тойдың шырқын бұзып жатқан көрінеді. Бірнеше минуттан соң полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп үлгерді. Әлгі ер кісіні алып кеткісі келген олар артық әңгімеге бармай бөлімшеге жүруін өтінуде. Алайда ащы судан ұрттаған азаматтың «Мыналар маған не істей алады дейсіңдер! Бар болғаны бөлімшеде 3 сағат ұстап, айыппұл салады да кері қайтарады» деген осы бір сөзін естіп құлағым елең ете қалды.
Тек бұл ғана емес. Менің үйімнен бір-екі үй кейін орналасқан көршімнің шарбағында екі күннің бірінде шу шығып жатады. Себеп – үй иесінің арақтан аузы құрғамауы. Жаман әдеті сол ішкен күні шаңырағына келіп, әйелі мен балаларын сабап, айналасын басына көтереді. Бірде балалардың жан түршігерлік жылаған даусына шыдай алмай көрші үйге қарай асықтым. Ауласына кіріп, араша түстім.
Содан не керек, шамалы уақыттан соң шарбаққа полицейлер кіріп келді. Бір қызығы, осы сәтте көршім әйеліне қолын ала жүгіріп «Мыналарды шақырған сен бе?» деді. Бірақ жарының еш жазығы жоқ. Ішкі істер қызметкерлеріне хабар берген қарсы үйдегі көршілер. Сол арада қызыл жағалылар шу шығарған көршімнің ай-шайға қарамай бөлімшеге барып сөйлесетінін айтып көлікке салып алды. Әрине үстінен арыз түскен азамат бөлімшеге баруға міндетті. Алайда артынша әйелі оларға «Сіздер алып кеткенмен не пайда? 3 сағаттан соң шығып, қайтадан ішіп келіп мазамызды алады ғой. Мейілінше алып кетпегендеріңіз дұрыс» деп жатқаны мені таңғалдырды. Бұл екі оқиғадан не түйдік? Осындай сәтте қауқарсыз күйде қалатын полиция қызметкерлері мен ішімдік ішіп қоғамдық ортада байбалам салғандарды қамайтын ауданда масхананың жоқтығы.
Есте болса бұрындары ішімдік ішіп қоғамдық ортада шу шығарғаны үшін ішкі істер қызметкерлері айыптыны бөлімшеге апарып қамауға алатын. Қазір оның ауылы алыстап, Жалағаш ауданына ауыстырып жібергелі қашан. Одан бөлек әкімшілік құқық бұзғандарды қамау орны да бар болатын. Алайда өткен жылдан бастап ол да жабылды. Ендігі жерде көшеде шу шығарған мас азаматтар бар болғаны бөлімшеде 3 сағат отырып, қайта босатылады. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Олжас Қожахметовтен сұрап білдік.
– Шыны керек, масхананы қайта ашу қажеттігін қос қолдап қолдаймын. Бұрынғы заңнамада қоғамдық орында ішімдік ішіп, шу шығарған азамат 440 баппен 2 тәулікке қамауға алынатын. Ал қазір осы мәселе бізге қиындық тудырып отыр. Неге десеңіз, масхана жабылғаннан кейін арыз немесе көшеде ұсталған маскүнемді ішке әкелгеннен кейін оған айыппұл салып, 3 сағаттан соң босатып жібереміз. Одан кейінгі жағдай соттың құзырында.
Жақында кентте жол-көлік оқиғасы орын алды. Жәбірленуші азаматша ішімдік ішкен болып шықты. Одан қалды бір ер кісі үйінде шу шығарып, оны ішке әкеліп қажетті шараларды қолданып босатып жібергенімізде үйіне барып әйелін оңбай соққыға жығып, ауруханадан шығарды. Егер масхананы ауданда қайта ашар болса, осы сынды оқиғалардың алдын алған болар едік. Былтыр осы мәселеге жауаптылар келіп, бөлімшеде ашуға болатыны жөнінде айтқан. Алайда одан кейін елде вирус тарап, осы бір жағдай оң шешім таппай қалды, – деді Олжас Шынарбайұлы.
Шындығында бізде масхананың жоқтығын кез келген азамат жақсы біліп алған көрінеді. Көшеде ойына келгенін істеп ұсталып қалса, қайта босата салатынынан да хабардар. Айыппұл арқалап, аудандық сотта ісі қаралып, қылмыстан оңай сытылып кететінінен де үмітті. Оның үстіне мұндай оқиғалар жиілеп кеткенін полиция қызметкерлері де жоққа шығармайды. Егер алдағы уақытта осы түйткілдің түйіні тарқатылмайтын болса, әлі талай оқыс жағдайдың куәсі боларымыз сөзсіз. Сондықтан дер кезінде қажетті орынды ашу шараларын қолға алу қажет секілді. Сайып келгенде ұсыныс бізден, қолдау жауаптылардан болса деген тілек біздікі.
Абзал ЖОЛТЕРЕК