Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Трансплантация: Үзілмеген үміт

Трансплантация: Үзілмеген үміт


Қазір қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беруді үйден шықпай, «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы тіркей аласыз. Ол үшін өтініш беруші порталда авторизациядан өтуі және өтінімге ЭЦҚ қою қажет. Бірнеше минуттан кейін мәртебе жаңартылады және екі тілдегі ерік білдіруді тіркеу туралы анықтама қолжетімді болады. Осылайша бір-екі мәрте батырманы басу арқылы сіз бірнеше адамның өмірін құтқаруға себеп боласыз. Дегенмен бұндай батыл қадамға екінің бірі бара бермейді. Жалпақ тілмен айтқанда өз ағзамызды ерікті түрде өзге мұқтаж жанға «аманаттауға» әлі де жүрексінетініміз жасырын емес. Жалпы «Ағзаларды транспланттау деген не»? «Ол қалай жүзеге асады»? «Мәйіттік донор кімдер бола алады?» Сіз донор болуға дайынсыз ба?

Өмір сыйла өзгеге
Қазір медицинасы қарқынды дамыған елдерде жоқтан бар жасап береді. Яғни, өлім аузындағы адамға керекті мүшені өзгенікінен алып, салып беру арқылы оны аяғынан тік тұрғызады. Біздің отандық медицинамыз да осы жолда аянбай еңбек етуде. Мәселен, мамандарды шетелде оқытып, білімдерін арттырып, халық игілігіне жаратуда. Деректерге сүйенсек, өткен жылдары елімізде бірінші рет науқасқа донордың жүрегін ауыстырып салу операциясы сәтті аяқталған.
Алдымен ағзаларды транспланттау туралы толығырақ айтайық. Бұл – ағзаларды және тіндерді организмдегі басқа жерге немесе басқа организмге ауыстырып қондыру. Ауру жас талғамайды. Ағзаларды транспланттауға ересектер мен қатар балаларда мұқтаж. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 210-бабы 1-тармағына және 212-бабы 1-тармағына сәйкес, он сегіз жастағы және одан үлкен, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін, транспланттау үшін нотариат куәландырған келісімін білдірген адам ағзаның және тіндердің тірі кезінде доноры бола алады. Екінші жағдайда он сегіз жастағы және одан үлкен, миының біржола семуі расталған, ағзалары немесе тіні реципиентке жарамды адам қайтыс болғаннан кейінгі донор болуы мүмкін. Яғни, мәйіттік донар дегеніміз осы. Екі жағдайда да донордың денсаулығы жіті тексеріліп, онда инфекциялық аурулар, қант диабеті және кейбір басқа аурулар болмауы нақтыланады.
Біздің елде жүректі, өкпені, бауырды, бүйректі, ұйқы безін транспланттау жүргізіледі. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінде балаларға донор болуға тыйым салынған. Сонымен қатар қайтыс болған сәтінде жеке басы анықталмаған адамдардың да ағзасын алуға болмайтындығы аталған кодексте көрсетілген.Қазақстан азаматтарының ағзаларын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да трансплантаттау үшін алуға заңмен тыйым салынады.
Ресми ақпарат көздері елімізде жыл сайын трансплантацияға мұқтаж 300 науқастың көз жұматындығын көрсетеді. Ал төрт мыңға жуық қазақстандық сау ағзаға зәру. Оның ішінде 100-ден асабала бар.Өкінішке орай жыл өткен сайын бұл көрсеткіш жоғарыламаса, төмендемей тұр. Сау ағазаға мұқтаждардың басым көпшілігіне, яғни 3500-ге жуығына бүйрек, 200-дей адамға бауыр, 150-ге тартқа жанға жүрек, 10 шақты науқасқа өкпе қажет.
Қазақстанда ағзаға мұқтаж жандар тізіміне ену үшін арнайы күту парағы бар. Бұл компьютерлік бағдарлама. Күту парағы – Қазақстан бойынша ортақ. Күту парағында транспланттау қажеттілігі туралы нақты шешім қабылданған адамдар тұрады. Қазақстанда транспланттау операциялары Ақтөбе мен Шымкентте, Астанадағы ана мен бала, трансплантология және онкология орталықтарында, Алматыдағы Сызғанов атындағы хирургия институты мен кардиохирургия орталығында жасалады.
Бауырына бүйрегін берген
Алысқа бармай-ақ өзіміздің ауданда 2013 жылдан бері сегіз адам бүйрек трансплантациясын жасатқан. Оның біреуі 14 жасар бала. Бұл ауданаралық аурухана басшылығы берген мәлімет.
– Бұл пациенттер бірнеше жыл «Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысы» диагнозымен есепте тұрып, бірнеше жыл бағдарламалық гемодиализде болды. Бұл реципиенттерге туыстары донор болды. Толықтай тексерілуден өткен соң, бүйрек трансплантациясын жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда донор-реципиенттердің жай-күйі қанағаттанарлық. ҚР ДСМ-75 бұйрығымен тегін дәрі-дәрмекпен 100 процент қамтылып отыр.
Көрсеткіштер бойынша тар буынды мамандар кеңесін алып, жоспарлы түрде ОМЦ нефрология бөлімінде стационарлық ем алада. Әр ай сайын облыстық косультативті-диагностикалық орталықта тексеріліп тұрады. Қазір амбулаториялық бақылауда,– дейді Қазалы ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күншығар Әбілов.
Бауырының бүйрегін алғандардың бірі – кәукейлік Бақытжан Сабақбаев. Ол 2013 жылы ауырып, Алматыға ем іздеп барады. Ондағы дәрігерлер Бақытжанға екі бүйрегінің де әлсіз екендігін айтып, ауыстыруға кеңес береді. Алайда Бақытжан ауылға келген соң екі жыл қатарынан ем-дом алып, Қазақстан қалаларын шарлайды. Тіпті қытай еліне де барып қайтады. Бірақ дұрыс нәтиже шықпай, ақыр соңына сау бүйрек салу керек болғанда ағасы Ізбасар ойланбастан інісінің өмірін құтқарып қалуға келіседі. Сөйтіп, 2015 жылы Алматыдағы А.Сызғанов атындағы хирургия институты мен кардиохирургия орталығында Ізбасқан бауыры Бақытжанға бір бүйрегін береді. «Ағам маған екінші рет өмір сыйлады. Оған айтар алғысымды сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деп ағынан жарылды осыдан біраз жыл бұрынғы бізге берген сұхбатында Бақытжан Сабақбаев. Қазір де Бақытжанның да, ағасының да жағдайы жақсы. Халқына қызмет етіп жүр.
Иә, бауырлардың бәрі Бақытжандікіндей-ақ болсын. Алайда кейде жақын-жуық науқастанып қалған жанға бауырының жартысын немесе бүйрегінің біреуін бергісі келсе де ағазалары медициналық тұрғыдан сәйкес келмей қалып жатады. Шет елдерге барып, ағза трансплантациясын жасатуға көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Амалсыз күту парағында кезек күтеді.
Донор болуға дайынсыз ба?
Жоғары да айтып өткеніміздей елімізде трансплантацияның екі түріне рұқсат етіледі. Тірі адамнан ағза ауыстыру мәселесі түсінікті жағдай. Айта кетерлік жайт, тірі туыс донордан тек жұптасқан ағза – бүйрек, өкпе немесе қалпына келтірілетін бауырды алуға болады. Трансплантация жасау үшін, келісімнен басқа, донор мен реципиент бірқатар көрсеткіштерге сәйкес келуі керек. Олардың бастысы – қан тобы. Мәселен, бала операцияға мұқтаж, ал оның қан тобы әкесіне де, анасына да сәйкес келмейтін жайттарда кездеседі. Ол кезде пациент диализмен емделеді, не мәйіттік бүйректі күтеді.
– Жедел өлім (апат, оқыс оқиға) болғанда және инсульт алғанда адам миы өлді деп тіркеледі. Ал миы өлген адам мәйіт деп саналады. Бірінші жағдайда сот-медициналық сараптамаға жіберіледі. Инсульт алған кезде патологиялық-анатомиялық сараптамадан өтеді. Былайша айтқанда, екі жағдайда да денесі пышаққа түседі. Сол кезде оның ағзасы сау болса, онда оны алып мұқтаж адамға салуға болады. Алайда, оның тірі кездегі келісімі немесе жақындарының рұқсаты қажет, – дейді мамандар.
Қайтыс болғаннан кейінгі бір донордың органдары шамамен 8 адамның өмірін құтқара алады екен. Яғни, сегіз адамға қайта өмір сыйлайсыз. Миы өлген адамның сау ағзалары – жүрек, бауыр, екі бүйрек, екі көздің қасаң қабығы, ұйқы безі, өкпесі жарамды.
Көзі тірі кезінде берген өтінішінде адам барлық ағзасын немесе кейбір нақты ағзаны пайдалануға рұқсат беруіне болады. Бұл шешімді бірнеше рет өзгерте аласыз. Яғни, өтініш мерзімсіз. Біраз уақыттан кейін жаңарту немесе растау қажет емес. Шешім адамның соңғы тіркелген өтініші негізінде қабылданады.
Дегенмен ми өлімі тіркелген адамның бәрі бірдей мәйіттік донор бола алмайды. 18 жасқа дейінгі балалар мен 60 жастан асқан адамдар донор ретінде қарастырылмайды. Адамның бұрын ауырған ауруларына қарай да шектеулер бар. Әрі ішкі ағзалардың жарамдылығы да тексеріледі. Және ағзалар сатылмайды. Транспланттау отасы қазақстандықтарға тегін жасалады. Одан кейін де тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Шет елдердегі тәжірибе қандай?
Біраз елде донордың немесе оның туыстарының қайтыс болғаннан кейін ағзаларын мұқтаж науқастарға қалдыруы ең жоғары қайырымды әрекет болып саналды екен. Бұл игі іске ислам тілінде «ихра» немесе «сауап» деген түсінік беріледі. Трансплантолог мамандардың айтуынша, Беларусь Республикасында қайтыс болған адамдар мемлекет меншігі болып саналады. Яғни, ешкімнің рұқсатынсыз о дүниелік болған адамның жарамды ағзасы трансплантталады. АҚШ-та жеке куәлік немесе жүргізуші куәлігін алар кезде берілетін анкетада «Мәйіттік донор болуға келісім бересіз бе?» деген пункт бар екен. Еуропа елдерінде трансплантацияның шамамен 90 проценті мәйіттік донордан алынады. Мәйіттік донор көрсеткіші бойынша Испания, АҚШ, Хорватия, Оңтүстік Корея, Иран, БАӘ сынды елдер алдыңғы қатарда. Ал біздің елде мәйіттік донорлаққа деген көзқарас әлі басқаша.
Осы орайда бірнеше адамнан «Мәйіттік донор болуға қалай қарайсыз?» деген сауал қойдық. Басым көпшілігі ыршып түсті. «Жер қойнына бүкіл ағзаммен тапсырылғанымды қалаймын» деген Бибінұр есімді қыз бала түбегейлі қарсы екендігін жеткізді. «Әрбір дене мүшеміз бізге берген Алланың аманаты. Оған қиянат жасауға қарсымын», деп қысқа қайырды. Ал Әділет пен Ақзердің пікірі бір жерден шықты. «Егер елімізде ми өлімімен тіркелген адамның сау ағзасын алуға рұқсат етілсе, қара базарда адам саудасы қыза түседі. Онсызда перзентханада бала сатып жатқандар бар емес пе?» – дейді олар ашынып.
Бір қызығы, адамдардың көбісі тірі донорлыққа ойланбастан баратындықтарын ашық айтты.
– Бауырым, туысым, балам менің бір бүйрегіме немесе өкпеме, жарты бауырыма мұқтаж болса, өмір сүруге мүмкіндік сыйлауға әзірмін. Өз денсаулығым жарап тұрса, ағзамыз сәйкес келсе, неге бермеске, – дейді Азат Бақытбекұлы.
Он адамның ішінде жалғыз өзі «мен келісімімді берер едім» деген бойжеткеннің есімі – Аяулым. «Туған әпкемнің екі бүйрегі бірдей ауырып, жағдайы ауырлады. Күннен-күнге ажары қашып, ауру меңдеп бара жатыр. Туған бауыры бола тұра менің ағзам сай келмеді. Анамның денсаулығы жарамады. Қазір де күту парағында кезекте тұр. Осындай жағдайды күнделікті көзбен көріп, басымыздан кешіп отқандықтан ба бәлкім, мен мәйіттік донор болуға келісуге шешім қабылдап қойғанмын. Алланың саған берген дәм-тұзы таусылған күні, өзге жандарға үміт отын сыйлайсыз бұл дегеніңіз екі есе бақыт ғой, – дейді ол.

Ағза сату – ақша табу

Қазақстанда ағза сатуға қатаң тыйым салынады. ДДСҰ сарапшылары да адамның ағзасын саудалауға түбегейлі қарсы. Ұйым ерікті түрде әрі тегін донор болу принципін қолдайды. Десе де ғаламторда сау ағзасын сатып, қаржылық қиындықтан құтыламын деушілер бар екені жасырын емес. Жарнама иесінің басым көпшілігі жастар. Тағдырдың тауқыметіне төзе алмай тарыққан сәтте «ағса сату» оңтайлы шешім емес.
– Бізде сатамын деп тұрған ағзаны ешкім алмайды. Дәрігерлер де қабылдай алмайды. Себебі, отадан бұрын нотариустың алдында қолхат рәсімделеді, онда донор ағзаны рецепиентке тегін беремін деп жазады. Ол құжатсыз ешкім де оның ағзасын басқа біреуге салмайды. Ал қазақстандықтың шетелге барып донор болуы біздің заңда көрсетілмеген, – дейді білікті маман Жақсылық Досқалиев республикалық сайтттардың біріне берген сұхбатында.
Деректерге зер салсақ, Қазақстанда заңсыз ағза сатудың бір ғана дерегі тіркелген. 2015 жылы елімізде 40 жастағы азамат өз бүйрегін сатқанын жалпақ жұртқа жария еткен. Онда да рецепиенттің анасы оны алдап, ақшасын бермеген. Оған қоса ұрып-соғуына байланысты полицияға шағым түсіргеннен кейін бүкіл республиканы дүрліктірген шу шыққан болатын.
«Ағзамды сатамын» деушілердің барлығы дерлік шарасыздықтан осындай шешімге келгендігін айтады екен. «Қарызға белшесінен баттым» немесе «Несиемді өтей алмай жатырмын» деген сылтауларды алға тартады. Бір қызығы, өз денсаулығына немқұрайлылық танытып, қыруар қаржымен қалтамды қалыңдатамын деушілердің бір-екеуімен әлеуметтік желі арқылы байланысқа шыққанымызда мәйіттік донор болуға келісім бермейтіндіктерін білдірді.
Діндарлар шариғат рұқсат етпеген үкімдердің зәру жағдайларға байланысты кей кездері өзгеруі мүмкіндігін ескертеді. Олардың айтуынша, мысалы, аяғы ауыр әйел адам дүние салса, құрсағындағы тірі шарананы ананың ішін жарып аман алып қалу керек. Өйткені, анасы қайтыс болса да, тірі бала құтқарылып, өмір сүруі қажет. Осы үкімге сүйенген шариғат ғалымдары ағза мүшелерінің ауыстырылуына да оң көзқарас танытады. Бұндай жағдайда «көбіне қайтыс болған адамның мүшесі ғана донор ретінде берілуі тиіс. Сондай-ақ, ағза мүшесі тек өмір мен өлім арасындағы адамға ғана ауыстырылуы керек» дейді олар.
– Кейде тірі адам екі бүйрегінің бірін немесе бауырының жартысын беріп жатады. Басты мақсат – адам өмірін сақтау болғандықтан, ағза беру аса зәру жағдайда ғана қолданылады. Құранда кімде-кім жазықсыз адам өлтірсе, бүкіл адамды өлтіргенмен тең. Ал, бір адамды өлімнен құтқару бүкіл адамды құтқарғанмен тең екені айтылған. Осыған сүйенсек, қансырап жатқан адамға да қан беруге болады. Тіпті, қан мұсылман емес адамнан алынса да жарайды. Өз ағзаларын өзгелерге берген адам ол үшін ақы сұрамауы керек. Адам ағзасы дүкенде, не базарда сатылатын тауар емес. Сондықтан да, адам шариғат заңынан аспай, дене мүшесін садақа, сыйлық ретінде бере алады», – дейді «Жанқожа батыр» мешітінің бас имаммы Нұрдәулет Нәби.
Біздің заңымыз медицинада трансплантацияны дамытуды көздейді. Оған қоса, шариғат та жоғарыда атап өткендей мүмкіндіктер береді. Бірақ, бәрі де осы көрсетілген тура жолмен жүрсе жақсы, қай нәрсенің де екі ұшы бар. «Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады» қылмай ықыласпен, ризашылықпен атқарылған іс адамға абырой әкелмек.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
25 қараша 2023 ж. 147 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930