Донорлыққа көзқарас қалай?
Не нәрсені болсын күту өмірдегі ең қиын дүниелердің бірі екені рас. Ойлаған ойдың дер кезінде орындалмауы қаншама ауыртпалық әкеледі десеңші!
Ал өмір мен өлім арасында отырып, тіршілік етуге қажеті органын ауыстыру үшін донор табылуын тілеумен жүрген жанның жай-күйін бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Елімізде 5 мыңға жуық адам өмірлік маңызы бар ағзаларын ауыстыруға мұқтаж. Олардың барлығы күту кезегінде тұр – әр күнін телефонды күзетіп, медициналық орталықтан қоңырау күтумен өткізеді...
Белгілі бір себептермен өмірден өткен мәйіттің сау органдарын басқа бір мұқтаж адамға (трансплантация) ауыстыру арқылы ажалдан аман алып қалу әдісі бүгінгі медицинаның үлкен жетістігінің бірі десек болады. Қазақ елінде трансплантацияның дамуы ең алғаш 2012 жылы адам жүрегін ауыстырғаннан кейін серпіліс алған болатын. Дәл осы жылы донорлыққа келіскен мәйіттің органдары бірнеше адамдарға ауыстырылып, ота сәтті аяқталды. Сәйкесінше рецепиенттер (ағза ауыстыруға мұқтаж адам) аяқтарынан тік тұрып, денсаулықтары түзелген. Осы жағдайдан соң қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың саны арта түсті. 2013 жылы өмірден өткен төрт адамның органы мұқтаж адамдарға ауыстырылса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 10-ға , ал 2015 жылы 22-ге жетті. Трансплантацияның жасалуы осы қарқынмен дамитын болса, келешек осы ғылымды тереңінен зерттеу орлықтарын ашу да жоспарда болған. Бірақ өкінішке орай 2016 жылы ағзасын беретін адамдардың саны күрт төмендеп кетті. Бұл жылы 16 мәйіт донорлыққа келіскен болса, 2017-нің жартыжылдығында 11 мәйіт тіркеуге алынған. Бұл туралы транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы директорының орынбасары Серік Жарықов мәлімдеді. Ол Қазақстан медицина ғалымдары егер донор болатын мәйіттердің саны осы қарқынмен төмендей беретін болса, дене мүшесін ауыстыруға мұқтаж адамдардың күні қараң болатынын айтады. Оның азаюының басты себебі адамдардың қайтыс болғандардың органдарын алуға рұқсат беруге қарсы болуы. 70 пайыз жағдайда туған-туысқандар өлген адамның органдарын басқаға ауыстыруға келіспейді, ал мәйіт донорлығынсыз трансплантологияны дамыту мүмкін емес. Орган ауыстыру саны жөніндегі динамика да көңіл көншітпейді. Ал дене мүшесін ауыстыруға мұқтаж адамдар саны күн санап артып отырғанын айтады денсаулық сақтау саласының мамандары.
ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева қазақстандықтарды мәйіт донорлығына қатысты пікірін өзгертуге шақырады. «Дене мүшесін ауыстыруға мұқтаж науқастардың жағдайына түсіністікпен қарауды үйренуіміз керек. Қазірдің өзінде 2700 адам бүйрек ауыстыруға мұқтаж. Шамамен 500-ге жуық науқасқа бауыр ауыстыру керек, 150-ден астам қазақстандыққа жүрек трансплантациясы қажет және сирек кездесетін жағдай – төрт адамға өкпе трансплантациясы керек. Осыған орай Қазақстанның барлық азаматтарын адамдарға өмір сүруге үміт сыйлау үшін елдегі донорлықтың дамуын барынша қолдауға шақырамын», – деді А.Төлеғалиева.
Шынында да қазақ қоғамында бұл мәселенің шиеленісті тұстары көп. Бірақ, ақылға салып қарар болсақ қайтыс болған бір адам 8 адамның өмірін құтқарып қала алады екен. Жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе, ұйқы безі және ішектер секілді маңызды ағзалар, сондай-ақ тиісті өңдеуден өткеннен кейін пластик материал ретінде көздің қасаң қабығы, түрлі сүйек фрагменттері жарамды болуы мүмкін. Тіпті, тамыр фрагменттері басқа пациенттерді емдеуге көмектесе алады. Ал адамдардың қарсы болуының бір себебі ретінде осындай ақпарды білмеуінің кесірі деп те қарауға болады. Белгілі бір мәліметтер болмағасын халық санасында осы ғылымның көлеңкелі тұстары көп деген де пікір қалыптасқаны жасырын емес. Мәселен, ел арасында науқас адам жан тапсырмай тұрып дәрігерлер құйтырқы мақсат үшін донорлыққа пайдаланады деген алыпқашпа әңгіме бар. Айтылған өсектің өзі туыстарын демі таусылған науқасты емханадан тезірек алып кетуге асықтыратын көрінеді. Бұл жағдайда мәйіттің туыстарын донорлыққа үгіттеу артық болатыны анық.
Ал мамандар бұл мәліметтерді жоққа шығарады. «Қайтыс болғаннан кейін донор болу мүмкіндігі туралы мәселе пациентте бас миының өлгендігі тіркелген кезде қойылады. Мидың өлгендігін құрамына реаниматолог, невролог және басқа мамандар кіретін дәрігерлерлік комиссия анықтайды. Трансплантологтар бұл процедураға қатыспайды», – деп түсіндіреді трансплантолог дәрігер Мылтықбай Рысмаханов.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Заңының 27-тарау, 169 бабында былай делінеді: «Егер ағзаны алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адам тірі кезінде не оның жұбайы, жақын туыстары немесе заңды өкілдері ол өлгеннен кейін оның тіндерін және ағзаларын реципиентке транспланттау үшін алуға келіспейтіні хабарланған болса, мәйіттен тіндерді және ағзаларды алуға жол берілмейді». Бұл ақпараттар жоғарыдағы қауесеттің шындыққа жанаспайтындығын көрсетеді.
Біреуге қайта өмір сыйлауға себеп болу жалпы түсінігімізде құпталатын дүние. Қазақстан халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанатынын ескере келе Халықаралық Ислам ұйымының пәтуаларына да назар салғанды жөн көрдік. Ол үшін белгілі уағызшы Әбдусамат Қасымның зерттеуіне үңілейік: «Қазіргі таңдағы Ислам ғұламаларының басым көпшілігі «шариғат талаптары аясында және білікті дәрігерлердің мақұлдауымен «донорлыққа» рұқсат» деп отыр. Бірақ онда да, донор болған кісіге, өзіне зияны тимейтін жағын қатаң ескеру керек. Сондай-ақ, «донорлықтан» көздегені дүние табу емес, керісінше өлім аузында жатқан жанды аман алып қалу, оның сырқатын жеңілдетуге атсалысу сияқты сауапты іс болуы тиіс. Сонда ғана, Жасаған Иеміздің «...Кімде-кім, бір жанды тірілтсе (өлімнен құтқарса), бүкіл адамзатты тірілткенмен тең» деген сөзіне сәйкес ізгі іс істелген болып есептеледі:
Осыған сәйкес Халықаралық Ислам фиқһ ұйымының 1988 жылғы, ақпан айының 6-11 аралығында Жидда қаласында өткен кезекті төртінші отырысында осы мәселеге байланысты арнаулы қаулылар қабылданды.
Әр адам өз өміріне тек өзі жауапты. Жалпы айтқанда біреуге донорлық хақында үкім де, ақыл да айту құзырымыздағы дүние емес. Біздікі мәселенің мән-жайын ашып беру ғана. Ал бұл туралы өз пікіріңіз өзіңізде және дұрысы қайсысы екенін де ішіңіз біледі. Сіз де ойланып көріңіз. Науқас жанға қайтадан өмір сыйлайтындай мүмкіндігіңіз болса қайтер едіңіз?
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ