Кемеңгер көшбасшымен – келелі келешекке!
"Нұр Отан" партиясы Қазалы аудандық филиалының мәжіліс залында 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай "Кемеңгер көшбасшымен-келелі келешекке" атты мерекелік шара болып өтті. Шараға "Нұр Отан" партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәмбетжан Қасқырбек Өмірзақұлы, партия белсенділері, бастауыш партия ұйымының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты. Мемлекеттік әнұранмен бастау алған іс-шараның алғы сөзінаудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Өмірзақұлы алып, "Құрметті қонақтар! Қымбатты партия мүшелері! 1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ ССР Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтіп, ол сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел Президенті болып сайланғаны баршамызға мәлім. Яғни, өз тағдырын өзі айқындауға алғашқы қадам жасаған Қазақстан үшін 1 желтоқсан – мемлекеттілік тарихының мерейлі күні саналуға орны лайықты. Жоғары Парламенттің бекітуімен 2012 жылы 1 желтоқсан Қазақстанда алғаш рет – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіп, бұл баршамыз үшін қуанышты оқиға болды. Елбасына деген ел құрметін айрықша айғақтауға арналған бұл мерекенің дәстүрлік іс - шараға айналуға орны бар екенін шынайы сезіммен айтып өтуге тура келеді. Биыл міне, тағы да осы мерекені өздеріңізбен тойлағалы отырмыз." -деп барша партия белсенділерін мерейлі мерекемен құттықтады. Шара барысында жуырда ғана Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласы аясында «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы-Бақытты балалық шақ» атты жобасына орай, аудандық партия филиалында «Отан қуат-Отбасы шуақ атты жас отбасылар арасында семинар тренинг түрінде өткізілген жарыстың жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ Тұңғыш Президент күніне орай, партия қатарына жаңадан қабылданған партия мүшелеріне жаңа үлгідегі партиялық билеттері табыс етіліп, Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бағыттарын насихаттап, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысып, ауданның қоғамдық – саяси жұмыстарына белсенді қатысқаны, партиялық бағдарламаларды іске асыруға үлес қосып жүрген партия белсенділері "Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалы мен Қазалы аудандық филиалының арнайы алғыс хаттарымен марапатталды. Жиын барысында аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, партия белсендісі Мұстафаева Зоя Сүйіншіәліқызы, «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі, партия белсендісі Дәрібаев Асылхан және "Жас Отан" жастар қанатының аудандық бөлімшесінің басшысы Құсан Еркін Аманкелдіұлы барша қазақстандықтарды, барша партия мүшелерін айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Мерейлі мерекені атап өту шарасында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көңіл жадыратар әсерлі әндер шырқады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат.