Оқулықтағы олқылық оңала ма?
Мектеп оқулығына қатысты қоғамда сан түрлі пікір бар. Бірі оқу құралының мұқабасын сынаса, ал өзгелері мазмұнына көңілі толмайтындықтарын ашық айтып жүр. Бала тұрмақ, үлкендерге де түсініксіз тапсырмалардан құралған оқулықтардың олқылығы бұған дейін де талай айтылғанымен әлі күнге дейін оң шешімін таппай тұрғаны жасырын емес. Тіпті бес жыл сайын жаңарып отыратын оқу құралының бүгінгі мазмұны бұрынғысынан жаңаша сипатқа еніп, өзгергенімен өрескел кемшіліктер көз алдыңда көлбеңдейді. Олай болса, көпшілік үшін күрмеулі мәселеге айналған сапасы сын көтермейтін оқулық жайында ой саралап көрелік.
Сапасыз оқулық ұрпақтың соры
Оқулықтағы олқылық жайы айта-айта жауыр болған тақырып екендігі рас. Бірақ солай екен деп, бұл мәселеден айналып өтуге болмайды. Себебі, бүгінгі бала – ертеңгі болашақ. Оқушы ертеңінің кемел болуы – оның саналы болып өсуіне байланысты. Ал олардың білімді болып қалыптасуына жол сілтейтін бірден-бір құрал – оқулық екендігін бәріміз білеміз. Бірақ сол оқу құралының бүгінгі сипаты бүлініп, балаларды білгенінен жаңылыстырып жатқан жайы бар. Олай деуімізге, кітаптардың сапасыздығы бірден-бір себеп болып отыр.
Анығын айтқанда, білім бағдарламасындағы оқулықтардың оқу мазмұны сан түрлі нұсқада өзгеріп, оқушылар бұған дейін алған ақпаратының дұрыс-бұрыстығын білмей, ойларын сан-саққа жүгіртіп жүр. Сан түрлі формада ұсынылған сапасыз оқулық білімге ұмтылған балаларды білімсіздікке ұшыратып қоймай, сапаға да айтарлықтай әсер етіп жатыр деуге болады. Бұны сәтсіз реформалардың нәтижесі демеске болмас. Сансыз реформалар болашақ ұрпақтың сорына айналуы бек мүмкін. Себебі жаңа оқу әдістемесін жасауда орта білім беретін білім беру мекемелерінің жай-күйі ескерілмей қалып жатыр. Оқушылардың мектеп оқулықтарындағы тапсырмаларды түсінбей, қиналатындықтары да осыдан болса керек.
Осы орайда мынадай сауал туындайды. Сонда білім беру реформасын әзірлеуде мектеп оқулықтарына қиын тапсырмалар тізбегін қосқандар енді ғана қалам ұстаған баланың қабілеті мен қарымын қалай өлшеді екен? Әлде балалардың білім деңгейін бірдейге санады ма? Бұл әрине көпшілік үшін үлкен сұрақ. Жұртшылық тек оқулықты дайындау тек Оқу-ағарту министрлігінің құзырында деп ойлайды. Бірақ білім беру реформаларын әзірлеп, оқу құралдарын жарыққа шығару бір ғана министрліктің ғана емес, арнайы зияткерлік мектептердің педагог мамандары мен профессорлардың еншісіндегі дүние. Сөзіміз дәйекті болу үшін, нақты бір дәлел келтірсем. Соңғы жылдары Назарбаев зияткерлік мектебінің мамандары білім бағдарламасын дайындауға белсене қатысып, оқулық дайындау жұмысының басы-қасынан жиі табылып жүр. Олар зияткерлік мектепке негізделіп жасалған білім беру бағдарламасының жалпыға білім беретін білім беру мекемелерінде оқып жатқан оқушылар үшін қиындық тудыратынын қаперге алмаған. Бұл турасында Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Алма Әбілқасымова математика пәндерінің сьезінде жасаған баяндамасында сөз еткен еді.
– Бастауыш сыныптарда күрделі сандар енгізілген. Тіпті қиын математикалық элементтер де бар. Ондықтар туралы ауыр тапсырмаларды көруге болады. Осыдан-ақ жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұны ретсіз құрылғандығын, әзірлеушілер балалардың жас ерекшелігін ескермегендігін аңғаруға болады. Кез келген өзгеріс бірінші сыныптан бастап рет-ретімен енгізілуі тиіс. Биыл бірінші сынып, келер жылы екінші сынып секілді. Біз 2016-2017 оқу жылдары бірінші сыныпты оқытудың жаңа форматын жасадық. Ал 2017-2018 жылдары бірден, екі, бес, жетінші сыныптарды енгіздік. Бұл реформа басқаларға ғана пайдалы болды. Сөзсіз мыңдаған тираж жиналды. 2018-2019 жылдары үш, алты, сегізінші сыныптар, одан әрі 2019-2020 жылдары 9-10 сыныптар, ал 2020-2021 жылы 11 сыныптар. Төрт жыл ішінде білім реформасын жасап тастадық. Орта мектептерде білім алатын оқушыларға жоғары математикалық тапсырмаларды үйіп-төгіп бердік. Оқытушы да, оқушы да аң-таң. Олай болмайды, – дейді профессор.
Қарап тұрсақ, бізге оқулық дайындаудан оңай дүние жоққа ұқсайды. Бірақ оның ішкі мазмұны мен сапасы қаперге алынып жатқан жоқ. Біз әлі бұғанасы қатпаған, санасы бекімеген балаға бірден ауыр жүк артып қойдық. Осы біз сапаға ұмтыламыз деп білімнің салмағын жоғалтып жатқан жоқпыз ба?
Сөмкенің салмағы балаға жүк
Бүгінде білімге қойылатын талапты бұрынғымен салыстыруға мүлдем келмейді. Себебі қазір оқушыларға артылған жүктің өзі ауыр. Тіпті бұл «ауырлық» екі мағына да көрініс тауып тұрғандай. Сіз бен біздің айтып жүрген білімнің салмағына оқушы арқалаған сөмке салмағы келіп қосылды. Мұны оқушылар да жиі айтып, наразылығын білдіріп жүр.
– Арқамызға асынып жүрген сөмкеміз біз үшін кәдімгідей ауыр. Күніне кем дегенде 6-7 сабақ болады десек, демек күнделікті сонша кітап арқалаймыз. Оған қосымша, күнделік, дәптер сынды заттарды қосыңыз. Ал дене шынықтыру пәні болатын күні бұл салмақ тіпті ауырлай түседі, – дейді №234 мектептің оқушысы Аягөз Имамадин.
Осыдан-ақ мектеп бағдарламасындағы оқулықтардың олқылығы тек оның сапасымен шектелмейтіндігін аңғаруға болады. Негізінде сабаққа күнде алып баратын сөмке салмағы белгілі бір стандартқа негізделіп, бекітілген нормаға сәйкес болуы керек. Өкінішке қарай, бұл нормалар сақталып жатқан жоқ. Себеп – оқулықтар салмағының ауырлығында. Ал артық салмақ баланың денсаулығына кері әсер етеді. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, бала арқалаған артық жүк оның қан қысымының қалыптан шығуына әсерін тигізіп қоймай, омыртқаның қисаюына алып келуі мүмкін. Тіпті бұл басқа да аурулардың да асқынуына әкеліп соқтырыруы ғажап емес. Ал мұндай дүниелер орын алмас үшін оқулық жайын оңтайлы етуді ойлану керек секілді.
Қойшы көп болса, қой арам өледі
Балаға білім сіңіретін басты құралдың айналасындағы әңгіменің көптігі соншалықты, әлі де түйіні тарқатылмай тұр. Тіпті кімді кінәлауға білмейсің. Себебі оқулық әзірлеу процесіне тек қана Оқу-ағарту министрлігі қатыспайды. Оған әртүрлі баспа мен түрлі авторлар атсалысады. Соның салдарынан білім беру бағдарламасында әлі күнге дейін бірізділік жоқ. Оның үстіне бұл үдеріске көбі маркетингтік көзқараспен қарайтын сыңайлы. Жалпының емес, жеке мүдденің қамын жеп, қалтаны қомпайтуды ойласа керек ондайлар. Сондықтан сапаға мән беріп қайтсін. Көпшіліктің оқулық турасындағы ойы осылай топтасқан. Рас. Келіспесіңе амал жоқ. Соңғы уақытта сарапшы мамандардың өздері де жаңартылған білім бағдарламасының оқу жоспарына сай еместігін ашық айтып жүр. Айтуларынша, оқу бағдарламасы ғылыми дәлелденбеген, оқушылардың берілген материалды толық меңгере алмай, тапсырмаларды дұрыс түсінбеуі осыдан туындап отырған көрінеді. Сондай-ақ мемлекеттік стандарт толық анықталмай, оқу жоспары талданбаған. Тіпті оқулық шығаруға қатысатын авторлар ұжымының құрамы дұрыс құрылмаған, – дейді сарапшы мамандар.
Қош делік. Бірақ оқулық оқушының алдына өздігінен топ етіп түсе қалмайды ғой. Оның сан түрлі сүзгіден өтетінін білеміз. Сараптамадан өткең соң барып, оқушының қолына ұсынылады. Бірақ кесе-көлденең шыққан кедергілерден оңай өткен оқулықтағы қателерді көзбен көргенде «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келген бе дейсің?!
Оқулық оңды болса, оқушыға оңай
Оқулық оңды болса, оқушыға оңай. Расымен, оқу құралы баланың білім деңгейіне қарай ескеріліп жасақталса, бұл оқытушыға да, оқушыға қиындық тудырмас еді. Кейде осы баланың ерекшелігін ескермеу мен бәсекелестік олардың қабілетіне керісінше әсер етіп жатқан жоқ па деген ойда қаласың? Неге дейсіз ғой. Бірдеңе болса қалса, әйтеуір өзгелермен салыстыру секілді үйреншікті үрдіс бізді бар білгенімізден жаңылдырып жатқандай. Жаңашылдыққа ұмтылу әрине жақсы. Бірақ баланың базалық деңгейі мен қарым-қабілеті қаперге алынса, оқушыға әлдеқайда оңай болған болар еді.
Бізден көші ілгері алпауыт мемлекеттердің, атап айтқанда Оңтүстік Корея, Индонезия, Жапония, Сингапурдың білім беру жағынан бәсі биік. Біздің ел секілді жылда-жылда реформа қабылдамайды. Жүйелі білімді тұрақты сіңіруді мақсат тұтқан. Олар оқушыларды білім деңгейіне қарай бөліп оқытады. Тиісінше, біздегідей тапсырмалармен тықсыртпайды. Соның нәтижесінде бала оқулықтағы материалды тез әрі оңай меңгереді. Еліміздің білім беру бағдарламасына дәл осындай жүйе енгізілсе, оқу құралына қатысты түйткілді оңтайландыруға мүмкіндік алған болар едік. Әйтсе де бұл әзірше біздің арман ғана. Бұл мәселеде оқулық әзірлеуші мамандардың өзіндік пайымы бар. Олардың сөзіне сенсек, жаңа мазмұн оқушының өрісін кеңейтуге мүмкіндік беретін көрінеді.
– Қазіргі пәндер теория мен тәжірибені бір шылбырмен тізгіндеген. Оқушыларға қандай ресурстар қажет екендігі, қандай жұмыс түрін орындауға болатындығы иллюстрация түрінде беріліп отыр, – дейді педагог мамандар.
Ата-ананың да айтары бар
Мемлекеттің берік қамалы қарумен емес, біліммен қаланады. Ал білімнің көкжиегін кеңейту үшін бірізділік керек. Бірақ бұл әзірге мүмкін болмай тұр. Соның салдарынан оқушы, оқытушы тұрмақ ата-анаға да айтарлық әсер етіп жатыр. Себебі бүгінде ата-аналар мектеп оқулықтарының қателіктерін айтып шағымдануда. Ондағы орфографиялық, пунктуациялық қателерді айтпағанда, хронологиялық қателердің көптігінен оқулық сапасына күмән келтірушілердің де қарасы қалың. Тіпті ата-аналар сөз арасында: «Мына кітап өзі дұрыс құрастырылған ба?» деп ашына айтып жүргендерін де құлақ естіп жүр. Олай дейтінінің жөні бар. Себебі кейбір оқулықтар балалардың басын түкке тұрғысын дүниелермен басын қатырып қойған деп қынжылады олар.
– Расымен, бүгінгі оқулықтың мазмұнын кезінде өзіміз оқығандармен салыстыруға мүлдем келмейді. Кейбірін өзіміз түсінбей жатамыз. Тиісінше, баламыздың тарапынан қойылған «Мама, сен мектепте оқымағансың ба? Сонда мұны өтпедіңдер ме? Енді мұны маған кім түсіндіреді?» деген сарындағы сұрақтарына жауап бере алмай, күмілжіп қалатын сәттеріміз жиі болып тұрады. Кейде тапсырмаларын оқып отырып,таңғаласың. Олардың жасына сай емес керек те, керек емес те ақпарат толып жүр. Мысалы, өзімнің ұлым 2 сынып оқиды. Оның кейбір тапсырмаларын өзім жөнді түсінбеймін. Әр кеш сайын баламның орнына сабақты өзім жасап, біркездегідей оқушыға айналамын. Бұл тіпті күнделікті үрдіске айналды. Ал кейде мүлдем ұғынбаған материалды баламның ұстазынан сұрауға тура келеді. Айта кететін бір жайт, қайбір жылдары «Сауат ашу» оқулығынан әлі әріпті толық меңгермеген балаға берілген тапсырманы оқып, тіптен жағамды ұстағанмын. Онда оқушы әріп үйренбей жатып, оған белгілі бір өлеңнің жалғасын құрап, ұйқасын табу керек делінген. Мұнымен балалардың ақындық қабілетін шыңдауды көздегенін түсіндік, бірақ әлі әріп танымайтын бала, тапсырманы қалай оқып, қалай өлең құрастырмақ. Миға сыйғысыз дүние. Осындай олқылықтардан оқушылар опық жейді. Бұл жерде тек орфографиялық қателер болса түсінер едім, мұнда баланың миын ашытатын тапсырмалар көп болып тұр. Ақпараттың шамадан тыс көптігі баланың оқуға деген талпынысын тұмшалауы мүмкін. Сондықтан оқулықтағы тапсырма оқушуға ұғынықты болу тиіс, – дейді ата-ана Айжан Маратқызы.
Ортақ іс, оңтайлы шешім
Иә, оқулықтағы олқылық ұстаз, ата-ана, оқушы үштік одағының ғана бас қатырар мәселесі емес. Бұл жалпыға ортақ дүние. Сондықтан бұл тақырып көптің назарынан тыс қалмақ емес. Керісінше, ұлт болашағы үшін «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстаныммен ортақ іске ұйысып, оқу құралындағы олқылықтардың орнын толтыруға біркісідей атсалысқанымыз абзал. Сонда ғана көпті ойландырған оқулық мәселесі оңынан шешілері анық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ