100 оқулық таныстырылды
Аударылған әр оқулық 10 000 дана, жалпы миллиондаған таралыммен еліміздегі 132 оқу орнына тегін жеткізілді
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылдан бастап қоғамдық сананы модернизациялауға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынды. Аталмыш бағдарлама аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылып, гуманитарлық білімнің барлық саласында әлемдегі ең үздік деген 100 оқулық түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылды.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде қазақ тіліне аударылған 100 жаңа оқулық таныстырылды. Шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев, ұлттық коммисия құрамындағы Үкімет мүшелері мен Президент әкімшілігінің басшылары, ұлттық жоғары оқу орындарының жетекшілері, ғалымдар мен аудармашылар қатысты. Еліміздегі барлық ЖОО ректораты мен оқытушылар құрамы онлайн форматта қосылды. Мәжілісте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай және ғалым-аудармашы Молдияр Ергебек сөз сөйледі.
Мәжіліс барысында жобаның маңызы, гуманитарлық ғылым салаларын дамытудағы рөлі, аударма жұмысын жүзеге асыру әдістемесі мен тәжірибесі, оқулықтардың мазмұны мен аударма сапасы, қазақстандық аударма мектебін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Аударма жұмысы үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының негізінде ұйымдастырылды. 4 жылда аударылған оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, интеллектуалдық құқық, кинотану, театртану, шығыс философиясы, көшбасшылық, медиа, этнография секілді бағыттарды қамтыды.
Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздің барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналды. Жинақталған тізім негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап деген талаптарға сәйкес ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер таңдалды. Аударылған оқулықтар гуманитарлық білім саласы мазмұнының түбегейлі жаңаруына жол ашты. Бұған дейін формациялық, идеологиялық сипатта оқытылып келген философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, мәдениет, тіл білімі, шығыстану, әдебиет теориясы, педагогика және психология секілді ғылымдар жаңа мазмұнға ие болды.
Конференция жұмысына қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев мұндай бағдарламаның өзге бірде-бір елде жүзеге асырылмағанын атап айтты.
«Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі – үлкен олжа. Бұл, қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алады. Мұндай бағдарлама әлемнің басқа бірде-бір елінде жоқ. Оның ауқымы қандай кең болса, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі де сондай ауыр. Сол себепті бұл жоба алғашқы күннен қоғамның назарында, мемлекеттің қадағалауында. Аударма сапасы және мазмұны тұрғысынан, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру тұрғысынан бұл жоба қоғам және тиісті мемлекеттік органдар тарапынан оң бағасын алды. Сондықтан «Ұлттық аударма бюросы» өз міндетін тиісті деңгейде атқарды деп ойлаймыз. Ол үшін бюро қызметкерлері мен жобаға қатысқан барлық мамандарға ризашылық білдіреміз», - деді Қ. Елеуұлы.
Аударылған әр оқулық 10 000 дана, жалпы миллиондаған таралыммен еліміздегі 132 оқу орнына тегін жеткізілді. Оқулықтардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталына орналастырылып, интернет арқылы еркін қолданысқа берілді.
Сондай-ақ, аударылған оқулықтардың негізінде қазақ және орыс тілдерінде 200 онлайн курс, жалпы 5 мыңнан аса мультимедиалық видеолекция әзірленіп, олар «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталына жүктелді. Курстарды дайындауға еліміздің үздік университеттерінің оқытушылары мен профессорлары атсалысты.
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры – ауқымды аударма жобаларын жүзеге асырушы, ірі ғылыми және көркем аударма жұмыстарын үйлестіруші қоғамдық ұйым. Бюро «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасымен қатар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және Абайдың шығармашылық мұрасын әлемнің 10 тіліне аудару сынды аударма жобалары, сондай-ақ, Kitap.kz - Қазақстанның ашық кітапханасы, Қазақша Wikipedia, Google-аударма қызметіне қазақ тілін қосу секілді жобаларды іске асырды.