Әскери қызмет әлекке салды
Бұл жолғы шақырту оқуын енді аяқтаған бозбалаға емес, «әскери билетім қалтамда» деп арқасын кеңге жайып жүрген кафедра түлектеріне келіпті. Себебі жақында Үкімет қаулысымен запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы 32-бапқа жаңа өзгерістер енгізілген еді. Алайда өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген жастар екі жыл әскери қызмет атқаруға ынталы емес. Неге? Заңдағы жаңа өзгерістердің олқы тұсы бар ма?
Қорғаныс министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 7 мыңнан аса адам әскери кафедраларды тәмамдап, офицерлік шен алып шығады екен. Республика бойынша соңғы 6 жылда 11 жоғары оқу орнында әскери кафедра ашылған. Қазір олардың жалпы саны 36-ға жетіп отыр. Ал биылдан бастап әскери кафедраны аяқтағандар екі жылға әскери қызметке шақырылады. Бұл туралы Қарулы Күштердің Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Бауыржан Артықов айтты.
– Биыл жоғары оқу орындарында «лейтенант» атағын алатын студенттер де бұдан хабардар. Өйткені біз жоғары оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Олар Отан алдындағы борышын 2 жыл өтейді. Білім ордасында әскери кафедраны аяқтаған соң студент нақты мамандық алып шығады, сол арқылы біз күштік құрылымдарды толықтырамыз, – деді полковник.
Әскери кафедраны биыл аяқтағандар ғана емес, осыдан он шақты жыл бұрын аяқтап, жасы 29-ға толмағандар да әскери қызметке жаппай шақырылып жатыр. Заңдағы бұл өзгеріске Қорғаныс министрлігінің 2023 жылы Қарулы Күштер қатарына шақырылатын запастағы офицерлер санын 260-тан 550-ге дейін арттыруы себеп болып отыр. Ал запастағы офицерлер әскери қызметке барғанда өз мамандығы бойынша емес, кафедрада оқыған бағыты бойынша жұмыс істейді. Қатардағы офицердің орташа жалақысы – 200-250 мың теңге. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің санына қарай өтемақы да төленеді. Дегенмен еліміздегі орташа жалақы 340 мың теңгені құраса, офицердің бұл табысы айтарлықтай көп емес.
Әлеуметтік фактор ескерілмеген
– Маған да әскери қызметке шақыру келді. Әскери кафедрада білім алған кезде бізге мұндай заң жайлы айтпаған. Сол үшін де біз алаңсыз жүрген едік. Қазір шетелдік IT компанияда жұмыс істеймін. Заңда офицердің қазіргі жұмыс орны сақталады деп көрсетілген. Алайда бұл ереже шетелдік компанияларға жүрмейді. IT саласы күн сайын дамиды. Егер мен 2 жыл әскери қызмет атқарып келсем, қазіргі жұмысымдағы карьерам да бұрынғыдай болмайтыны анық, – дейді запастағы офицер Нұрбек Садық.
Әскери қызметке барғысы келмейтіндердің айтатын уәжі бір. Біреуінің басында несиесі болса, енді бірінің әйелі мен балалары бар. Ал заңда тек офицердің денсаулық жағдайы жарамаса, білім алып жүрсе, мемлекеттік мекемеде педагог немесе дәрігер болып жұмыс істесе ғана әскери қызметтен бас тарта алатыны көрсетілген.
– Бұл заңды депутаттар қабылдап, сарапшылар, Қорғаныс министрлігі әзірлеген кезде жан-жақты саралануы керек еді. Қоғамда түрлі әлеуметтік топ бар. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Бірінің басында 300-400 мың теңге несиесі мен ипотекасы болуы мүмкін. Әскерге шақырады екен деп азаматтың құқығын таптауға болмайды. Кез келген азаматтың өмірін жақсарту үшін несие алуға құқығы бар. Осындай ситуация заңда қарастырылуы керек еді, – дейді заңгер Әлімжан Жұбатқанов.
Қазір тек армияға бір жылға шақырылатын азаматтардың несиелері кейінге шегеріледі. Ал запастағы офицерлерді қызметке шақырғанда мұндай жағдайлар ескерілмеген.
– Керісінше, әскери қызметке азаматтарды шақыру үшін үй беретін арнайы бағдарламалар қабылдап, қызықтыру керек. Запастағы офицердің әйелі жақсы қызметте болуы мүмкін. Ол барлығын тастап, күйеуінің қасында жүре ала ма? Ендеше заңда екінші тараптың келісімі де ескерілуі керек. Сосын әскери кафедра толыққанды лейтенант дайындап шықпайды. Өзіміз де кезінде оқығанбыз. Әскери кафедралар жалпылама теориялық тұрғыда оқытады. Қазір әскери офицерлер жетіспей жатқандықтан да кафедра бітіргендерді жаппай шақырып жатыр. Бұрын әскери қызметке ерікті түрде барғысы келетіндер көп еді. Қазір әскердің беделі түсіп кетті. Қорғаныс министрлігі армиядағы келеңсіз жағдайларға қатысты нақты пікір білдірмей отыр. Материалдық жағынан жағдай жасап, баспанамен қамтамасыз ететін болса, кез келген жас әскери қызметке қызығар еді. Запастағы офицер деген аты ғана. Олар ертең әскери қызметке барғанда Отан қорғаушылармен бірдей болады. Таңертеңнен кешке дейін әскери қызмет атқару оңай жұмыс емес, – дейді заңгер.
Оның пікірінше, кабинетте жұмыс істеп үйреніп қалған адам үшін әскери заставада 2 жыл жұмыс істеу психологиялық соққы болуы да мүмкін. Артында шаш етектен проблемасы бола тұра, әскери қызмет атқару офицерге оңай емес. Себебі жаны тынышталмаса, істеген жұмысынан да мән кетеді. Сондықтан запастағы офицерді әскери қызметке шақырғанда ең бірінші қазіргі жұмыс орны сақталуы керек. Екінші, басындағы несиелері мен ипотекасы 2 жылға шегерілуі керек. Сонда офицерлер алаңдамай сапалы қызмет етеді. Ал бұл өзгерістер енбесе, банк тарапынан офицердің мүлкі тәркіленіп, ісі сотқа дейін жетуі мүмкін. Ал уайым-қайғыда жүрген адам қалай Отан қорғайды? Әскери қызметке бармаса, тағы офицердің үстінен қылмыстық іс қозғалады.
Әскери кафедраларды жетілдіру керек
Запастағы офицерлер кафедрада алған білімдерін бірнеше жылдан кейін ұмытып қалғанын да алға тартып отыр. Себебі әскери кафедралар теориялық тұрғыда ғана білім береді. Жастық шағын казармада өткізген, әскери өмірдің ыстық-суығын сезінген кадрлық офицерлердің әскери кафедра бітіріп келгендерді «пиджак» дейтіні сонау Кеңес кезінен қалған. Расында, университетте оқып, студенттік шақтың қызығына кенелген, ойын-сауықтың ортасында жүріп-ақ офицерлік шен алған жандардың білім-білігін, тәжірибесін көргені көп лейтенантпен салыстыруға келмейтіні түсінікті. Осы тұста, онсыз да күнде келеңсіздікке тап болатын әскерде тағы да жіктік алауыздықтың туындамасына кім кепіл? Былтыр экс сенатор Мұрат Бақтиярұлы азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардың құрамы мен құрылымын оңтайландыру туралы мәселе қозғады. Бұл әскери кафедралардың тереңірек білім беруіне және кәсіби тұрғыда сапалы офицерлердің қалыптасуына өз септігін тигізер еді.Оның айтуынша, қазір еліміздің ЖОО-да тегін және ақылы негізде жүргізілетін 36 әскери кафедра жұмыс істейді.
– Жүргізілген талдау әскери кафедралар бойынша мамандар даярлаудың бірқатар мәселесі бар екенін көрсетіп берді. Жасыратыны жоқ, әскери кафедрасы бар университеттер талапкерлер арасында үлкен сұранысқа ие, өйткені олар армияда қызмет етуден босатылуға заңды негіз береді. Мұны жоғары оқу орындарының басшылары жақсы біледі және қосымша пайда табу үшін әскери кафедра ашуға тырысады, – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Осы орайда ол кейінгі 6 жылда 11 оқу орнында әскери кафедра ашылғанын айтты. Осыған байланысты еліміздің Қорғаныс министрінен азаматтық жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың құрамы мен құрылымын оңтайландыруда әскери доктринаны іске асыру туралы хабардар етуді, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделей отырып, жоғары оқу орындарында әскери даярлық жүйесін жетілдіру мүмкіндігіне талдау жасауды сұрады. Бірақ әскери кафедрадағы оқу процесіне өзгеріс енбесе де, кафедра бітірген түлектерді жаппай қызметке шақыру бірінші болып жүзеге асып жатыр. Дегенмен бізге саны көп әскер емес, сапалы әскер керек екенін ескеріп отырған ешкім жоқ.
Шетелдік тәжірибе қандай?
Көптеген дамыған елдің жоғары оқу орындарының базасында әскери кафедралар жоқ. Айталық, Ресей Федерациясында 2019 жылдан бастап университеттердің әскери кафедралары таратылып, олардың базасында Қорғаныс министрлігінің басшылығымен 33 әскери оқу орталығы құрылған. Қазір олардың жалпы саны 93-ке жеткен. Оларда жылына 10 500 кадрлық офицер, 34 200 запастағы офицер, 16 500 запастағы сержант пен сарбаз даярланады екен. Әскери оқу орталығының ерекшелігі – оларды бітірген түлектерге келесі үш жыл ішінде келісімшарт бойынша әскери қызмет атқару міндеті жүктеледі. Оған келіспеген жағдайда түлектің әскери оқу орталығында оқуына жұмсалған қаражатты өтеуіне тура келеді. Себебі әскери оқу орталығында оқу Ресейдің мемлекеттік бюджетінің есебінен тегін жүргізіледі.
Ал АҚШ-тың азаматтық білім беру ұйымдарындағы офицерлер даярлау жүйесі бойынша колледждерде – екі жылдық, ал университеттерде төрт жылдық оқу мерзімі қарастырылған. Екі жылдық оқыту бойынша резерв офицерлерін даярлағанда мемлекет оларға ақы төлемейді. Төрт жылдық бағдарлама бойынша білім алушылар стипендиямен, кітаптар мен оқу құралдарын сатып алуға, көлік шығынын жабуға арналған төлемдермен, тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған айтарлықтай қаржы бөлінеді. Алайда курсант келісімшарт талаптарын орындамаған жағдайда оған офицерлерді даярлау жүйесі бойынша жұмсалған барлық қаржы сомасы мемлекетке қайтарып алынады. Осыған ұқсас төлемдер мен келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарудың міндеттілігі Ұлыбритания мен Францияда да енгізілген.
Мемлекетіміздің ең басты капиталы – адам. Ендеше демократиялық әрбір елде адамның таңдауы мен құқықтары сақталуы керек. Запастағы офицерлердің санын арттырамыз деп қоғамға қажет мамандардың болашағына балта шабуымыз мүмкін. Сондықтан дамыған елдердің тәжірибесіне сай ерікті түрде әскери қызметке бармаған жастар мемлекет бюджетіне оқу шығындарын қайтарып бергені абзал.