Экология – ел тағдыры
Адам денсаулығы көбіне қоршаған ортадағы экологиялық ахуалға байланысты. Ал оны жақсартатын жасыл желек екені даусыз. Орманшы қауымының басым бөлігі ауылдарда тұрғанымен жұмыс орындары тау қойнауында, орман мен өзен бойында, көл жағалауында болатыны заңдылық. Осы екі аралықтағы жолды есептемегенде әр орманшы өз қарамағындағы жүздеген, тіпті мыңдаған гектар жер телімдерін бақылауға алуына тура келеді. Оны қорғау мен күту уақытты, қаражатты қажет ететіні анық.
Орман шаруашылығы 2001-2004 жылдар аралығында реформаланып, екі салаға бөлінген. Оның ішінде орманды күзету, қорғау жұмыстарын орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері атқаруда. Орманды молықтыру, күтіп-баптау, тұқымбақтарда егілімдер, көшеттер өсіру, басқа да орман шаруашылығы міндеттерін атқару республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың құзырына берілді. «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК Оңтүстік-батыс аймақ филиалы туған жердің экологиялық ахуалын реттеу Арал теңізінің құрғаған ұлтанына қара сексеуіл көшеттерін отырғызу және елді мекендерді көгалдандыру мақсатында 2011 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатыр.
Талап пен талғам арасындағы жанды байланыс нәтижесінде соңғы жылдары орманды күтіп-баптау, молықтыру жұмыстарының аясында Филиал жаңа техника құралдарымен жабдықталды және жергілікті ағаш түрлері – үйеңкі, кәдімгі шаған, жиде, сыр талы, терек, сәндік – шығыс бозаршасы, кәдімгі қарағай, катальпа, гледичия, сумах ағаш түлерінен тұқым базасы толықтырылды, кәдімгі өріктен жеміс бағы ұйымдастырылып, жергілікті жүзім сортын қалемшеден көбейту шаралары кеңінен қолға алынды.
Қоғамдағы жаңалыққа үн қосу, оны жұмыста жүйелі пайдаланудың маңыздылығын көріп келеміз. Мәселен, Филиалдағы 17 гектар қара сексеуіл сеппе бөлімі толықтай тамшылатып суару жүйесі арқылы суарылатыны да жаңаға деген бетбұрыс деуге болады. Филиалдың кадрлық құрамы толықтырылды, оның ішінде орман инженері,орман тұқымбақ шебері, маусымдық жұмысшылар және көшеттік материал өсіруге арналған тұқым базасын зерттеу жұмыстарына арналған зертхана жұмыс жасайды.
«Арал теңізінің құрғаған табанына қара секесеуіл көшеттерін отырғызу» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2011 жылдан бері 17 гектар орман қоры алқабынан 11 миллион 700 мың түп қара сексеуіл көшеті босатылды. Жыл сайын тұқымбақ шаруашылығын одан әрі дамыту, өсірілетін көшеттердің түрлерін көбейту, өнімділігін арттыру шаралары жүргізілуде.
Мырзағали СЕРІКҚАЛИЕВ,
«Республикалық орман селекциялық
тұқым өсіру орталығы»
РМҚК Оңтүстік –батыс аймақ филиалы директорының орынбасары