Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табысы толымды тұқымбақ

Табысы толымды тұқымбақ

Жуырда Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келді.
Қазалы ауданына іссапары кезінде Қазалы қаласындағы тұқымбақтың жұмысымен танысып, ұжыммен кездесті. Кездесуден кейін тұқымбақтың аумағын аралап көрді.
Қазалы қаласындағы «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК Оңтүстік-батыс аймақ филиалы 2011 жылы пайдалануға берілген. Тұқымбақ директоры Мөлдір Валиева мұнда таулы жерде өсетін айлант, катальпа, туя және тағы басқа ағаштар жерсіндіріліп жатқанын тілге тиек етті. Одан бөлек, тұқымбақ аумағында жеміс ағаштарының көшеттері де отырғызылған.
Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанына егілетін сексеуілдер өсірілетінін жеткізді. Мәселен, өткен жылы 3 гектар аумаққа қара сексеуіл тұқымы себілген. Қазіргі таңда сексеуілдің шығымдылығы жақсы. 3 гектар жерде 1 миллион 200 дана сексеуіл өсіп тұр.
Тұқымбақ арнайы техникалармен де қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда сексеуіл тұқымын сақтайтын аумағы 800 шаршы метр болатын арнайы орын дайындалып жатыр.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сексеуіл көшеттерін егумен айналысатын ұжымға аудан әкімдігі тарапынан да жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді.
Вице-министр Әлия Шалабекова Арал теңізінің құрғаған ұлтанын аман сақтап қалуға елеулі үлес қосатын ұжымға алғысын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Вице-министрдің Қазалы ауданына жұмыс сапары кезінде «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК бас директоры Әліби Ғазиз, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев, Қызылорда облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысы Марат Нұрмағамбетов бірге жүрді.

«ҚАЗАЛЫ» ақпарат
30 тамыз 2022 ж. 287 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930