Күйзеліс күйретіп жатыр
Америка психология қауымдастығы биыл дүние жүзінде күйзеліс көп болады деп пайымдаған еді. Бұл тұжырым шындыққа айналып, қазір әлем бойынша бес адамның үшеуі жан дертіне шалдыққаны байқалады.
Күйзеліс кесірінен қаншама қылмыс жасалып, қаншама ауру пайда болып жатыр. Тіпті, экономика сарапшылары «күйзеліс – экономиканың жауы» деген баға берді.
Қоғам ішінде «дикүйзеліс» етек жайды. Мұны ғалымдар «созылмалы шаршау синдромы» деп атайды. Бұл синдроммен көбіне жұмысбасты, өз-өзіне көңілі толмайтын, ақша жетіспейтін, отбасында мәселелері бар адамдар ауырады. Өзіне ұнамайтын жұмыс істейтін адамдар да бұл синдромнан айналып өте алмайды екен. Күйзелістің бұл түрі «терең, әрі, созылмалы» күйзеліске алып барады. 2016 жылы осы себептен әлем бойынша 745 мың адам қайтыс болған.
Картизолдың шектен тыс көбеюі ағзаның әлсіретіп, көптеген ауруларға әкелетінін білесіз.
Күйзелістен қалай құтылуға болады және күйзеліс адамды қалай күйретеді деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Бұл жайында «Zumcare» психологиялық көмек платформасының негізін қалаушы Жақсыбек Нұртілес былай дейді: «Шаршау мен жүйке-жүйенің бұзылуы осы замандағы адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Себебі олар мүмкіндігінше қысқа мерзімде жұмыс істеуге, жетістікке жетуге тырысады. Алайда, олардың созылмалы күйзеліске түсуі әл-ауқат пен көңіл-күйді айтарлықтай бұзып қана қоймай, өлімге әкелуі мүмкін. Кортизол гормоны кейбір өткір, стресстік жағдайлар үшін-қысқа мерзімді стресс үшін ойлап табылған. Бірақ, ұзақ уақытқа созылса, онда бұл гормон, әрине, денеге теріс әсер етеді».
Расында да, қалыпты жағдайда кортизол энергия балансын жұмылдыру үшін қандағы қантты арттырады. Себебі, глюкоза жасушалардағы энергия синтезіне түсу керек. Сондай-ақ кортизол қысымды жоғарылатып, адреналин, норадреналин, стресс гормондары, бүйрек үсті безінің гормондарын қосады. Ал, осының барлығы екі-үш еселеніп кетсе, не болатынын ойлана беріңіз.
Осы ретте Жақсыбек Нұртілес «күйзелістен қалай арыламыз?» деген сұраққа жауап берді.
«Ең әуелі, адам мәселенің бар екенін түсініп, қабылдау керек. Кейбір адамдар «еш нәрсеге үлгермей жүрмін, жалқаумын» деп өздерін жеп жатады. Ал шын мәнінде эмоциялық күйін түсінбей жүруі мүмкін. Нақты кеңеске келетін болсақ, біріншіден, адам өз-өзімен шынайы сөйлессін. Сосын психологиялық маманға жолығып, мәселенің басын ашып алсын. Осы жерде бір лайфках ұсынғым келеді. Қазір «когнитивті мінез-құлық» терапиясы деген бар. Бұл жерде адам өзінің ішіндегісін жазу арқылы, мәселенің түрін анықтап алады. Содан кейін барып, маманға жолыққаны дұрыс», деген пікір білдірді.
Маманға барып, жан дертін емдеген дұрыс-ақ. Бірақ оған қаншама адамның уақыты мен қаражаты жетпейді. Қазір психологиялық көмектің бағасы удай. Бұл мәселе жайлы сарапшы көп ойланғанын жеткізді. Ол адамдарға көмектесу мақсатында арнайы қосымша жасап шығарған. Бұл қосымша арқылы адамдар мемлекеттік тегін психологиялық көмекке жүгіне алады.
«Бұндай жағдай менің де басымнан өткен. Студент шағымда күйзеліске ұшырап, күйреген кезім болды. Мәселелерімді айта алатын адам болмағасын қайда барарымды білмедім. Адамға қолдау өте қажет. Содан кейін Ұлыбританиядан оқудан келіп, «Zumcare» платформасын жасап шығардым. Бұл жерде психологпен онлайн жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Ал терапияның қандай форматта өтетінін адам өзі таңдайды. 4 жыл бойы 43 психотерапевт 3 құрлық пен 20 мемлекеттегі адамдарға қызмет көрсетіп келеді. Қаншама адамның өмірін сақтап қөлды десек те болады. Егер, сіз түнек ішінде жүрсеңіз, біз сізге жарық береміз. Келіңіз!», деді жоба авторы.