Күйзелістен дер кезінде арылудың екі жолы бар
Дүние жүзі денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, күйзеліс – ең кең таралған аурулардың бірі. Қазірдің өзінде әлем бойынша 40% адам күйзеліске ұшыраған. Көбінесе күйзеліс, жабығу ең алдымен мегаполис тұрғындарына тән. Өйткені көптеген психологтар депрессияның қалалы жерлерде үлес салмағы басым екенін жазады. Оны үлкен қаладағы өмір ырғағының жоғарылығымен түсіндірген. Мегаполис тұрғындары үлкен қаланың жақсылығы мен жамандығына қатар төзіп, басқаша айтқанда ащы мен тұщының дәмін тең татып күнелтуге мәжбүр. Техника мен технология алысты жақын етіп, қол еңбегін жеңілдеткенімен, мобильді телефонмен күніне бірнеше рет сөйлесу, радио, теледидардан керекті-керексіз ақпараттар алу, негізінен батыстық менталитетті бейнелейтін агрессиялық фильмдер көру, нарықтың басты құндылығы ақша болғандықтан, ақша табу үшін жанталаса өмір сүру, сөйтіп әке-шеше, туған-туыс, қатар құрбыдан алыстау арқылы өз-өзіне тұйықталу адамның жүйкесін шаршатып, депрессияға ұшыратады.
Күйзелістен шығудың екі жолы бар екен. Біріншісі, күйзеліске қарсы дәрі дәрмектерді пайдалану. Яғни түрлі антидепрессиянтарды пайдалану. Тек, бұл тәсілдерді адам өздігінен емес, арнайы орталыққа барып, мамандардың кеңесімен жүргізеді.
Екіншісі психологиялық көмек. Арнайы психолог маманға жүгінесіз. Белгілі бір уақыт бойы жүргізілген психотерапия айығуға тиімді. Бірақ бұл ем ұзақ уақыт алады, бір жыл немесе екі жылға дейін жалғасатын күрделі процесс.
Дәрігерлер қандай жағдай болмасын барлығының шешімі бар екенін, тек өз-өзінді тәртіпке салып, өмірлік серігіңізбен, жанашыр достарымен,ағайын-туғанымен қарым-қатынасты үзбей жақсарту керектігін ескертеді. Қатты жабыққан кездерде өз- өзіңе: «Әрі қарай қиналғым келе ме және оған құқығым бар ма? Себебі маған көп адамдар тәуелді және менің еңбекке қабілетім мен өмірдегі белсенділігімнің төмендеуі ең алдымен оларға кері әсер етеді. Айқын әлемде менің өз міндеттерім бар және оларды орындау үшін мен күш-жігерімді жоғалтпауым керек» – деп жігерленіңіз.