Мүмкіндігі мол жобаның маңызын түсіндірді

Жастар ресурстық орталығы, аудандық жұмыспен қамту, сондай-ақ кәсіпкерлік палата мамандарының қатысуымен кенттегі бірнеше мектептің, аурухананың, өндірістік мекемелердің жастарымен кездесу ұйымдастырылып, 2,5 проценттік жеңілдетілген несиенің талаптары және берілу бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында жастарды қолдау басты мақсатқа айналу керектігін айтқан еді. Біз соның аясында жұмыс жасап жатырмыз. Жастар мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін насихат шараларын кең көлемде ұйымдастырудамыз. Себебі көпшілігі маңызды жобалардан қалыс қалып жатыр. Сондықтан біз мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалар туралы ақпарат беріп, хабарлап отыру мақсат тұттық. Осы сынды және өзге де жүзеге асырылып жатқан жобалардың бар екендігін жастарға тұрақты түрде түсіндіре алсақ, олар кәсіпкерлікке бет бұрса, біздің миссиямыздың орындалғаны, – дейді орталық маманы Азамат Алпамыс.
– Мұндай жобалар жастарға керек-ақ. Көбісі кәсіпті неден, қалай бастарын білмейді. Ал осындай шағын несие жастардың бастамасы үшін үлкем көмек бола алады. Себебі проценттік мөлшері төмен. Бұл жаңа басталған кәсіп үшін тиімді болмақ. Сондықтан жастар берілген мүмкіндікті барынша пайдалануы керек деп ойлаймын,– дейді Айжан есімді бойжеткен.
Айта кетейік, 2,5 проценттік жеңілдетілген несие 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылуда. Жоба аясында кәсіпкерлікті бастағысы келететін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 мен 35 жасқа дейінгі жастарға шағын несие беру көзделген.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ