Сенбілік жұмысы жалғасын табуда
Аптаның сайын аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері сенбілікке бір кісідей атсалысып келеді. Өткен сенбіде кезекті тазалық жұмыстары өз жалғасын тауып, қазалылықтар қала көркін қалыпқа келтіруге үлес қосты.
Сағат тілі тоғызды соғысымен табиғат ананың төл перзенттері белгіленген аумақтарға бөлініп, айналаны қоқыстан арылтуға кірісіп кетті. Ең алдымен Әйтеке би кентінің кіре беріс бас қақпасынан бастап батыс теміржол өткелінің аралығын толықтай тазартты. Кейін Қ.Ерімбет, Я.Михайлюк, Ә.Әліпбаев көшелеріндегі қоқыстарды жианстырды. Одан соң Шығыс теміржол өткелі мен О.Жанәділов, В.Счастнов және Жанқожа батыр көшесінен бастап жұқпалы аурулар ауруханасына дейінгі аралықтағы жерлер тазаланып, сенбілікке жиналғандар өздеріне жүктелген тапсырманы үлкен жауапкершілкпен орындады.
Сонымен қатар Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің бойы, Батыс теміржол өткелінен бастап үш таға маңы және Р.Бағланова мен Т.Бөріқұлақов көшелерде ұшқан қағаз бен қатты тұрмыстық қалдықтар түгелімен жинастырылды.
Аудан тұрғындарының тазалыққа немқұрайлы көзқарасы әрине көпті қынжылтады. Десе де әрбір азамат табиғатқа жанашырлықпен қарағаны жөн. Осылай деп пікір білдірген Санжар есімді кент тұрғыны аудан жұртшылығын сенбілікке жұмыла атсалысуға шақырды.
– Әр апта сайын тазалыққа жауапты мекемелер және өзге де дербес мекеме қызметкерлерінің тазалық жұмыстарын жасап жатқандығын көріп жүрміз. Бірақ жекелеген адамадар осындай жалпы халықтық сенбілікте белсенділік танытпай жатады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Тазалық өзімізден басталу керек. Қаланың тазалығы – бәрімізге ортақ. Сондықтан сенбілікке қатысуға баршаңызды шақырамын, – дейді ол.
Өлкеге деген жанашырлық бәріміздің бойымызда болса, әлбетте қала таза болмақ. Ал тазалық әрқашан болуы үшін сенбілікке қатысу маңызды екенін ұмытпайық.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ