Шекарасы шегенделген, әскері қырағы
Бүгінде Қазақстанның ұлан-ғайыр шекарасы шегенделген, түбегейлі бекітілген. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сан мәрте айтты. Қазақстан Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен шектеседі. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – елдің мемлекеттік шекарасын күзетуге арналған арнайы қызмет.
1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан алдында жас мемлекеттің аймақтық бүтіндігі мен егемендігін қорғау және қамтамасыз ету бойынша мәселе туындады. Мемлекеттік шекараны сенімді қорғап, күзету – Шекара қызметінің маңызды міндеті және ол ел басшылығының жіті назарында. Елдің шетінде, желдің өтінде еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей күзетіп жатқан шекарашыларға халықтың алғысы шексіз.
Сондықтан ел жолында қасық қаны қалғанша шайқасып, сайын дала төсінде қалыптасқан атамекеннің әрбір сынық сүйем жерін кеудесімен қорғаған қаһарман хандарды, қол бастаған сардарлар мен батыр бабаларды, елдің ынтымағын даналығымен ұйытып ұстаған би-шешендерді үзбей насихаттау – өскелең ұрпақты тәрбиелеу құралы болып табылады. Сыр өңірі, соның ішінде Қазалы ауданы тарих тағылымы арқылы қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың рухани өркендеуіне зор үлес қосып келеді.
Тарих қатпарына көз жүгіртсек, 1992 жылдың 18 тамызында КСРО-ның Шығыс шекаралық округінің базасында Қазақстан Республикасының шекара әскері құрылды. Содан бері қазақстандық шекарашылар ел тыныштығы мен қауіпсіздігін көзден таса жібермей күн-түн күзетіп келеді.
Осындай аудан аумағындағы №2019 «Қызылқұм» шекара заставасы 1999 жылы құрылған. Аудан орталығынан шамамен 220 шақырым, Қызылқұм ауылдық округінің орталығы Кәукей ауылынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан. Әскери сарбаздар мемлекеттік шекараның Өзбекстан Республикасымен белгіленген аумағын бақылауда ұстайды. Елдің тұтастығын нығайту мақсатында шекарашыларға Өзбекстанмен арадағы саяси-экономикалық мүдделерді қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, Қазақстанның аумағына қару-жарақ, оқ-дәрілер, есірткі, радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу тәрізді міндеттер жүктелген. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен тұрғындардың көмегіне жүгіне отырып, жұмысты оңтайлы ұйымдастыру межеленген.
Шекара заставасында келісімшарт негізінде уақытша мерзімді әскерилер қызмет жасайды. «Қызылқұм» шекара заставасына берілген аумақ 191,65 шақырымды құрайды. Шекара бөліміне жауынгерлік ту табысталған. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасына межелеу жұмыстары жүргізіліп, 58 шекара белгісі орнатылған. Шекара заставасынан әрі қарай шамамен 45 шақырым қашықтықта Жанқожа батырдың мүрдесі жерленген мазары бар. Жанқожа батырдың жатқан жері 1940 жылдары КСРО-ның әкімшілік картасына негіз болған. Яғни Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы ретінде белгіленген. Бірі білсе, бірі білмес дерек негізінде шекара сызығы дәл Жанқожа батыр жатқан биік төбені қиып өтеді. Жанқожа баба ұрпағына «мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен тіреп жатайын» деп аманаттағаны туралы тарихта дерек бар. Құдды көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған әз батыр кейінгі ұрпаққа ата қонысты қадірлеп, кірпік қақпай күзетуді мирастағандай. Қазір осы Қызылқұм беткейіндегі №2019 шекара бекетінің сарбаздары ел шебін көздің қарашығындай қорғап тұр.
ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2017 жылы «Оңтүстік» өңірлік басқармасы 2019 әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасының атауы өзгертілген болатын. Оған ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, отаршылдарға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, қазақ даласының хас батыры – Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі берілді. Негізінен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі №2019 әскери бөлімі аумағында Жанқожа Нұрмұхамедұлына орнатылған биіктігі 2 метр болатын ескерткіш-белгі мен штаб ғимаратында батыр бабаға арнап жабдықталған арнайы бөлме ашылған.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел, халық алдындағы парызын адал атқарған ХVIII-XIX ғасырда Сыр бойы мен Арал теңізі аймағындағы халықтың ұлт-азаттығы жолындағы күресінің қаһарманы. Ол – оңтүстікте Қоқан мен Хиуа хандығының шапқыншылығына, батыста Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы қозғалыстарды ұйымдастырған даңқты қолбасшы. Озбыр да өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күндеріне дейін аттан түспеген батырдың аңсаған арманына бүгінгі ұрпақ жетіп отыр.
Жанқожа бабаның ұрпағына «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат қалдырғаны туралы тарихта деректер бар. Әлі күнге батыр баба шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай. Бұл күні-түні ел мен өңір тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген сарбаздарға асқақ рух, айбат беріп, жігерлендіре түсері сөзсіз.
Ел ағаларының айтуынша, батыр бабалар атымен аталған шекаралық заставалар – өзге мемлекет азаматтарына Қазақстанды өз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұрады. Бұл ел шебі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаушы шекарашыларымызды дархан далаға қалқан болған батыр бабалардың ұлы рухында, мәңгілік елдің мақсат-мұратында тәрбиелеуге үлес қосады. Қазақстан тарихында ерекше орын алар тұлғалардың атын мәңгі қалдыруға қызмет етеді. Сондай-ақ, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері арқылы жас ұрпақтың туған жер тарихын тануына ықпал жасайды.
Азаттық жолында басын бәйгеге тігіп, ел қорғаны болған халық батыры Жанқожа бабамыз елжандылық қасиетімен, көреген әулиелігімен ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталған тұлға. Елім деп еңіреген, бар саналы ғұмырының жетпіс жылын жаулармен шайқасып өткізген ержүрек хас батырлардың бірі – Жанқожа Нұрмұхаммедұлы көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған.
Жанқожа баба 1774 жылы қазіргі Қазалы ауданы, Арықбалық ауылдық округінің жерінде дүниеге келген. Аты ел шебіндегі «Қызылқұм» шекара заставасына берілген батыр баба тағылымы мәңгілік. Оның өнегелі ғұмыры жас жауынгерлерді әрдайым өрлік пен ерлікке шақырары сөзсіз. Осындай көзсіз өжеттіліктен Отан қорғаушыларымыз, жалпы бүгінгі ұрпақ үлгі алса, келешекте ұлт тарихына құрметпен қарары хақ. Сонда ғана шекара шебін мықтап қымтай түсеріміз анық.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА