Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп бітіру кеші болмайды

Мектеп бітіру кеші болмайды

11 жыл бойы бір сыныпта білім алып, бірге есейген оқушылардың мектеп бітірер күні айтулы кеш ұйымдастыруы әдетке айналғаны рас. Бір топ бала сәнді әрі қымбат көліктерден кортеж ұйымдастырса, екінші топ сыныптастарымен бірге күн көтерілгенін күтіп, таң атырады. Алайда мұндай көпшілік жиын, жаңа өмірге қадам басқалы отырған жеткіншектердің көп жағдайда келеңсіз жайтқа ұшырауымен аяқталып жатады. Осыған байланысты биыл облыстық білім басқармасы мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға тыйым салып отыр.
Мұндай шешім биылғы оқу жылының мектеп бітіру кештерін ұйымшылдықпен өткізу, бітірушілердің өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында шығарылса керек. 3 сәуір күні күшіне енген құжатқа 56-шы нөмір беріліп, барлық білім беру ұйымдарына жолданып қойған. Сондай-ақ, аталған бұйрық оқу жылын аяқтау шараларын ұйымдастыруға және мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге оқушылар мен ата-аналардан, педагогтардан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салады.
– Барлық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына қатаң түрде ескертілді. Олар мектеп бітіру кештерін өткізу барысында бітірушілер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасалуын қамтамасыз етуі қажет. Бітіру кештерін міндетті түрде мектеп қабырғасында және ауласында өткізу, шараға бітірушілердің мектеп формасымен қатысуын және барынша қарапайым түрде өткізілуін қамтамасыз ету жүктелді.
Сонымен қатар үй мен ресторандарда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізу және бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына жол бермеу, бітірушілердің өмір қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу бағытында медициналық, өрт қызметтері, ішкі істер органдарымен бірлесіп шаралар қабылдауды қолға аламыз. Бұдан бөлек мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру үшін ана-аналардан ақша жинамауды, ата-аналар тарапынан мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар берілуіне жол бермеуді және шараларды мектептің қолда бар мүмкіндігімен ұйымдастыру керектігі ескертілді.
Сондай-ақ, табиғат аясына серуендеуге, өзен, көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне тыйым салу және төтенше жағдай бөлімдерімен бірлесіп кезекшілік ұйымдастыру, бітірушілер, ата-аналар және педагогтар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қамқоршылық кеңес мүшелерімен бірлесіп белсенді түрде жүргізу тапсырылды, – деді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім бөлімінің бас маманы Қарлығаш Әнуарова.
Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында көптеген шаралар қабылданып жатыр. Білім басқармасындағылар аталған шешімге мектеп бітірушілер мен ата-аналардың терең түсіністікпен қарайтындарына сенеді. Әрі-беріден кейін жаңа өмірге қадам басқалы отырған шәкірт амандығынан артық ештеңе жоқ.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
08 сәуір 2023 ж. 520 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 52

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 34

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 60

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 72

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031