Асар ауызбіршілікті арттырады
– Асылжан тұр, асарға барамыз. Кеше ескерттім ғой ертерек демал, таңертең тұра алмай қаласың деп, – әкесі ұлының бөлмесіне басын сұғып солай деді де асығыс сыртқа шығып кетті.
– Балам, тұра ғой бірер кесе шайыңды ішіп ал. Әнебір «бәлені» түнімен құшақтап, таң атқанша ұйықтап болмайсыңдар. Не қызығы барын, күндіз-түні кенеше жабысып, – деп анасы да ебін тауып, ұялы телефонға тиісе сөйледі.
Тұр, тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кететін әдеті емес пе? Асылжан сүйретіліп орнынан тұрды. Еріне басып, тысқа шықты. Ауа райы керемет болып тұр екен. Ескі сарайда құрал-саймандарын түгендеп жүрген әкесі: «Тұрдың ба, таңғы асыңды іште, жинала ғой. Ертерек барайық. Күннің көзі көтерілгенше біраз шаруа біткені жөн», – деді.
– Балам, тұра ғой бірер кесе шайыңды ішіп ал. Әнебір «бәлені» түнімен құшақтап, таң атқанша ұйықтап болмайсыңдар. Не қызығы барын, күндіз-түні кенеше жабысып, – деп анасы да ебін тауып, ұялы телефонға тиісе сөйледі.
Тұр, тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кететін әдеті емес пе? Асылжан сүйретіліп орнынан тұрды. Еріне басып, тысқа шықты. Ауа райы керемет болып тұр екен. Ескі сарайда құрал-саймандарын түгендеп жүрген әкесі: «Тұрдың ба, таңғы асыңды іште, жинала ғой. Ертерек барайық. Күннің көзі көтерілгенше біраз шаруа біткені жөн», – деді.
Әкелі-балалы екеу керек болады-ау деген құралдарды қолға ұстап, Бекеннің үйін бетке алды. Бекен бұларға алыс емес. Асылжанның атасының інісінің баласы. Немере ағайындар ғой. Күні кешеге дейін бір үйлі жан әке-шешеден қалған тоқал тамда тұрып келді. Енді ұл ержетіп, қыз бойжеткенде бұл тамның тарлығы кәдімгідей білінді.
Бекеннің ауласына ауылдастардың біразы жиналып қапты. Бәрі жұмыс киімді киіп, сақадай сай тұр. Көбейсін ақсақал бата беріп, ойға алған іс басталып кетті. Қатарға кейіннен қосылып жатқан жастар да жоқ емес. Жұмысқа жарамаймын-ау дегендер ас-суын арқалай келіп, қалың қараның жағдайын жасауда. Бір-бірімен қауқылдасқан қауым Бекен ағаның жаңа үйінің іргетасын қалады. Әзілқой Әлім қатырып қара жұмыс істемесе де, қағытпа қалжыңымен көпті күлкіге қарық қылып тұр.
Қаншама адам қойсын ба? Түске дейін-ақ бұған дейін биіктете үйілген топырақтың үстіне алты бөлмелік үйдің іргетасы қаланды. Бір-бірімен мәре-сәре ауыл жұрты алты қанат киіз үйдің ішіне жайылған дастарқанға жайғасып, ауқаттануға кірісті. Ақсалдар жағы өнегелі өсиеттерін айтып, асарға атсалысқан әрбір азаматқа алғыс білдірді. Үлкен ас желініп, ас қайырылған соң Көбейсін ата сөз бастап кетті:
– Біздің бала күнімізде «біреудің жұмысы, біреудің шаруасы» деген сөз болмаушы еді. Ер азаматтар асарлатып, әйелдер жағы бірлесе, киіз басып, текемет тоқитын. Ұжымдық шаруаның арты бас қосуға ұласатын. Біз секілді балалар бұндайда ерекше қуанып, той тойлағаннан кем болмайтынбыз. Бұл дәстүр бертін келе де жалғасын тапты. Тек осы күні ғана асарға асығатын ағайындар саны азайып барады. Асар – ауызбіршілікті, ұйымдаса білуді, ағайын-туған, көрші-қолаңның ынтымағын арттырады. Ата-баба дәстүрін ары қарай жалғаушы өздеріңсіңдер, – деп дастарқанның төменгі жағын жағалай жайғасқан жастарға қарады. Жұмыла жүк көтерген ағайынның да жүздері нұрланып, «Енді кірпішін қай күні қалаймыз?» десті.
Ауылдастардың ауызбіршілігі мен ағайынға деген ақкөңілі кіршіксіз тап-таза еді. Бәрі бір үйдің баласындай білек сыбана іске кіріскенде олар алмайтын қамал жоқ. Асылжан үйге апарар жолда осыны ойлады. Кеше кеште: «Әке, сол асарға мен бармай-ақ қойсам болмай ма?» деген сөзіне іштей қымсынып келеді. Кенет арқасына әкесінің алақаны тиіп: «Ұлым сен бүгін жарадың. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген халықпыз ғой балам. Қолыңнан келер істен қашпа. Еш қиындығы жоқ. Әркез көмек қолын созуға ұмтыл», – деді ол. Әкеден мақтау, атадан алғыс, үлкеннен бата алған Асылжанның кеудесін ерекше сезім биледі. Қолындағы құрал-сайманның ауырлығын да сезбестен құстай ұшып барады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА