Жақсылықтың қарымтасы
Жастығының жанында жатқан ұялысын жарқырата жаққан Рая телефонға үңіле қарады. Сағат тілі таңғы жетіге таяп қалыпты. Түнімен көз ілмей төсегінде әрі-бері дөңбекшіп жата алмаған ол іштей «уф, таң ақыры атты-ау» деп күрсінді.
Қыс мезгілі болған соң жарық таңғы жетіде түсе қоймайды. Есік жаққа құлақ салып, үй иелерінің оянғанын күтіп жатыр. Қаланың адамы жексенбі күні ерте тұруға асықсын ба? Үй іші тып тыныш. Көше бойына орнатқан жарықшам болса керек. Терезеден болар болмас жарық сәуле сығалайды. Сол титімдей сәулеге жанары түскен Рая ойға шомып кетті. Сонау алыс ауылдан Алматыға үлкен үмітпен келіп еді. Жолдасы екеуі жастайынан бір-бірін қалап қосылды. Келіндік қызметінде мінсіз ибалы жан қайын жұртқа ә дегеннен-ақ сіңсіп кетті. Енесі жас келіннің жаманын жасырып, жақсысын асырып отыратын парасатты жан. Жиырмаға толмай, өзгенің табалдырығын аттаған Раяға бар білгенін үйретуден жалықпады. Үнемі үйренсем деп тұратын елгезек келіннің кішіпейлділігі көпке үлгі болатын. Зымыраған уақыт бір орнында тұрсын ба?! Зулап өтіп жатты. Әні-міне дегенше Раяның келін атанғанына да оныншы жылға аяқ басты. Ауылда «келіні бедеу екен» деген алып-қашпа әңгіменің шыққанына да бірталай болған.
Тасқын мен Раяның бақытты шаңырағын одан әрі шаттыққа бөлейтін бір шақалақтың бұйырмай жүргеніне отбасы мүшелерін қанша қынжылтса да, сыртқа білдіртпейтін. Ұлы мен келінінің онсызда жабырқау көңілін жараламайын деп Жамал апа да ләм-мим демейді. Тек құдайдан күндіз-түні сәждеге басы тигенде «ұлымды ұрпақсыз қалдырма» деп тілек тілейтін.
Жұбайлар емделмеді емес, емделді. Дәрігер мен емшінің екі ортасында табанынан тозды. Алайда, Тәңір тілегендерін беруге асығар емес. Соңғы уақытта Раяның бар үміті жасанды жолмен бала көтеру болды. Жолдасы екеуі екі жылға жуық уақыт тіртінектеп тапқан табыстарын жиыстырып, үлкен арманмен Алматыға қарай тартып отырған. Барлық тексерулердің қорытындысын алдырған ақ сары жүзді дәрігер келіншек қағаздарға шұқшия қарап қалды. Бір сәт әдемі жүзі сұрланып, жанарын төмен сала, тіл қатты. «Өкінішке орай, денсаулығыңыз жасанды ұрықтандыру жолымен бала көтеруге жарамайды...» Рая осы сөзден басқасын естімеді. Қос құлағы шуылдап кетті. Дәрігер келіншек әлденені түсіндіріп жатса керек жолдасы Тасқын басын шұлғып, ұйып тыңдап отыр.
Соңғы үміті үзілген Рая ауруханадан қайтар жолда өксігін баса алмады. Қаншама жыл кеудеге шер болып қатқан сеңдей бұзылып, екі көзден аққан жас теңіздей төгілді. Тіпті он жыл отасып, ыстық-суықты қатар көрген серігіне: «Басқа әйел ал. Ұрпақ сүй» деп ашығын айтты.
Бұлар Алматыда қайын әпкесінің үйіне тұрақтаған еді. Жайсыз жаңалықты естіген оларда көңілсіз. Кеше үй ішінде ақырын ғана кешкі ас ішіліп, барлығы тым тырыс төсекке жатқан. Содан бері тып-тыныш. Таңғы астан кейін Тасқын мен Рая ауылға қайтуға асықты. Қайын әпкесінің: «Біршама уақыт үйде болыңдар. Ойларыңды бөліп, қыдырыңдар. Қайда асығасыңдар?» деген сөзін тыңдамады. Бар үмітін күйреткен Алматыға өкпелі адамдай асығыс жолға жиналды.
Жолсерікке жағдай айтып, билетсіз вагонға өтті. «Мына купеде әзірге жалғыз кісі. Жанына жайғаса тұрыңыздар. Билеті бар жолаушылар мінген сәтте ауыстырамын» деп жолсерік жігіт жөн сілтеді. Купедегі жалғыз жолаушы жасы өздерімен шамалас келіншек екен. Жанына жайғасып, жөн сұрасты. Көзіндегі мұңды жасыра алмаған келіншектің көңілі босап жылап қоя берді. Не болғанынан бейхабар екеуі қалай жұбатарын білмей әлектенді. Көңілсіз келіншектің сөзінен бес жасар қызының ауыр науқаспен алысып жатқандығын ұқты. «Шет елде емі бар екен. Оған қаражат жағы қол байлау болып отыр. Қанша жанталасқанымызбен қажетті сомаға жеткізе алмай жатырмыз. Мен Алматыда қызымның қасындамын. Жолдасым жарғақ құлағы жастыққа тимей, күн-түн жұмыс істеуде. Үйде кішкентай екі баламыз бар. Соларға екі-үш күнге барып келейін деп жолға шыққан бетім», – деген келіншек беторамалымен жасын құрғатты. Бейтаныс келіншектің шарасыз халіне куә болған Тасқын мен Рая бір-біріне қарады. Көздерінен бір-бірінің ойын айна қатесіз оқыды. Бала үшін деп жинаған қомақты қаржыны бейтаныс келіншектің алақанына салды.
Бұндайды күтпеген келіншек түс көргендей таңырқап, тосылып қалды. Не айтарын білмей, асып-сасқан оған ерлі-зайыпты екеуі өз тағдырын баяндап берді.
Бейтаныс келіншек: «Алла, Сіздерге жасаған жақсылықтарыңызды еселеп қайтарсын. Тілегендеріңізді берсін. Менің періштеме екінші өмір сыйлаған сіздердің бесіктеріңізді бос қоймасын», – деп жүректен шыққан тілегін төкті. Қос келіншек қоштасарда бір жылап, бір күліп, қимастықпен қол бұлғасты.
Арада бірнеше жыл өтті. Рая сол баяғы бейтаныс келіншекпен әпкелі-сіңлідей араласып кеткен. Тасқын да Асылдың жолдасымен әзілі жарысып отбасылық достарға айналған. Құдайдың құдіреті шексіз ғой шіркін. Қазір Тасқын мен Раяның екі баласы бар. Бейтаныс келіншектің бес жасар қызы ауруынан құлан таза айығып, бастауыш сыныпты бітіргелі жүр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА