Кешіккенді қашан қоямыз?
Өткен жұмада тойға бардық. Жұмыстан үйге асығып келіп, тездетіп дайындалғанның өзінде сағат тілі кешкі сегіз жарымды көрсетті. Тойханаға жеткенде тоғыз болды. Жетіге шақырған жерге бір емес, екі сағат кешігіп келгенімізге ұялып, жан-жағымызға қарамастан, той өткелі жатқан жоғарғы қабатқа көтерілдік. Топ адамның ішінен көзімізбен ұжымдастарды іздеп тұрғанда оң жақ қапталдағы үстелдердің бірінен қол бұлғаған әріптесімізді көріп, жанына жеттік. Бәрі болмағанымен тең жартысынан көбі келіп үлгерген. Бел ортасына жетіп қалған шығар деп уайымдаған отырыс әлі басталмапты. Қайтып кетуге той иесінің көңілін қимаған үлкендер де есіктен адам кірген сайын «той басқарушы бала болды ғой» деп үлкен үмітпен қарайды.
Қойшы әйтеуір не керек асабаның «Ал, ағайын құдаларды қошеметпен қарсы алайық», деген дауысы естілгенде ұялы телефоныма үңілдім. Сағат түнгі 22:00 екен. Уақытпен санасқан асаба амалсыздан асығыс-үсігіс, бірінен соң бірін тілек айтуға той төріне шақырды. Неке жүзік салу, торт кесу, жас жұбайлардың еркін биі, биші-әншілердің кезекті өнері бәрі-бәрі «жау қуғандай» жылдам өтті. Біз сағат тілі түнгі бірді көрсеткенде үйге қайтуға жиналдық. Ол кезде әлі көршілер мен жастардың достары тілек айтып үлгерген жоқ. Демек, той әзір тарқамайды.
Тойдың кеш басталуына кім кінәлі? Баратын өзіміз бе, жүргізетін асаба ма әлде той дастарханын дайындайтын тойхана ма? Осы сұрақтарды алдымен ауданымыздағы белді мейрамханалардың бірінің иесіне қойдық. Кәсіпкерге тойдың кешігіп өткізілуі қолайсыздық тудырады екен. «Жасыратыны жоқ той өте кеш басталады. Сағат 19:00-де барлық дастарқан да, тағам да дайын болады. Біріншіден, қаншама қонақ болған соң тағамдар көп мөлшерде пісіріледі. Тіпті кейде екінші асты түнгі он екіде бергізеді. Бірнеше сағат бұрын асылып қойылған астың суып қалмауын қадағалаймыз. Екіншіден, аспазшы, даяшы қыз-жігіттерге де оңай емес. Түнімен жұмыста жүріп, ертеңіне тағы да келетін күндер болады. Көбісі студенттер сабағына да барып үлгеруі керек, жұмыс берген соң олардың да жағдайына қарауға тура келеді», – дейді. Бұндай уәжді кәсіпкерлердің көпшілігінен естідік.
Ал, асабалардың айтары: «Тіпті кейде той иелерінің өзі уақытында келмейді. Қонақтар да асықпайды. Ертелетіп келген адамдар күтумен шаршайды да аяғына дейін шыдамайды. Әсіресе, үлкен кісілерге обал. Кейде уақыттың жетіспеуінен бағдарламаны қысқартуға да тура келеді. Адамдар арасында: «Тойлар бір сарында өтеді. Барлық жерде бір көрініс» деген пікірдің қалыптасуы заңдылық», – дейді.
Аудан тұрғыны Сабырбай ақсақал беташар тойдың мейрамханада өткенін құптамайтынын жеткізді. «Тойханада жастар той тойласын. Көңілді кеш өткізсін. Алайда, үлкендерді шаңыраққа шақырып, келіннің бетін отбасында ашып, батасын алған орынды. Даңғырлаған әуен, кешкілік уақыт біз секілді қарт кісілерге қиындау», – деген қарияны да түсінуге болады. Шақырғанда бармасаң ағайыннан ажырайсың, көңіл жықпастыққа салсаң, тағы болмайды.
Тақырыпқа қатысты бұдан бөлек бірнеше адамның ойын білдік. Бәрі де тойдың тым кеш басталғанын құптамайды. Дегенмен «Сіз, кешігіп жүресіз бе?» деген сауалға «Жұрт қатарлы барамыз ғой» деп жауап берді. Елден ерте барып қойса, ұят деп есептейді. Керісінше кешігіп келуден ұялатын кез келді.
P.S:Шақыру қағазында көрсетілген уақытта тойды бастап кетейін десе, шақырылған жандар толық жиналмаған, барымен базар деуге, кең тойхананың әр үстелінде бес-алтыдан ғана отырған қонақтармен салтанатты кештің сәні келіспейтіндей. Тойдан шаршап емес, шаттанып қайтқымыз келсе, ерте барып, қымбат уақытты бағалай білейік.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ