Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралас сайлаудың артықшылығы

Аралас сайлаудың артықшылығы

Маңызды науқан жақындап келеді. Ол – ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы. Нақты күні 19 наурызға белгіленген саяси науқанның ерекшелігі – оның аралас сайлау жүйесі бойынша өтуінде болып отыр. Алда қандай ерекшелік пен өзгеріс күтіп тұр? Бүгін осы жайында кеңінен тарқататын боламыз.
Аралас сайлау жүйесінің артықшылықтарына сайлаушының енді партияға дауыс беру арқылы белгілі бір саяси бағдарламаға, сондай-ақ өз аймағынан белгілі бір кандидатқа артықшылық беру мүмкіндігі бар. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қызметкерлерінің айтуынша, осылайша саяси мүдделердің өкілдігі сақталады және сайлаушының белгілі бір аймақтан сайланған депутатпен байланысы нығаяды.
Сонымен қатар сайлаушылар бір мандатты округ бойынша сайланған өз депутатын қайтарып алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл депутаттар жұмысының тиімділігіне, олардың азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігіне оң әсер етеді деп жоспарланып отыр. Соған сәйкес мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин биылғы сайлаудың ерекшеліктері туралы бөліскен екен.
Нақтыласақ, 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланатын болады. Одан бөлек үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін өзі ұсынуға мүмкіндік ашылған. Сонымен қатар бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды.
Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 проценттен 5 процентке төмендетілді. Сол секілді әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 проценттік квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталатын көрінеді. Ал Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Мұнан бөлек алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған енгізіледі. Сондай-ақ облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істесе, сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді.
Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді. Олардың қатарында «Ақ жол», «Amanat», «Ауыл», «Байтақ» жасылдар партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық, Қазақстан халық партиясы және «Respublica» партиясы бар.
Айтпақшы, Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі саяси науқанға қанша қаражат жұмсалатынын жариялаған екен.
– Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізуді тапсырды. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қарастыру барысында Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауын өткізуге 33,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат 2023 жылға бөлініп отыр. Шығын саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша және бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша жаңа аралас сайлау жүйесін енгізуді ескере отырып есептелген, – деп жазған Қаржы министрлігі таратқан мәліметінде.
Айта кетейік, кандидаттарды ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталады. Ал кандидаттарды тіркеу мерзімі 18 ақпанда Астана уақытымен кешкі сағат 18.00-де бітеді. Сондай-ақ үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда басталып, 18 наурызда аяқталады.

Абзал БАҚЫТҰЛЫ
31 қаңтар 2023 ж. 334 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031