Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көзге көрінбейтін кесел

Көзге көрінбейтін кесел

Ғаламда сандық технологиялардың дамуы адамзатқа жемісімен қатар залалын да тигізуде. Тіпті балаларға қатысты зорлық-зомбылық, кибербуллинг немесе онлайн қорлау жүйесі де белең алған. Соның кесірінен жасөспірімдер ғаламтордағы белгісіз топтардың құрбанына айналып, тіпті араларында өз-өзіне қол жұмсайтындары да бар.
Жалпы буллинг – қорлау сипатындағы жүйелі, екі және одан көп әрекеттер, қудалау және қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер. Сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары және телекоммуникация желілері пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер.
Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін.
Ол шырмауына түскен өз құрбанына тәулігіне 24 сағат бойы тыным бермейді, жасөспірімнің өзінің қорғаусыз қалғанын сезінтіп, ауыр психологиялық күйге ұшыратады. Жасөспірім өзін кім аңдып жүргенін білмейді және қауіпті ұлғайтып көрсетуге бейім келеді. Аңдушылардың аты-жөнінің жасырын болуы қорқыныш, үрейін күшейте түседі. Кибербуллинг кім-кімге де қатты әсер етеді. Тек жасөспірім ғана емес, ересектер де оның құрбанына айналуы мүмкін.
– Негізі мұндай кибершабуылдар көбіне ескірген, яғни трендтен шыққан мобильдік бағдарламаларда орын алады. Солардың бірі – «Вконтакте» мен «ТикТок» бағдарламасы. Аталған мобильдік қосымшалардың қолданушылардың басым бөлігі – балалар.
Кибербуллинг жақын туыстарымыздың бірінде де болған. Ілияс есімді туыс інім бар. Өзіме тым жақын, көрсе ағалап тұратын Ілияс. Бір күні көше бойында телефонға телмірген түрі, әдетте жүгіріп келіп саулық сұрасатын Ілияс жанымнан өтіп кетті.
Мұнда бір гәптің барын біліп, қуып жетіп, ашығын айтуды сұрадым. Сонда ол «Вконтактеде» белгісіз бір азаматша достыққа қабылдауын сұрап жазғанын айтты. Сөйтіп, оған өзінің сүйіп ойнайтын ойынында керемет жеңілдік, тегін сыйлықтар беріліп жатқанын және жіберілген сілтемеге өтіп оларды алуға кеңес берген екен. Сілтемеге өткен Ілиястың смартфоны өшіп, қайта қосылыпты. Араға 1-2 күн салып әлгі бопсалаушы қайта жазған көрінеді. Бұл жолы Ілиясқа оның смартфонындағы камерадан не істеп, не қойып отырғандығын бақылап отырғанын және оған Ілияс аталған сомманы бірнеше сағат ішінде жібермесе барлық достарына тарататынын айтып, қорқытқан. Мұны естіген мен көп кідірместен телефонын алып, әлеужелідегі парақшасын дереу жойып жібердім. Қуанышымызға орай оның достарына ешқандай сурет жібермепті, – дейді кент тұрғыны Алтынбек Орынбасаров.
Әлемдік статистикаға көз жүгіртсек, смартфонды ересек адамға қарағанда кәмелет жасқа толмаған балалар көп қолданады екен. Оның ішінде әлеуметтік желі қолданушылары көшін де балалар бастап тұр. Жоғарыдағы оқиғадай қақпанға балалардың көп түсетіні сол себептен болса керек.
Өткен жылы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңға, «Баланы жәбірлеу» түсінігін енгізу Сенаттың өткен жылғы отырысында талқыланған еді.
«Баланы жәбірлеу» түсінігі мектеп оқушылары арасында өткізілген әлеуметтік сұраулардың нәтижесінде заңнамалық деңгейде алғаш рет енгізіліп отыр. Кәмелетке толмағандардың ортасында зорлық-зомбылық, кемсіту, қысым көрсетудің алдын алудың, ересектердің балаға қарым-қатынасының маңызды тармағы саналады.
– Заң жобасы арқылы балаға ғаламтор кеңістігінде жасалған кибербуллинг деректерін қарау мәселесі бойынша арыз тәртібі де қарастырылады. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн, яғни балаға физикалық және психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан, оны қорлаудан қорғаумен қатар, енді «Баланы буллингтен» қорғау құқығы бекітіледі.
Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарына үш жастан 18 жасқа дейінгі қараусыз, қорғансыз қалған балалар уақытша орналастырылады. Осыған дейін бұл орталықтарда баланың ата-анасын немесе басқа да заңды өкілдерін анықтау ғана қажет болса, енді оларға осы балаларды беру турасындағы қызметі нақтыланып отыр, – деген еді сенатор Ләззат Сүлеймен баяндамасында.
Жоғарыда көргендеріңіздей мемлекет тарапынан да бұған қарсы ашық күрес жүріп жатыр. Алайда оған қоғам болып қарсы, аяусыз күрес жүргізу керек. Өйткені одан зәбір көрген бала қоғамдағы қатыгездікке жалғыз қарсы тұра алмайды. Осыны естен шығармайық.

Серік АҚМЫРЗА
10 қаңтар 2023 ж. 286 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031