Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бос қалған әмиян

Бос қалған әмиян

– Алло, Баян қалайсың? Мен ғой ­Майра.
– Еее, білеміз ғой. Атың сақтаулы. Өздерің қалайсыңдар? Тыныштық па, аптығып тұрсың?..
– Тыныштық, тыныштық. Бос болсаң, әңгіме айтайықта. Бір жерге барып.
– Бір жер дегенің қай жер?
– Енді жұрттар құсап, кафеге дегендей. Мейрам емес пе?
– Ол қалай болар екен? Бүгін сенбі ­боспын ғой...
– Баян, әлгі нені, ақшаны уайымдап тұрсаң. Оған саспа. Мекенжайды жіберем, сонда кел, – деп Майра бұйыра сөйлеп, телефонды тастай салды.
– Бұнысы несі, кафе дегенді қайдан шығарды мына қыз. Орта жасқа келгенде онымыз қалай болар екен, – деп Баян тосылып қалды.
Он жыл бір сыныпта оқыған құрбысының көңілін қимады. Қырық жылда бір қонақ қылам деп тұрғанда бас тартпады. Не кием деп ананы бір, мынаны бір ұстады. Былай-былай шыққанда киетін бар-жоғы бес көйлегінің ішінен жеңі ұзынын таңдады. Қыстың күні қысқа жеңмен жиын-тойға баруға денсаулық жарамайды. Онсызда ауа ауысқалы қылтың-сылтыңы көбейді. Бірде белі, бірде аяғы қақсайды. Бір сәт: «Мына қыз не айтқалы шақырды екен, ә?! Жайсыз жағдай айтар болса, мына жылтыраған көйлекпен көңілін одан әрі түсірмес пе екем? Шәй, шәй дей бергенше шет жағасын айтатын ғой. Қой не де болса, өзінен бір ауыз сұрап жіберейін», – деп Баян телефонын қолына алды. Ұстағаны сол-ақ еді Майрадан хабарлама келді. Мекенжайды жазыпты.
Сонда күтіп отырмын депті. «Қой, ұзақ күттірмейін» – деген Баян сырт киімін асығып киіп, үйден шықты. Бұлар ұзын көшенің басынан санағанда үш-төрт үй кейін тұрады. Анадайда зуылдап жатқан көліктердің біреуіне қолын бұлғады. Төбесінде такси деген сары жазуы бар ақ машина бұған қарай бұрылды. Діттеген жеріне дереу жеткізді. Кафеге өзі кіруге қысылып, Майраға телефон шалды.
– Келіп тұрмын. Сыртқа шықшы, бірге кірейік.
– Қазір. Майраның дауысы жарқын-жарқын шықты.
– Баян, мындамын, – деген дауысқа мойнын бұрды. Майра көйлекшең тұр. Жылдам басып, жанына келді. Бір ай бұрын сыныптастары Ғабиттың шаңырағында бас қосып, қоныстайтын тойлаған еді. Алайда бүгінгі құшақтасуларын сырттан көргендер: «Төрт-бес жылды артқа қалдырып, жолығып жатқан жандар» деп қалар еді.
Майра орындықты ұсынып жатып: «Осы жер дұрыс па әлде ...», – деп жан-жағына көз жүгіртті.
– Жоға, осында отыра берейік.
Сыныптастардың әңгімесі таусылған ба? Өткен-кеткенді сөз етіп, отырғанда біраз уақыт болып қалыпты. Баян ұрланып, дастарқанға көз тастады. Онысы «мына жегендеріміздің жобасы қанша теңгеге жуықтар екен» дегендегісі. Екіге бөліп төлемесе, Баянның бір өзі шамасы жетпес. Алайда қонаққа шақырған Майра. Бұл неге төлеуі керек? Ойланып кетіпті. Баян деген дауыстан селк етіп, есін жиып алды.
– Шәйға, не жейсің?
– Болады, Майра біраз жедік. Мен тәттіге жоқпын. Шәйдың өзін іше берейік, – деп Баян жылы жымиды. Іштей: «не үшін шақырғанын айтпады-ау» деп санасы сан-саққа жүгіріп үлгерді.
– Кеше... Майра басын сәл алға қарай иіп, Баянға жақындай түсіп еді телефоны әуезді әуен ойнай кетті.
– Қазір, мынау көрші ғой. Не болып қалды екен? – өзіне-өзі сауал қойып, тұтқаны көтерді. «Жақсы, үйге барған соң, өзім хабарласамын» Майра қысқа қайырды.
Үзіліп қалған әңгіменің жалғасын тыңдауға құлықты Баян сұраулы жүзбен сыныптасына қарады.
– Жыл аяғы деп ай сайынғы жалақыны бұрынғыдан ертерек берген. Онымыздың кететін жерлері келісіліп қойылған. Әп-сәтте аққалтаға айналған едік. Кеше жаңажылдық сыйақы алдық. Осы жұмысты өзің арқылы тапқаным есіңде ме? Соған айтқан алғысымның түрі ғой.
Қонақжайлылықтың құпиясын Баян енді түсінді.
– Еее, қандай жақсы. Оныңа рақмет. Қызық, бізге де бере ме екен?
– Беретін шығар. Жыл бітуіне әлі бір апта уақыт бар. Біздің құдаша Асылды білесің ғой осы сен. Менің туған күнімде таныстырған едім.
– Иә, иә есімде. Ән салған қыз емес пе?
– Дәл өзі. Әнеугүні айлығымды алайын деп банкоматқа барсам соны кезіктірдім. Сыйақы түсіпті деп мәз болып тұрды. Соған қарағанда барлық мекемеде болады-ау деп топшылап тұрмын.
Баян құрбысына қызыға да, қызғана да қарады. Санасында сыйақы алсам, анда жұмсаймын, мында барамын деген ­жоспарлар өздігінен құрылып жатты. Тіпті қанша теңге мөлшерінде болатындығын ойша бағамдап қойды. Отырыстан көңілді қайтты. Майраға риза. Әсіресе «сыйақы аласыңдар ғой» деп сенімді түрде айтқан сөздері құлаққа майдай жақты. Қайтар жолда базарға соғып, бар ақшасына ананы-мынаны алды. Босап қалған әмиянын «әзірге» сөмкенің түбіне тоғытып жіберді.
Жаңа жұмыс аптасы басталып кетті. Таң атса, күн батады. Уақыт кімді күткен дейсіз. Алды-артына қарамай зымырап барады. Сыйақыдан әзір хабар жоқ. Қолда бардың бәрін базарда қалдырған Баян шындап сасайын деді.
Бүйірі шықпаған әмиянына алара қарап, айна алдына қоя салды. Үйге тастап кетпекші. Шығар ауыздағы бөлмеде етігін киіп жатып: «Қызым, бөлмеде әмияным тұр еді. Әкеліп берші», – деп дауыстады. Бүгін сәрсенбі екен ғой кім біледі сәті түсіп, сыйақы алса, қайда саларын білмей, абдырап қалар.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
01 қаңтар 2023 ж. 419 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930