Ауылдағы ағайынның айтары бар
Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев ай сайын ауыл адамдарымен жүздесіп, сондағы тіршіліктің тынысына талдау жасап жүр. Одан бөлек Президент пәрменімен тоқсан сайын тұрғындардың талап-тілегін тыңдап жүргені тағы бар. Жуырда осындай есепті кездесудің куәсі болдық. Нақтыласақ, аудан әкімі өткен сенбі күні Қарақұм беткейдегі Шәкен ауылына арнайы барып, шалғайдағы елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобалар айтылып, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді. Сондай-ақ, Мұхтар Әуесұлы 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауына біркісідей қатысқан ауыл халқына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Басқосуда шалғайдағы Шәкен ауылының тұрғындары елді мекенге трансформатор орнату, №134 мектепке оқушылар тасымалдайтын автокөлік алып беру, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, округке қарасты Шилі елді мекеніндегі ұялы байланыс желісінің сапасын жоғарылату және тағы басқа да бірнеше өзекті мәселелерді көтерді. Тұрғындардың көтерген мәселесіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауап беріп, айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.
Халықпен кездесуде аудан прокуроры Дарын Әбіш те сөз сөйлеп, елімізде алғаш рет прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе берілгенін жеткізді. Тұрғындармен жүздесулерге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ғанибек Құрманалиев, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рахметов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Араға бір күн салып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімінің қараша айындағы ауылдық округтердегі халықпен кездесулері жалғасуда. Бұл күні аудан басшысы Ғ.Мұратбаев және Майлыбас ауылдық округінің тұрғындарының жағдайынан хабар алып, ұсыныстарына құлақ түрді.
Басқосуда Мұхтар Әуесұлы алдымен ауданда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, қол жеткізген жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттерді тілге тиек етті. Кезек ұсыныстарға берілгенде Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары «Балдәурен» балабақшасын жөндеу, «Ақарық» каналын тазалау, бұлақ қазу, елді мекенге қатынайтын қоғамдық көлікті Әйтеке би кентіндегі аудандық емханаға дейін апару, шеткі көшелерге электр желілерін тартып, бағаналар орнату сияқты ойларын ортаға салды.
Ал ақсуаттық ағайын елді мекендегі 2 көшені жарықтандыру, Байқожа елді мекеніндегі негізгі мектепті орта білім беруге бейімдеу және тағы басқа мәселелер жөнінде ұсыныс айтты.
Тұрғындардың көтерген мәселесіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауап беріп, айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.
Айтпақшы, Ақсуат ауылына сапары кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Тұрғындармен кездесуден соң Ақсуат ауылында жаңадан салынған әкімдік ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, халықтың қуанышына ортақтасты.
Абзал БАХЫТҰЛЫ