Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тас жолда тосқауыл болғандар

Тас жолда тосқауыл болғандар

Ұлы жол бойындағы көлік қозғалысы әрқашан қауіпті. Мұнымен баяу жүрген көлікті көрмейсіз. Тығыз шаруа, белгіленген кездесу, жора-жақындарға асығу. Тезірек жүрмесек тіршіліктен қалыс қалуымыз мүмкін. Соңғы кезде қалааралық жолда көлік апаты жиі орын алуда. Жүргізушінің ұйықтап кетуі, көлік ақауының салдары, жарығының стандартқа сай келмеуі сияқты жағдай апатты оқиғаның басты себебі екені анық. Ауа-райының қолайсыздығынан да қыршын жандар қиылып түсуде. Бұдан бөлек, төрт түлік малдың жолдан кесе-көлденең шыға келуі жол апатын жиілетіп отыр. Көлік тізгіндегендерді осы мәселе алаңдатып отырған жайы бар.
Заң бойынша үлкен трассада ең жоғарғы жылдамдық сағатына жүз шақырымнан аспауы шарт. Үнемі сапарда жүретін жүргізушілер көзіне бұл үлкен жылдамдық болып көрінбейді. Бірақ алдынан мал шыға келсе, тізгін тартып, көлікті тоқтату қиынның-қиыны. Егер жолаушының көрер жарығы болса, көлігін жөндету үшін біршама шығынға батады. Мұндай жағдайда көңілі кең қазақ бас амандығына шүкір етері анық. Бәле-жаланың бәрі осы шығынмен-ақ кетсін дейді. Ал тұяқты жануар біреудің өмірін жалмаса, оған малдың иесі кінәлі болатынын көбі біле бермейді. Өткен жылы өз аймағымызда автобустардың соқтығысуы осындай жағдайдан орын алғаны белгілі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жол апаты салдарынан он жылда 100 мыңнан астам азамат дүниемен қоштасады. Бұл – қазіргі таңда демографиялық өсімге ұмтылған еліміз үшін өте үлкен көрсеткіш. Қызылорда мен Қазалы арасында жолаушылар тасымалдайтын такси жүргізушісі Арман Оңдаған:
– Отбасымды асырау үшін халықаралық трассада жүйткіп жүргеніме 4 жылдан асты. Ары-бері жолаушы тасымалдаймын. Жолда жылқы, түйе, сиыр алдымыздан шығып қалып жатады. Жай жылдамдықпен жүргеннің өзінде қою қараңғыда 5-6 метрден әрі жол шала көрінеді. Апатқа ұшыраған жағдайда мал иесін табу қиын. Жол жүру қауіпсіздігін бұзған олар үшін заң да бар шығар. Кешке жақын малдарын жолдан алысқа айдап, жайылымын ұзартса өзіне де, басқаға да зияны тимес еді, – деген ойын жеткізді.
ҚР «Автомобиль жолдары туралы» Заңының 20-бабында: «Жалпыға ортақ пайдаланатын автомобиль жолдарын пайдаланушылар көлік құралдарын жол жүру қауіпсіздігін, жолдардың және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ететін жағдайда пайдалануға, сондай-ақ, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу­ге міндетті» делінген. Сонымен бірге, ҚР Үкіметінің 1998 жылғы «Жол шаруашылығы құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру туралы» қаулысында: «Автомобиль жолдарында: «….малды жол арқылы арнайы бөлінген жерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы кезінде және жеткіліксіз көрінетін жағдайда айдап өтуге, малды төсемі жетілдірілген жолмен айдауға және оларды жолдың жолақ бөлігінде жаюға тыйым салынады» деп көрсетілген. Сондықтан малшылардың үстінен бақылауды күшейтіп, заңды басқа жағдайда емес, дәл осы тұста қатаңдату керек.
Жақында ғана маңғыстаулық полицейлер бұл мәселені шешу жолын тапқандай көрінді. Олар арнайы жарықтандырғыш таспа жасап, түйе малының аяғы мен мойынына таққан. Тәжірибе барысында таспасы бар жануардың қимылы алыс­тан байқалған. Бұл ұсыныс әлеуметтік желі қолданушыларының көңілінен шықты. «Осындай заттар қаражат жоқ деп сылтау айтпауы үшін шаруа қожалықтарына тегін таратылса екен. Сосын малдарына таспа тақпағандарға айыппұлды аямай салса оң өзгерістер болары анық», – деді желі қолданушыларының бірі.
Айтпағымыз, республика деңгейінде үй жан­уар­ларының тас жолда жүрмеуін қадағалайтын нақты шара қолға алынса екен. Әрі-беріден соң, қараусыз кеткен төрт түліктің иелерін жөнге салатын уақыт әлдеқашан жеткен сияқты. Бізге әр адамның амандығы керек.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
25 қараша 2022 ж. 333 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031