Гаухар Алдамбергенова: «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей»
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне келген сапарында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өтіп, оқу орны ұжымының алдына нақты міндеттер қойған болатын. Осы орайда тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан Қыздар Университеті өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды.
Еліміз тәуелсіздік алып, өркениетті мемлекеттер санатына қосылу жағдайында адамгершілік-этикалық идеялар көрініс алған қазақ халқының рухани-мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Бұл турасында Елбасы: «Арды бағалайтын, белсенді, жоғары моральді, әдепті және рухани байлығы мол адамдардан тұруы керек. Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деп атап өткен болатын.
Кейінгі жылдары қоғамда орын алып отырған келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғалар, бүгінгі тәрбие саласындағы инновациялық көзқарасты педагогикада жүйелі түрде пайдалануға байланысты тиімді идеяның болмауы да адамгершілік тәрбиені, соның ішінде моральдық-этикалық тәрбиені дағдарысқа әкелуде. Бұл мәселенің шешімін, ғасырлар бойы өзінің көкейкестілігін жоғалтпаған, керісінше, әрбір қоғамдық формацияда болған өзгерістерге байланысты жетіліп отырған қазақ халқының озық моральдық-этикалық дәстүрлерінен іздестіру қажет. Өйткені, қазақ халқының озық этикалық дәстүрлерінің негізі болып қаланған гуманистік идеялар, адамгершіліктің басты құндылықтарымен байланысты және адамзат моралінің негіздерін мағыналы түрде жан-жақты меңгеруде, адамдар арасында таза адами қарым-қатынасты тәрбиелеуде жетекші құралдардың бірі болып табылады.
Моральдық-этикалық дәстүрлерді халық даналығының негізгі бір көрінісі ретінде қабылдау бүгінгі білім беру жүйесі үшін аса маңызды. Бұның, әсіресе болашақ мұғалімдер үшін пайдасы зор. Олай дейтініміз, оқушылардың моральдық-этикалық мәдени деңгейінің дұрыс қалыптасуы мұғалімнің тұлғалық адамгершілікті моральдық-этикалық қасиеттеріне, осы бағытта меңгерген тарихи-теориялық, практикалық, білім, іскерлік, дағды деңгейіне байланысты айқындалады. Нәтижесінде бұның барлығы қазақ халқының моральдық-этикалық тәрбиесіндегі озық дәстүрлерін зерделеуге бағыттайды.
Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді университеттердің тәжірбиелеріне сүйенер болсақ, біз ұстаз дайындаумен шектелмей, қоғамға қажетті маман даярлауымыз керек. Бұл біз дайындап отырған мамандардың жұмыс берушілер талабына ғана емес, қоғам талаптарын қанағаттандыру болып табылады. Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихында болмаған жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Бұл тұрғыда Қыздар Университетінде заман көшіне ілесу мақсатында жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Түрлі тағылымға толы іс-шаралар арқылы қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптеп, қаракөз қыздарды құндылықтар мен ізгі қасиеттерге баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын тұлға, қоғам қажеттілігін қанағаттандыратын ұстаз маман дайындауды мақсат етіп келеміз. Білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қыздар Университеті өз қызметінде тәрбие саласын, қазақстандық патриотизмді, Мемлекет басшысының Мәңгілік ел идеясын кеңінен насихаттауды басты назарда ұстайды. Ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын ұғымдардың бірі – этика. Өйткені, әр елдің орналасу аймағына, тіршілік салтына, өмір сүру дағдыларына байланысты ортақ мінез-құлық ережелері, жүріс-тұрысы, тыныс-тіршілігі қалыптасады. Қазақ этикасы көл-көсір молдығымен, адамгершілік қуат тегеурінімен, тарихи айқындылығымен халықтың рухани өмірінде ерекше орын алады. Қазақ этикасының ежелгі бастау қайнар көздері үш мың жылдай Еуразияның Ұлы Даласында өркендеген сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мен түрік бірлестіктерінің мол мәдениетінен нәр алған. Осыдан 2600 жыл бұрын-ақ өмір сүрген сақ ойшылы Анахарсис әдеп және адамгершілік туралы терең пікір қалдырған.
Қазақ халқы қай кезеңде болмасын қыз бала тәрбиесіне жете мән берген. Ол – мәдениеттілікті идеалға бағдарлау арқылы яғни халыққа сыйлы адамдардың өнегелі ісін, рухани адамгершілік мәдениетін, беделі мен мінез-құлқын, білімі мен қабілетіне, қарым-қатынас мәдениетін үлгі ету арқылы қалыптастырған. Идеалды күнделікті өмірге қажетті басты бағдардың бірі деп есептеген. Мысалы, «Қозы Көрпеш, Баян сұлу», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» жырлары арқылы халық қазақ қыздарының рухани адамгершілікті бейнесін, моральдық келбетін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, киім киісін, өзара қарым-қатынасын өнеге етсе, Домалақ ана туралы аңызда қазақ әйелдеріне тән даналықты, ұстамдылықты, сезімталдықты, тапқырлықты үлгі тұтуға шақырған.
Дана халқымыз қыз тәрбиесінде күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі және қоғамдағы адамгершілікті моральдық-этикалық мәдени қарым-қатынасқа аса мән берген. Отбасы, туыстар арасындағы қарым-қатынастың адам санасына, мінез-құлқына, ішкі және сыртқы мәдениетінің қалыптасуына әсерінің мол екенін жете түсінген. Мәселен, әке мен баланың, ана мен қыздың, әке мен қыздың, келін мен қайын ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, күйеу мен қайын ененің, бажалардың, жезделердің, бөлелердің арасындағы өте бір нәзік жарасымды қарым-қатынас моральдық мәдениеттің негізін қалауда үлкен рөл атқарған десе артық болмайды. Мысалы, жас келіннің Тотым, Айнам, Сері жігіт, Еркежан сияқты ат қоюының өзі алдыңғыларға құрмет, кейінгілерге ізет көрсету болса, Өзенбай, Қамысбай, Қойшыбай, Бәкібай, Қасқырбай есімді қайын ағалардың есімдерін атаудан қашқақтап, қасқыр жарып кеткен қойды бауыздап алу үшін қасындағы кішкентай қайнысын ауылға жұмсаған жеңгенің: «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында, маңыраманы ұлыма жарып кетті, қынамадан жаныманы әкелсін», – деуінен, біріншіден әдептіліктің, ізеттілік пен сыйластықтың белгісін көрсек, екіншіден, ойының ұшқырлығын, тапқырлығын, сөзге зеректігін байқаймыз.
Қыз баланы «болашақ ана», «қонақ», «жат жұрттық» деп түсінген халық оған ешқашан зекіп дауыс көтермеген, аялап кірпігінен қақпай өсірген. Қарым-қатынас барысында өзі ренжіткен адамнан кешірім сұрай білуге, өзін ренжіткен адамға кешірімді болуға өзіне жақсылық жасаған адамға алғыс айтып, ризашылық сезімін білдіруге үйреткен. Мұны адамның ішкі мәдениетінің жоғары көрсеткіші деп түсіндірген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген пайымы 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Қазіргі күнде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қыздар университетінің өзге жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі ретінде білім беруде халқымыздың ұлттық құндылықтарын басшылыққа ала білуінде деп айтар едім. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасынан кездестіре білмейсіз. Ұжым өз қызметінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады.
Оқу орнында гендерлік саясат бойынша іргелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі күнде халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың белсенділіктері мен саяси ықпалдастықтарына деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда. Тәуелсіздік жылдарында еліміз қарқынды дамып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында көптеген жұмыстар жасалуда. Қазақстанның әлем елдерінің алдындағы оң саяси имиджін бұдан да нықтау үшін демократиялық қағидаттарға негізделген гендерлік саясаттың арнасын кеңейте түсуіміз қажет. Осы орайда университет жанында Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты қызмет атқарады. Осы тақілеттес ғылыми орталық ТМД аймағында бірден-бір екенін ерекше атап өткен ләзім. Институттың стратегиялық мақсаты – 2018-2021 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70 сессиясында қабылдаған Тұрақты даму мақсатының «Барлық әйелдер мен қыз балалардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүмкіншіліктер ауқымын кеңейту» туралы 5-ші мақсаты бойынша жүзеге асыру. Институт гендерлік теңдік идеясын дамытуды білікті педагог кадрларын дайындау және ғылыми-зерттеулер арқылы іске асырады. Университетте «Қазақ аруы» атты курс оқу үдерісіне енгізілген. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймыз. Бүгінгі күннің талабына сай тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқаша. Құндылықтар да өзгеріп барады. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қараған ләзім. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Олардың бойында тағылымды тәрбие болғанын қалайтынымыз белгілі. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймын. Ордалы оқу орнының студенттері болашақ ұстаз, отбасының ұйытқысы. Сондықтан рухани құндылықтарымызды сақтай отырып, өнеркәсіптік революция заманның ерекшелігін игерген ұстаз тәрбиелеу – университетіміздің басты бағдары. Қазіргі күнде оқу орнында болашақ мамандарды тәрбиелеу мақсатында 38 ұйым қызмет атқарады. Қаракөз студенттеріміз университет қабырғасында білім нәрімен сусындап қана қоймай, рухани құндылықтарды сақтай отырып, қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандыру жұмыстарына белсене қатысып отырады. Қыздар Университетінің студенттері адамгершілігі жоғары тұлға ретінде әртүрлі қоғамдық акциялар мен қайырымдылық акцияларына белсенді қатысып отырады. Болашақ әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, дефектологтар, музыкалық білім беру мұғалімдері Алматы қаласындағы Аналар үйлерінде жүйелі түрде ақысыз негізде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, оқу орны студенттерінің бастамасымен қайырымдылық жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты – университет ұжымы мен студенттерінің санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық сияқты ізгі ұғымдарды қалыптастыру. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен жеткіншектерге көмек көрсету, оларды рухани тұрғыда қолдап-қуаттау. Дана халқымызда «қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ұлағатты сөз бар. Қайырымдылық – ұлтымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа жан риза» дегендей Қыздар Университетінің студенттерінің көмекке мұқтаж жарымжан азаматтарға қамқорлық көрсетіп, жүрек жылуын ұсынуы һәм сауабы мол іске атсалысуы – көпке үлгі болатын игілікті іс деп білеміз. Әлеуметтік әділдік, теңдік, өзара сыйластық пен қамқорлық туралы ниетті тек қана мемлекет емес, азаматтық ортаның өзінің көтеруі – қоғамымыздың кемелденгенін, жаңғырғанын көрсетеді. «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасын қолдау мақсатында университет ғалымдары мен студенттері Жасыл ел мемлекеттік бағдарламасын қолдау мақсатында арша, емен, акация ағаштары өскіндерін арнайы зертхана жағдайында ең тиімді әдістермен өсіріп, Медеу шатқалына отырғызуда. Іле Алатауы табиғи жүйесін қайта қалпына келтіру мақсатында 350 түп арша, 250 түп акация мен 150 түп емен отырғызылды. Сондай-ақ, «100 мектеп» бағдарламасы аясында салынған мектептер аумағына 200-ге жуық түп арша, емен отырғызылды. Бұның барлығы адамгершілік қағидаттарынан туындаған игілікті істер екені рас.
Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар Университетінің басты бағдары.