Қазіргі қоғамның рухани-өнегелік жаңғыруындағы қыз баланың орны
«Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтеретінін айтса керек. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балаларының анасы. Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелетіп, парасаттылыққа баулып еркін өсірген. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиелейді. Пәрәнже-сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр,төзімді,өнерлі, танысын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздар осы біздің қазақ халқында болған.
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде «Ақжүніс» қыздар клубы жұмыс жасайды. Клубтың 100-ге жуық мүшесі бар. Ай сайын клубтың отырысы, жоспарға сай іс – шаралары өткізіліп тұрады. Жуырда «Ақжүніс» қыздар клубының ұйымдастыруымен «Қазіргі қоғамның рухани-өнегелік жаңғыруындағы қыз баланың орны» тақырыбында кездесу болып өтті. Кездесудің мақсаты - қазіргі қоғамдағы қыздар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу және кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық әрекетке қарсы қылмыстық істер мен қол сұғушылықтан оларды толық қорғауды қамтамасыз ету. Кездесуге аудандық жастар денсаулығы орталығының маманы Гүлнәзия Қонысбаева, аудандық орталық емхананың акушер-гинекологы Айдана Нұрашова, қалалық емхана психологы Жазира Сағымбай, жалпы тәжірибелік дәрігері Гүлсайран Мырзаханова, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының Қазалы аудандық бөлімше меңгерушісі Нұрғазы Нәлібаев, АПБ ЖПҚ ЮПТУ учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Гаухар Бегалиева және колледжде білім алатын қыз балалар мен олардың ата – аналары қатысты. Кездесу барысында сала мамандары қазіргі қоғамдағы қыздар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық әрекетке қарсы қылмыстық істер мен қол сұғушылықтан оларды толық қорғау туралы қыз балалар мен олардың ата – аналарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар сала мамандарына сұрақтар қойып, ұтымды жауап алды. Кездесу жоғары дәрежеде өткізілді.