Н.Назарбаевтың кітабын оқу бағдарламасына енгізу ұсынылды
Еліміздің жоғары оқу орындарында оқытылатын «Рухани жаңғыру» пәніне Абайдың қара сөздері мен Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын енгізу қажет.
Мұндай ұсынысты Қызылорда мемлекеттік университеті ҚХА кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетерлігі, бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын талқылауға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары республикалық қауымдастығының кеңейтілген отырысы өткен болатын. Шарада Қызылордадан тікелей бейне байланысқа шыққан Нұрлыбек Мыңжас Елбасы кітабына ширек ғасырдағы мемлекеттің адам капиталына деген көзқарасын жаңа сыни тұрғыда тұжырымдаған, тарихи баға берген тұщымды еңбек деп атап өтті.
«Бұл барша қазақстандықтар үшін бүгінгі өмірдің негізгі рухани тіректерінің, экономикалық-әлеуметтік дамудың, мәдени жаңғырудың басты парадигмалық құндылығын көрсететін жаңалық болып еніп жатыр. Сонымен қатар Елбасының еңбегі болашақта төртінші революциялық жаңғырған дүниежүзілік қауымдастық жағдайында алдыңғы қатарлы дамыған елдердің легіне біздің республикамыздың лайықты түрде енуінің жаңа формуласы деп түсініп отырмыз», - деді ол.
Осы ретте ҚХА меңгерушісі екі ұсыныс жасады.
«Алдағы уақытта оқылатын «Рухани жаңғыру» пәніне ең біріншіден Абай Құнанбаевтың 45 қара сөзін қоссақ. Себебі әлем мойындаған хакім Абайдың нақыл сөздері, көзқарастары кейінгі уақыттағы Алаш қайраткерлерінің, Тәуелсіздік тұсындағы біздердің азаттық жолындағы күресіміздің тиісті жалғасы деп ойлаймын. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының астары да Абайдың ұлттық прагматикалық көзқарастарымен мазмұндас. Олар бір-бірін толықтырып, жетілдіріп тұр. Екіншіден Елбасымыздың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын да «Рухани жаңғыру» пәніне қосуды ұсынамын», - деді Нұрлыбек Мыңжас.
ult.kz