Сүйкімсіз қылығымен сыйы кеткен
Той көрігі қызғалы жиындардағы жын-ойнақ би әлеуметтік желіні «жарып» жүр. Сарай-залдарды қайтадан көрерменге толтырған эстрада жұлдыздары көргенсіз қылығымен көзге түсіп қалудан жарыс ұйымдастырып жатқандай. Арзан «пиар» үшін ерсі қылыққа әдейі барады. Соның кесірінен артық кетіп, шеттен шығып жатады. Билік жақында осы саланы реттейтін заң қабылдамақ. Пайдасы бола ма?
Бізге керегі – әдеп
Кез келгені өзін «жұлдыз» деп дәріптейтін өнерпаздардың өнерде, сахнада, өмірде әдепсіз қылық танытуы сәнге айналды. Сол үшін ешқайсысы жазықты болмайтынын бәрі біліп алды. Танымал медиа өнімдер рейтингін түзетін «Мediametrics» есебіне жүгінсек, Қазақстанда әлеуметтік желіде, ақпараттық құралдарда ең көп оқылып, көрілетіні, яғни халық тарапынан қызығушылық тудыратыны белгілі адамдардың тосын, оғаш, сүреңсіз тірліктеріне қатысты болып келеді екен. Содан көптеген сайт, басылым, ақпарат агенттіктері осы тақырыптарды талғажау етіп, қаралым жинағанына мәз. Оқырман көрерменін материалдарының терең мазмұнымен емес, жалаң әуейілігімен жаулауға бет бұрды. Сөйтіп, жұлдызсымақтардың ұятсыз қылықтарына жарнама жасап, сол кесапат тірлігін ары қарай өрістетуге ынталандырады. Осылайша, тұйықталған кесірлі шеңбер шығады.
Мәдениеттанушы Қанафия Елубайдың айтуынша, бұл шеңберді мемлекет үзбесе, халық жоғары мәдениеттен теріс айналып, ар-ождан, ақыл-парасаттан жұрдай болуы ғажап емес.
– Басшылар қазірден бір батыл қадамдар жасамаса, жас ұрпақтың да танымы мен талғамына алапат қиянат жасалып, ұлт азғындалу шыңырауына аяқ басуы мүмкін. Ондай қоғамның көсегесі көгере қоюы неғайбыл. Алматыда өткен концерттің бірінде бір әнші сахнада қаңылтыр құтыдағы сыраны ішіп, банкілерін залға лақтырды. Ол бір жағынан ішімдікті насихаттаса, екінші жағынан жастарға қоқысты қалаған жерге тастай салуға үйретеді. Концерттен соң полицияға өтініш жаздым, олар қабылдамады. Бейнежазбаңызды көрсетіңіз дейді. Ұйымдастырушылардың операторы түсіріп жүрген. Бірақ полиция қызметкері өз бетінше ізденгісі келмеді. Көшеде түкіргендермен күресіп жүрген құқық қорғау органдары бұған да назар аударса жөн, – деді сарапшы.
Оның пайымдауынша, мемлекет заңмен тосқауыл қоймаса, концерттер мен той-томалақтағы жын-ойнақтар толастамай, тек өрістейді. Қазір сахнада ұрпақ ауысуда. Кеңес кезіндегі түрлі цензурадан өтпеген, тіпті қарапайым әдеп дегенді білмейтін, өнердің оқуын оқымаған өнерпаздар өсіп-жетілді. Цензураны қайтарудың қажеті жоқ болар, бірақ заң жүзінде шектеулер қарастырылғаны маңызды.
Алпауыт елдің үлгісі де алда
Дамыған жұрттың әншілері сахнада темекі шексе, арақ ішсе, басқа әдепсіз іс жасаса, айыппұл төлетіп, қамауға алу қарастырылған. Мысалы, Жапонияда бұқаралық іс-шаралар кезінде көпшілік алдында ұстау этикасы бұзылса, ұйымдастырушыларға, жеке тұлғаға ірі көлемде айыппұл салынады екен. Ұлыбританияда ұйымдастырушы тұлға бұқаралық шараны өткізу талаптарын бұзса, түрмеге қамалады. Өркениетті мемлекеттерде «жұлдыздарды» тым шектен шығып, әдептің ала жібінен аттаудан аулақ болуға итермелейтін басқа да тетіктер бар.
Айталық, 2004 жылы америкалық футболдан «Супербоул» салтанатында өнер көрсеткен әнші Джастин Тимберлейк әріптесі Джанет Джексонның абайсызда кеудешесін жұлып алып, омырауын жалаңаштағаны бар. Америка жұртшылығы да, сарапшылар да мұның оқыс оқиға емес, алдын ала ойластырылған қойылым екенін сынады. Қос әнші жаза тартты. Екеуіне де қайта-қайта кешірім сұрауға тура келді. Жанжал қос әншінің достығына нүкте қойды. Осы оқиғадан соң «Грэмми» ұйымдастырушылары Тимберлейктен бас тартып, жүргізушіні шұғыл ауыстырды. Бірқатар радиостанса ол екеуінің әнін біразға дейін қоймай жүрді. Мұндай мысалдар жетіп артылады.
Қазақстанда мұндай қоғамдық тежеу тетіктері түзілмеген. Содан бассыз кеткен жұлдызсымақтар, мәдениеттанушы айтқандай, «халықты дүр сілкіндірдім деп, арсыз қылығынан кринж, кайф аулайды».
Бұрыннан ұлтжанды азаматтар талмай айтып келе жатқан бұл сөздердің билікке жеткені байқалады. Мәдениет және спорт министрлігі «эстрада өнері саласындағы концерттік қызметті реттеу бөлігінде қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге» кірісті.
Биылғы 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында «Ирина Кайратовна» тобының концерті өткен. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда бейнеленгендей, әншісымақтар сахна ортасында отырып, жұрттың, балалардың көзінше стақанмен арақ ішкен. Сорақысы сол, «шақырылған қонақ», «Shiza» лақап аты бар Асхат Жолшиев мемлекеттік туды алып шығып, қолына орап алады. Артынан микрофоннан бұл үшін әкімшілік жаза ғана қарастырылғанын, сондықтан пысқырмайтынын айтып, сандырақтай бастады. Ұйымдастырушылар оны сахна сыртына алып кетпегенде, мас Асхат біраз былапыт сөз айтатын еді. Бұл масқарадан олар топ қатысушысы Азамат Маркленовтің кешірім сұрауымен құтылды.
Жанжалшыл әнші жарылқаушысын жарға жығады
Заң жобасын әзірлеуші Мәдениет және спорт министрлігі өз талдауында бүгінде Қазақстан заңнамасында саладағы кейбір мәселелер реттелмегендіктен, концерттік қызметті жүзеге асыру және даму үрдістеріне қатысты мәселе «ерекше өткір тұрғанын» атап өтті.
– Мәдениет министрлігіне азаматтардан концерттің төмен сапасына, оны ұйымдастырушылардың жауапсыздығына, орындалатын шығармалар сапасының нашарлығына және әнші-әртістердің теріс мінез-құлқына қатысты шағымдар жиі түседі. Танымал әртістердің қатысуымен болған жанжалды оқиғалар қоғамда үлкен дау тудырады. Атап айтқанда, бұл 2022 жылғы мамырда «Ирина Кайратовна» шығармашылық ұжымының, Shiza және Нурик Смит әншілерінің қатысуымен өткен концерттегі оқиғаларға қатысты. Бұдан бұрын Павлодардағы концерт кезінде Төрағали Төреәлінің қатысуымен болған оқиға да қоғамның теріс пікірінің дауылын туғызды, – делінген министрлік талдауында.
Пікір білдірген қазақстандықтар мемлекеттен шоу-бизнесті ретке келтіруді, оның өкілдерінің көргенсіз қылықтарын тыюды талап етті. Құзырлы органдарды тиісті бақылау жасамайтыны үшін сынға алды. Алайда министрліктің түсіндіруінше, заңнамада әртістердің сахнада өзін бейәдеп ұстағаны, боғауыз сөйлегені, мас күйде шыққаны үшін ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Бұл үшін ұйымдастырушылар да жаза тартпайды. Жаңа заң бұл олқылықты ішінара болса да, түземек.
Ел Президентінің 2022 жылғы 22 маусымдағы тапсырмасын орындау және халық арасында әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін әзірленіп жатқан жаңа заң жобасы Әкімшілік кодекске түзетулер енгізеді. Оған сәйкес, егер әнші, әртіс ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында көрермендермен қарым-қатынас кезінде нормативтік емес лексиканы қолданса, алкогольдік ішімдіктерді ішсе, алкогольдік, есірткілік масаң күйде болса, сондай-ақ психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының әсерінен болатын есірік мінез-құлық танытса, онда жеке тұлғаларға – 150 АЕК (биыл 459 450 теңге) айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде теріс қылығын қайталаса, жазасы 250 АЕК-ке (765 750 теңгеге) дейін өседі.
Осы аталған бұзушылықтарға жол берген ұйымдастырушыға: жеке тұлға болса – 150 АЕК, заңды тұлғаларға – 750 АЕК айыппұлмен жазаланады. Егер бір жылда қайтадан жол беріп қойса, жеке тұлғалардың жазасы – 200 АЕК-ке, заңды тұлғалардыкі 1 мың айлық есептiк көрсеткiшке (3 063 000 теңгеге) дейін ұлғаяды.
Мәдениеттанушы Қ.Елубай бір концерт үшін 10-15 мың доллар (7,5 млн теңге) қаламақы алатын әншілер үшін 460 мың теңгені төлеп тастау түкке тұрмайтынын, тек қа-мауға алса ғана сабасына түсетінін айтады. Сарапшылар министрлікке айыппұл сомасын арттырып, оның көлемін ұйымдастырушылардың концертті өткізуден табатын табысына немесе той, концерт, ивентке қатысқаны үшін әртістердің алатын қаламақы мөлшеріне тең етуді ұсынды. Яғни, мас күйде келсе, табысынан қағылады. Сонда есі кірер еді. Бірақ бұл ұсынысты министрлік қолдамады. Ұйымдастырушылар да, әнші-әртістер де гонорарын жасырады. Тегін қатыстым дей салады. Онда жаза да болмайды.
Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті басқармасының бас сарапшысы Мадияр Тілебалдиннің айтуынша, осы аталған әрекеттердің бәрі де әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады.
– Сондықтан біз осындай бұзушылықтар үшін кодексте жеке және заңды тұлғаларға қарастырылған ең жоғарғы жазаның бірін алып отырмыз. Одан көп айыппұл салу көзделмеген. Егер Парламент болашақта кодекстегі жоғарғы айыппұл сомаларын көтерсе, мұнда да көтеруге болады. Егер әнші заңды бір жылда бірнеше рет бұзса, әрқайсысы үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Ол үшін ұйымдастырушы да жазаланады, – деді Мадияр Тілебалдин.
Қайта-қайта жазалану ұйымдастырушыларды мезі етері сөзсіз. Демек, олар жанжалшыл әртістерден іргесін аулақ салады деген үміт бар.
Нұр БАҚЫТ